Алдымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Хорватия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, ол туралы баяндаманы Қаржы министрі Әлихан Смайылов жасады. Оның айтуы бойынша, заң жобасы салық салуға қатысты екіжақты ақпараттар алмасуды нығайтады, ортақ тәртіптерді белгілейді және салықтық дауларды шешуге ықпал етеді. Соңғы жылдары екі елдің арасындағы тауар айналымы ұлғайып келе жатқандықтан, бұл келісімнің мәні арта түскен, сондықтан оны ратификациялаудың маңызы зор. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 318 млн АҚШ доллары көлеміне жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 9 есеге артық. Қазақстаннан экспортқа шығарылатын өнімдердің 90 пайызы отын-энергетикалық, химия өнеркәсібі және т.б. салалардың өнімдеріне тиесілі.
Депутаттар заң жобасын қолдайтындарын білдіре отырып, бірнеше мәселені анықтау үшін сұрақтар қойды. Соның ішінде депутат Амангелді Дәуренбаев осындай келісімнің 53 елмен жасалып, енді 54-ші елмен де іске асып отырғанын еске сала келіп, олардың Қазақстан экономикасының дамуына қаншалықты әсері барын сұрады. Бұл мәселеге қатысты министр келісімдер бизнес-ахуалды жақсартатынын, инвестициялар тартуды арттыратынын айтты. «Қазір осындай келісім жасалған 53 елдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы барлық инвестицияның 82 пайызын құрап отыр», деді ол. Депутат Петр Шарапаев біздің елде жеке табыс салығы 15 пайыз болғанда Хорватияда ол 45 пайызға дейін жететінін айта келіп, осының қалай үйлесетінін сұрады. Оған министр табыс қай елде алынса, сол елдің мөлшерімен салық салынатынын жеткізді. Депутат Сапар Ахметов дивидендтерге салынатын салық көлемінің әртүрлілігіне назар аударды. Егер дивиденд таза пайданың 25 пайызына дейін төленсе, онда салық көлемі 5 пайызға, ал 25 пайыздан артық болса салық 10 пайызға дейін жоғарылауының себебі не деп сұрады ол. Оған министр бұл инвестициялық салымдарды ынталандырудың бір әдісі екенін айтты. Демек, таза пайданың көп бөлігі дивидендке төленбей, экономикаға салынатын болса, салық та төмен болады екен.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Екатерина Никитинская жасағаннан кейін шағын талқылау болып, заң жобасы мақұлданды.
Жалпы отырыста қаралған екінші мәселе «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанға тікелей инвестициялар салуды жүзеге асыратын Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры кірісінің жекелеген түрлерін салық салудан босату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл туралы баяндаманы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жасады. Келісімге 2016 жылдың желтоқсан айында қол қойылған. «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясы мен Қытайдың «Жібек жолы» қорларының арасында бірлескен жобаларды инвестициялауға капиталдандыруы 2 миллиард доллар болатын қор құрылған. Осы қор арқылы Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ынталандыру мақсатымен аталмыш келісім жасалған.
«Қытайдың «Жібек жолы» қоры Астана қор биржасының жарғылық капиталына да кірген (5%). Жалпы капиталдандыру сомасы 55 млрд АҚШ долларын құрайтын «Жібек жолы» қоры – көлемі жағынан Қытайдағы ең ірі қор. «Жібек жолы» қорының Астана халықаралық қаржы орталығы биржасына акционер ретінде қатысуы Қытайдан ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін болады. Қазақстан аумағындағы жобалардың негізгі капиталына салынатын инвестиция көлемі үлкен болатыны ескеріліп отыр. Сондықтан қордың қызметіне қойылатын негізгі талаптардың бірі – дивидендтерге салынатын салықтан босату», деді министр.
Баяндама аяқталған соң депутаттар бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде депутат Абай Тасболатов қордың Қазақстан экономикасының қандай салаларына инвестиция құятынын сұрады. Министр бұл мәселе бойынша негізінен өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымға инвестиция тартылатынын айтты. Қазірдің өзінде бірнеше жоба қаралып жатқаны жеткізілді. Депутат Артур Платонов жобаларды сарапқа салатын мамандар қай елден тартылатынын сұрады. Оған министр қазақстандық мамандар, сонымен бірге қордың өзінің қалауымен Қытай жағынан да эксперттердің тартылатынын айтты. Ал депутат Зәуреш Аманжолованың Қазақстаннан Қытай экономикасына инвестиция салып, жобаларды іске асырып жатқан компаниялар бар ма деген сұрағына Ж.Қасымбек «Райымбек ФУД» фирмасының Қытайда шырындар шығаратын жобаны қолға алғанын, ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы терминал салғанын жеткізді.
Осындай сұрақтардан кейін заң жобасы талқыланып, бірауыздан мақұлданды.
Сонымен бірге жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» конституциялық заңның жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңының жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»