Төтенше комитет бүкіл КСРО аумағында темірдей тәртіп орнатып, қоғамдық қозғалыс атаулыға тыйым салатынын мәлімдеді. Аласапыран күндерде заңсыз, кездейсоқ құрылған үкіметтік құрылым – төтенше комитеттің билігін жекелеген республика басшылары мойындамайтындықтарын ашық айтты. Солардың бірі Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Ол оқыс оқиғаның ертеңіне, яғни 20 тамыз күні республика халқына арнау сөз сөйлеп ТЖМҚ-ның мемлекеттік билікке бір бүйірден жармасқан әуелгі әрекеттерін қолдамайтынын, мұның қолданыстағы Конституция қағидаттарына қайшы әрі қиғаш екенін мәлімдеді. Қалай дегенде де небәрі үш күнге созылған төтенше комитет КСРО-ның дәурені өтіп, демі таусыла бастағанын аңғартып кеткен еді. Осы оқиғадан кейін тұйық судай іріп-шіріп, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңес Одағы аумағында азаттық ұраны анық айтыла бастады. Тіпті Горбачев шұғыл Мәскеуге оралып, билік тағына қайта жайғасқанымен алдын ала белгіленген одақтық келісімшарт жасалынбай қалды. Жыртыққа жамау салып, құрыққа сырық жалғауға тиісті Новоогарев келісімі де жөргегінде тұншықты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырап, айықпас дертке душар болғанын дер кезінде аңғарған Қазақ КСР-нің Президенті Н.Назарбаев елдің егемендігі мен шаруашылықты өз бетінше жүргізу еркіне негіз қалайтын Жарлықтарға қол қойды. Оның қатарында – «Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру туралы», «Семей ядролық полигонын жабу туралы» және «Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы» ресми құжаттар бар еді. 1991 жылы 23 тамызда республика басшысы Н.Назарбаев КОКП орталық комитетінің саяси бюро мүшелігінен өз ықтиярымен бас тартты. Сол жылдың 7 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен партияның съезінде Қазақстан компартиясын тарату туралы шешім шықты. Бұл ғасырлар бойы еркіндігін аңсап, дербестігіне талпынған еліміздің ертеңі таразы басында тұрған алмағайып шақ, шешуші кезең еді. Осы тұста орталық басылым беттерінде «Егемендіктің елірме шеруі басталды» деген одақтас республикалардағы өзгерістерді кекетіп-мұқататын материалдар шығып жатты. Айтып-айтпай не керек, Одақтың күйі кетіп, бағы тая бастағаны анық еді. Мұны ойы озық орыс зиялылары да айта бастады.
Сөйтіп 1991 жылдың 8 желтоқсанында Ресей, Украина және Беларусь басшылары Минск түбіндегі Беловеж нуында оңаша бас қосып, 1922 жылғы КСРО-ны құру туралы келісімшарттың күшін жою жөніндегі құжатқа қол қойды. Сөйтіп олар 70 жылдан астам уақыт бойы әлемді қасаң идеологияның қыспағында ұстаған коммунистік-тоталитарлық режім тұяқ серпетін үкімді шығарды. Сол жылы 13 желтоқсанда Ашхабадта бас қосқан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан басшылары «Беловеж (Минск)» келісімін қолдайтындықтарын білдірді. Содан бір апта өткенде Балтық жағалауы елдерінен басқа бұрынғы одан құрамындағы 11 республика басшылары Алматыда бас қосып ТМД-ны құру әрі оның ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы халықаралық құқықтық актілерге қол қойды. Бұл бұған дейінгі саяси идеологияның бет-пердесін өзгерткен шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Міне, осылайша тежей тұруға келмейтін, кері бұрауға көнбейтін тарихтың тегершігі шыркөбелек айналып кеңестік кеңістіктегі өзге республикалар сияқты қазақ еліне де ізін салды. Ең әуелі Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі 1991 жылдың 16 қазанында қабылданған қаулы мен арнаулы заңның негізінде 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні бүкіл халықтық сайлау өткізілді. Сайлауда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып, өз ұлтының асыл қасиеттері мен данагөй болмысын бойына дарытқан сақи тұлға, қарымды қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланды. Ел қалауы, тарих таңдауы осындай болды. Мемлекет басшысы ант беріп, ел билігі тізгінін қолға алған күні, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес сессиясы ащы ішектей шұбатылған ресми атауынан «Кеңестік» және «Социалистік» деген сөздерді алып тастап «Қазақстан Республикасы» деп өзгертті.
Содан соң көп ұзамай бір аптаның бедерінде республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңын қабылдады. Дәл осы күні қазақ елі ешкімге кіріптар емес, дербес даму жолын таңдаған, шекарасы бөлінбейтін, зайырлы, унитарлық мемлекет құрғанын салтанатты түрде айдай әлемге жария етті. «Әрине, бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегінің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды. Азаттық дегеніміз – әлемдік тарих толқынында өзінің субъективтік құқығын сезінетін, яғни оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі». Біз шындықпен суарылған осынау сара сөздерді Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабынан келтіріп отырмыз. Ашығын айтқанда тәуелсіздігімізді кездейсоқтықтың жемісіндей, көктен салп ете қалған құттай көретіндер де жоқ емес. Алайда әлемдік әлеуметтанушылардың пайымдауынша кездейсоқ оқиғалардың өзі ғаламдық даму заңдылықтары мен қисынынан серпін алып жатады екен.
Түйіп айтқанда, осыдан 27 жыл бұрын қолымыз жеткен елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі төбеден топ ете қалған сый, оңайдан табылған олжа емес екені аян. Тәуелсіздік ғасырлар соқпағында «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың көксеген, аңсаған арманы еді. Елінің бүтіндігі мен жерінің тұтастығы үшін құрбан болған ата-бабаларымыздың аққан қаны мен төккен терінің өтеуі еді. Барша отандастарымыз тәуелсіздіктің киесін сыйлап, қасиетін ұғыну және қадірін білу арқылы тарих, ұлт пен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне алса, бұдан артық ғанибет болар ма екен. Еліміз егемендігін алып дербес даму жолына жаңа түскен уақыт ұмытыла қоймайтын шығар. Сол кезде Қазақ елі өз Президентімен бірге КСРО-дан мұраға қалған көл-көсір проблемаларды еңсеруге бел шеше кіріскен-ді.
Тәубе, бүгінгі күні мемлекеттік тәуелсіздігіміздің іргетасы беки түскені анық. Оны нығайту жолындағы сан түрлі кедергілер мен әлеуметтік аядағы мұқтаждықтар да еңсеріліп келеді. Республикада макроэкономикалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Мемлекетімізді барша әлемдік қоғамдастық мойындап, бізбен санасатын болды. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің басты тірегі – саяси тұрақтылық пен әлеуметтік татулық екенін ұдайы айтып келеді. Оны көздің қарашығындай сақтауға көңіл бөлсек, тәуелсіздігіміз соғұрлым тұғырлы бола түсетіні хақ.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе