13 Желтоқсан, 2018

Түрікменстанның вице-премьері: екі ел арасындағы әрекеттестіктің деңгейі жоғары

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Ашхабадта өткен ресми қабылдауда Түрікменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Мамметхан Чақыев сөз сөйледі. Ол Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің және ел үкіметінің атынан құттықтау лебізін білдірді.

Түрікменстанның вице-премьері: екі ел арасындағы әрекеттестіктің деңгейі жоғары

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өзара құрмет пен тең хақылы әріптестік принциптеріне сүйене отырып дамуда, ал этникалық, тілдік, рухани және мәдени жақындықтар екі ел халықтарының арасындағы байланыстардың негізгі құраушылары. Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты әрекеттестік деңгейінің жоғары екенін ризашылықпен атап өткім келеді. Жоғары деңгейдегі делегациялар сапарларымен тұрақты түрде алмасу осыған куә болып отыр», - деді түрікмен вице-премьері.

Екіжақты байланыстардағы орны ерекше сала ретінде М. Чақыев соңғы кездері маңызы артып келе жатқан транспорт пен коммуникацияны айтты. Бұл ретте ол 2014 жылы ашылған Қазақстан-Түрікменстан темір жолы арқылы тасымал көлемінің күннен-күнге артып келе жатқанын тілге тиек етті. «Сонымен қатар елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті ұлғайту үшін кең ауқымды потенциалды мүмкіндіктер бар. Осы себепті екі тарап экономиканың түрлі секторларында, оның ішінде отын-энергетика және көлік-коммуникация салаларында ынтымақтастықты өрістете түсуге ынта танытуда», - деп сөзін сабақтады М. Чақыев.

Қазақстанның Түрікменстандағы Елшісі Жандос Асанов Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуы, «Рухани жаңғыру», «5-20-25», «100 нақты қадам» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жайлы айтты.

«Қазақстан және Түрікменстан халықтарының көпғасырлық достығы елдеріміздің мәртебелі президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедовтің жеке достығының арқасында дамып келеді. 2017 жылы сәуірде Астанада Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылуы екіжақты ынтымақтастықтың потенциалының кеңеюіне кең мүмкіндіктер ашты», - Елші атап өтті.

Қазақстандық дипломат екіжақты байланыстардың өрбу тарихындағы маңызды межелеріне тоқталған кезінде мемлекеттік шекараның халықаралық-хұқықтық ресімделгенін, екі ел арасын жалғаған темір жол магистралінің ашылғанын, мәдени-гуманитарлық әрекеттестіктің нығая түскенін және Ашхабад қаласында биылғы жылдың 29-30 қарашасында Қазақстан мәдениет күндерінің табысты өткенін еске алды.