Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Қайрат Мәми: Өркениеттің бір қазығы – Ұлы дала

1078 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қайрат Мәми: Өркениеттің бір қазығы – Ұлы дала

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты стра­тегиялық мақаласы бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу, әрбір қазақ­стандықтың тілінің ұшында. Ел тарихын тереңнен тануға, оны әлемге кеңінен танытуда Елбасымыз ұрпаққа ұлағат болар кемел ойлы бірнеше сүбелі мақала жазды. «Ұлы даланың жеті қыры» соның жалғасы. Жай ғана жалғасы емес, тарихымызды танып-білуде елдің ой-санасын одан әрі дамыта түскен талғамы терең ең­бек. Бүгінде реті­мен жүргізіліп жат­қан «Рухани жаңғыру» процесінің заңды жалғасы − бағдарламалық тұжырымы.

Араб халқының «Тарихты білу – білімділіктің белгісі, әдебиетті білу – мәдениеттіліктің белгісі» деген даналық сөзі бар. Елбасы өзі­нің мақаласының бас жағында әлем­дік тарихты тиянақты әрі нақты білуді меңзеп: «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтардан емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» деп көрсетеді. Елбасының бұл сөзінде бүгінгі ұрпақ өзінің төл тарихын тереңнен білсе, білімді болса екен деген үлкен емеурін жатыр.

Бұдан төрт жылдан астам уақыт бұрын ұлтымызға ұя болған Ұлы­тау төрін­дегі Әулиетау баура­йында берген сұхбатында Елбасы мем­лекетіміз­дің түп-тамыры сонау ғұн, үйсін, Түркі дәуі­рінен басталғанын, ол әлем таны­ған Алтын Орда қаға­натына ұласқа­нын айта келіп, Қазақ хандығы өз еншісін осы мем­лекеттен алғанын қадап айтқан еді. 

Президент бұл жолғы мақала­сында Ұлы даланың ұмытылмас белгілері туралы өте ұғынықты, қазақтың өзімен мыңдаған жылдар бойы бірге жасап келе жатқан ұлттық брендтеріміз туралы дәйегі мықты ой-толғамдарын халықпен бөлісіп отыр. Бәрімізді ұлт болып ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қазақтың тарихын әлемге ұялмай танытатын алтын жауһарлар мен шынайы деректерді насихаттай білуге шақырып отыр. Заманауи тарихтан ойып тұрып орнын алатын, әлі де болса әлемге танылуға тиісті дерек-айғақтарды ғылыми негізде дәйектеу керектігін айтып отыр. Өз мақаласында Елбасы ол үшін атқарылатын жұмыстардың да жобасын тиянақтап берді. 

Жақында ғана еліміздің тарихи мұрасына ерекше бір жазба ескерткіш келіп қосылды. Ол – бүкіл әлемге белгілі Шыңғыс хан құрған алып империя және сол дәуірдегі өзге мемлекеттердің ахуалы туралы анық фактілерге негізделген, аса құнды еңбек – Рашид ад-диннің «Жамиғ-ат-тауарих» атты бес том­дық кітабының аудармасы. Әйгі­лі шығыстанушы ғалым, академик В.Бартольд Рашид ад-диннің бұл еңбегіне: «Тарихи энциклопедиялық мұндай еңбектер орта ғасырларда әлем­нің ешбір халқында, Азияда да, Еуропада да болған жоқ» деп ерекше баға берген.

Сол Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауари­х­ында» қазіргі Қазақстан орналас­қан аумақты «Мәуренаһр, Түркістан, Дешті Қыпшақ» деп жалпылама атап көрсеткен. Алтайдан Еділге дейінгі алты айшылық жерді алып жатқан сол ұлан-ғайыр өлке бертін келе Түркі-мұғул жұртының ту тіккен ордалы өңіріне айналды. Бүгінде өз алдына жеке мемлекет болып отырған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұрт­стан, ертедегі Хажы-Тархан, Ноғай, Қазан, Сібір, Қырым хандықтары бәрі де Алтын Орда қағанаты құрамынан шыққан үлкен елдер.

Алтын Орда мемлекетінің қазіргі бірден бір мұрагері – Қазақстан Рес­пуб­ликасы. Бұл – көптеген тарихи еңбек­терде дәлелденіп жазылған, ғылыми негізі, бұлтартпас дерегі анық тұжырым. 

Рашид ад-дин өзінің жазбаларында «Түркі-мұғулдар» деген тір­кес­терді бө­ле-жармай қатар қол­дан­ған. Елба­сы айт­қандай «қазақ­тың кейбір ру-тайпа­лары­ның атаулары «қазақ» этнонимінен талай ға­сыр бұрын белгілі болғанын» осы «Жамиғ ат-тауарихтан» көруге болады. 

Елбасы ғылымға негізделген тари­хи сана қалыптаспай, Отанын сүйер азамат, елін сүйер ер болмайты­нын айтты. Мыңдаған этнос жаяу жүргенде, бабаларымыздың ат үйретіп, алтыннан сауыт киіп, үзең­гіде шіреніп жер жаһанды жүйт­кіп өтуі, кейінгі бу машинасын, оқпен атылатын қару ойлап табу үрдісімен парапар еді. 

Үзеңгі, ауыздық пен тағаны арис­­тократтық рухты бабалары­мыз­дың әлем кеңістігіне апарған өр­кениет сегменті екеніне ешкім дау айт­пайды, ол да біздің әлем таныған бір қырымыз, оған қосқан үлесіміз. Атақты құқық тарихын зерттеуші Г.Дж.Берманның еңбегінде «әскери салт атты... рыцарлар Еуропа тарихында зор рөл атқарды, деп жазып келіп, «Важную роль, видимо сыграло также заимствование стремени и подковы у евразийских племен Востока» деп көрсеткен. Көңілге толатын нәрсе қазіргі уақытта бұл саланы өз мамандары жан-жақты зерделеп жатыр.

«Ұлы даланың жеті қыры» жа­рия­ланғаннан бері қызу талқыға түсіп жатқанын жоғарыда айтып өттік. Сол көп пікірдің ішінде бабаларымыздан қалған күй өнерін, биік рухын, тағы бас­қаны ұлықтау қажеттігіне тоқ­тал­ғандар бар.

Иә, әлем өркениеті алдында сүй­сі­не мақтанатын, көнеден жеткен бас­қа да жәдігерлеріміз баршылық. Мы­салы, қазақтың домбырасы мен киіз үйі. Бүгінде бұл мұраларымыз адамзаттың ең керемет он жәдігері, жетістігі есебінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енген.

Қаза берсек жеті емес, жетпіс қыры­мыз бар, бірақ соның Хан­тәңіріндей биігі жетеу, қазақ жетіні кие санайды, соған тоқт­ап Елбасы айқындаған жеті қазы­на­­мызды елге паш етіп, жаңарған Ота­ны­­мыздың ұл-қызына тұмардай ұстат­ып, рухани бағдар етіп беру парызымыз.

Елбасы өз мақаласында, «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек... Ең бастысы біз нақты ғылыми дерек­терге сүйене отырып, жаhандық та­рих­­тағы өз рөлімізді байыппен әрі дұ­рыс пайымдауға тиіспіз», деп көр­сетіп, бізге өз болмысымызды, әр са­ланы жете, нақты саралауға бағыт сілтеді. 
Президент «Бұл тарихқа деген дұрыс ұстаным сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңі­ліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туғызады» деп бізді кең ой­лауға, дұрыс пікір қорытуға жете­лейді. Бар­ша жауһарларымыздың алтын дің­гегі болып Елбасы айқындап бер­г­ен материалдық мәдени жеті қазы­на­мыз осылай терең зерттеле бермек. 

Осы тұрғыда Еуразияның са­йын даласында ғұмыр кешкен баба­ларымыздың әлем кеңістігіне ұсын­ған теңдессіз мате­риал­дық емес үлестері не еді деген сұрақ туады.

Әрине оның бірегейі би hәм билік институты. Даралап жазар болсақ, осы Ұлы далада пайда болған билер институты, дауды әділ шешу, ар тазалығы ұстанымы әділдіктің ғажап формасы. Орыс­тың белгілі этнограф-тарихшысы А.И.Левшин жазатын «Әділдіктің алтын ғасыры орнаған заман – осы билер соты» кезінде болған. Ал сол билер сотының әлем юридикциясына оң әсері болды ма деген сұраққа тоқталсақ. Еуропада жаза ретінде «талион» ұстанымы, яғни өлімге – өлім, көзге – көз, тіске – тіс деп кек қайтарудың ең анайы түрлері қол­данылған уақыт­та, Атилла патша бастап күн­дей күркіреген ғұндар барған соң Еуропа заңдарына «құн төлеу» жүйесі кіргізілді. Қылмыс жазасын құн­мен, айыппен өтеу инс­титуты қо­лда­ныла бастады деп мойын­дайды. Жоғарыда айтылған құқық зерттеуші Г.Дж.Берман өзінің «Западная традиция права; эпоха формирования» атты әлемге әйгілі кітабында «та­лион­ның» басқа жүйеге көшуі, тікелей көшпелілер мәдениетінің ық­палы екенін жазады. Х ғасырда Киев Русінің бірінші заңы «Русская правданың» екі редакциясында да санкция түрінде тек құн термині қолданылып, «обиду платите ему 60 кун» деген сияқты тайға таңба басқандай нормалар жазылған. Бұл ата-бабаларымыз ертеден қолданып келе жатқан гуманды жаза түрлерінің басқа жүйеге еткен тікелей ықпалы екенін насихаттауымыз қажет. 

Батыс елдерінде бүгінде кеңінен орын алған − екі жақты тең жарыс­тырып, қатаң заңға ғана тәуелді болып қалмай, билік шығаратын − англо-саксондық сот жүйесі бас­тауын көшпелі өркениеттің билер сотының сілемінен алатынын шетел ғалымдары көптен ашық айтуда. Бұл да Ұлы даланың әлем қазы­насына қосқан зор үлесі. 

Шығыс Еуропа елдерінде негіз­гі заң есебінде қолданылып кел­ген, көлемі жағынан аса зор, армян әрпімен 1519-1689 жылдарда жа­зыл­ған төрелер жинағы – іс жүргізу кодексі қыпшақтың заң ескерткіші болғанын да біреу білсе, біреу біле бермейді. Ғылымда «Кодекс куманикус» атымен белгілі құқықтық жәдігер, өз уақытындағы ең озық қолданбалы заңдар жинағы бол­ды. Осы ескерткіште «төре біті­гі», «төрелер жинағы» ұғымы билік сөзінің баламасы ретінде, кейі­н­нен Алтын Орда дәуірінің жин­ақы аты болып қазақи «төре» тер­мині қалыптасты. Қазақтардың арби­траждық сотты – төре соты, дауды шешуді төрелік жасау немесе қо­нағына, сыйлы адамына төр­ге шы­ғың­ыз деуі, билік, биіктік дәс­түрі­нің осы далада, өз Отанында әлі де фраг­ментті көрініс табуының дәлелі.

Иә, біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін дүние жүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптей білуіміз керек. Жаңаша ұғым, жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек.

Жеті атамызды білгендей, жеті қырды меңгерсек, Елбасының маңына топтасып, алар асуларымызды, жетер жетістіктерімізді дәл межелесек, өркениет тізімінен өзіміздің лайықты орнымызды аларымыз сөзсіз.

Қайрат МӘМИ,

Конституциялық Кеңес Төрағасы