Сөз басын биылғы жылды қорытындылаумен бастаған Үкімет басшысы жыл басынан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енгенін, кедендік алымдар кезінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін таяуда қабылданған жаңа Кеден кодексінің жұмыс істеп жатқанын, халықаралық сауданы дамыту үшін кедендік инфрақұрылымның жақсартылғанын, Кәсіпкерлік кодексіне жүйелі өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 89 мың шағын және орта бизнес субъектілеріне салық амнистиясын жариялау, нақтырақ айтар болсақ, өсімақы мен айыппұлдарды сызып тастау туралы шешім қабылданғанын, салықтық заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды күшейту мәселелерінің де қаралып жатқанын айтты. Жалпы, соңғы жылдары Үкіметтің «Атамекен» палатасымен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде бизнеске бақылау-қадағалаудың төмендегені анық. Бизнеске мұндай еркіндіктер беруде экономиканы цифрландырудың үлесі орасан екенін мәлімдеген Үкімет басшысы қазақстандық кәсіпкерлердің экспорт географиясын кеңейту мәселесіне де тоқталды.
«Қазір барлық нарық ашылып жатыр. Әсіресе Қытайдың үлкен нарығын ерекше атап өткен жөн. Қытай үкіметі тарапынан да ұсыныстар болды. Қытайлық әріптестеріміз бізбен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өнімдерді үшінші елдерге сатуға құлшынып отыр. Бұл дегеніміз – отандық кәсіпкерлер қытайлық әріптестерімен бірлесіп, Қытай арқылы Оңтүстік Азияға шыға алады. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланамыз деп үміттенемін», деді Б.Сағынтаев. Премьер-Министрдің пікірінше, бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер біраз өнімдерін Қытайдың өзіне тасымалдай алмайды. Дегенмен, тауарларды осы мемлекет арқылы Оңтүстік Азияға шығаруға әбден болады.
Сонымен қатар Б.Сағынтаев әлемде сауданың электронды форматқа ауысып жатқанын айта келіп, Қазақстан да бұл секторды дамыту үшін Астана қаржы орталығы мен Астана хабтың жұмысын бастағанын айтты. Нәтижесінде, қазірдің өзінде жаңадан ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылуда.
Кәсіпкерлермен кездесе отырып, Үкімет басшысы бюджеттен шағын несиелеуге берілген қаражаттың игерілмей жатқанын да назардан тыс қалдырмады. «Аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаражат сұранысқа ие емес. Кей жерлерде жақсы жолға қойылғанымен, кей қалалар тіпті игермей жатыр», деген Б.Сағынтаев шағын несие игерілмей жатқан өңірлердің бірі ретінде Түркістан облысын атады. Қаражаттың игерілмей қалуына бірінші кезекте жергілікті әкімдіктер айыпты десек, кей мәселелерде атқарушы биліктің берген мүмкіндігін кәсіпкерлердің де пайдаланбай отырған кездері бар екен. Мәселен, Үкімет басшысы арнайы экономикалық аймақтардағы (АЭА) жеңілдіктерді кәсіпкерлердің өз игіліктеріне жаратпай отырғанын сынады. «Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтардың бар екенін айттық. Бірақ статистика бойынша бұл аймақтар дұрыс толмай жатыр. Барлық инфрақұрылым мен жағдай жасалған, бірақ кәсіпкерлердің қызығушылықтары жоқ», деген Үкімет басшысы мәселенің себебін анықтау керегін айта келіп, «Атамекен» ҰКП-ның осы туралы терең сараптама жасар жөні бар екенін айтты.
Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, палата бастамасымен соңғы жылдар ішінде бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында рұқсат беру саны 72 пайызға, талаптар саны 58 пайызға азайтылып, нәтижесінде бизнестің бір жолғы шығындары 600 млрд теңгеге төмендетіліп, бизнес жыл сайын 5,5 млрд теңге үнемдейтін болды. Ал заңнаманы ізгілендіру мақсатындағы бастамалар нәтижесінде 2016 жылы республика бойынша 320 мың кәсіпкер жауапкершілікке тартылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш әзірге 200 мыңның айналасында болып отыр.
Келер жылға жоспар ретінде кәсіпкерлер палатасы жеті өңірлік негізгі бастаманы мақсат етіп отыр. Атап айтар болсақ, ақпаратқа онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету; толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын құру мен дамыту; шағын индустриялық аймақтарды құру мен дамыту; сауда жасауға бос алаңдар бөлу; кеңес беру-ақылдасу органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету; мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамтуды арттыру және өңірлік даму институттарының рөлін күшейту.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»