13 Желтоқсан, 2018

Ең әдемі киім – ұлттық киім

5596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2018 жылғы қараша айында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына сүйене отырып, біршама деректермен ой түйсем деймін.

Ең әдемі киім – ұлттық киім

Адамзаттың арғы тарихынан, Адам ата мен Хауа ана заманынан бері адам баласы тіршілік етіп ұрпақ жалғастыру үшін табиғаттың тылсым күштерінің сан алуан сындарына қарсы күрес жүргізу арқылы ұзақ та күрделі даму сатыларынан өтті. Адамзаттың тірі қалу жолындағы күресі бүгінде үлкен бір өнерге айналып отыр.

Кеңістік барлық заттың өлшемі болса, уақыт – әртүрлі кезеңдегі болған оқиғалардың өлшемі. Осы кеңістік пен уақыт қосылғанда ұлттық тарих басталады деген тәмсіл бар. Ал қазақстандықтар үшін Қазақстан тарихын терең зерттеу және оны дұрыс түсіну − басты мәселенің бірі. Ол үшін барлық деректер баршылық.

Адамзат палеолит кезеңінде тігіс­сіз киімдерді пайдаланса, неолитте, яғни өсімдіктерді өру, иіру, тоқу кәсі­­бін меңгергеннен кейін иықтан, мо­йын­нан киілетін киім түрлері пайда болды. Мысалы, үнділер сари, шалма кисе, римдіктер тога, ежелгі гректер гима­тий киді. Өткен ғасырларда киім мау­сым ауысуы­на, ыстық пен суықтың ал­масуы­на байланысты болса, уақыт өте келе адам­дардың жас айырмашылығына, жы­ны­сына, әлеуметтік дәрежесі мен өмір сүру ор­та­сына, діни сенімдеріне байланысты қа­лып­тасып дамыды.

«Ең әдемі киім – ұлттық киім» деген екен ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем емес. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сияпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш белгі ретінде жүрген. Ат, шапан сыйлау құрметтеудің көрінісі саналады.

«Заттың құны жылтырында емес, сапасында» демекші, қазақ ұлттық киім­дері тек табиғи таза материалдардан: аң терілерінен, жүннен, киізден, был­ға­ры­дан және матадан тігілген. Жал­пы­­сын­да, қазақ халқының қолөнері − көне заман­мен бірге дамып, біте қай­на­сып келе жатқан бай қазына. Оның басты са­ла­ларының бірі – киім тігу. Қазақ халқының ұлттық киімдері қол­өнер­дің озық үлгісі ретінде ғана емес, дала жағдайына ыңғай­ланған сан алуан әше­кей­лерімен, ою-өрнектерімен ерекшеленеді.

Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күн­делікті гардеробымызды ұлттық үлгі­де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на пат­риоттық сезім ұялатуға болады. Отан­дық өндірісті қолдай отырып, эко­логия­л­ық таза материалдан бірта­лай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мыс­алы, мектеп оқу­шы­лары, студенттер және мемлекеттік қыз­мет­шілердің кос­тюмдері мен галстуктары­на қазақтың ұлт­тық эле­мент­терін салып күнделікті жұ­мыс­қа кисе несі айып?! Шетелдерге өзі­міз­дің ұлттық эле­мент­тері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экс­порт­қа шығаруға барлық күш-қуаты­мызды салсақ жөн.

Абайдың айтуынша, «киім кию салты ар­­­қы­­лы адамның мінез-құлқы, қоғам­дағы ор­­­ны, болмысы анықталады», сон­дық­тан елі­­­міз­­­дің жастары сәнді және әдемі киін­се, олар­­дың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.

 

Нұргүл ІЗБАСАРОВА