Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қоғамдастық таныған сыртқы саясатын құруда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде өлшеусіз еңбек етті. Елбасы «ХХІ ғасыр тоғысында» атты кітабында жазғанындай, егемендіктің елең-алаңында Қазақстанда сыртқы саясат қызметінің өзіндік бағыты болған жоқ еді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзіне тән лайықты дипломатиялық қызмет те атқарған жоқ. Сондықтан 1991 жылдың желтоқсан айында Сыртқы істер министрлігінің алдында халықаралық аренадағы қызметін мүлде жаңа бағытта құру міндеті тұрды.
Әрине бұл бағыттағы сындарлы қызметті ойдағыдай ұйымдастырып жүргізу оңай болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң басқа да салалар мен құрылымдар секілді сыртқы саясаттың негізін қалап, дипломатияны дамыту қажет болды. Ал сол кездегі шынайы жағдай өте қиын еді. Арғы ғасырларды айтпағанда, соңғы жетпіс жыл бойы Кеңес Одағының құрамында өмір кештік. Барлық елдік мәселелерді Мәскеу шешіп, қарапайым жол салу мен тұрғын үй тұрғызудың өзін солар арқылы жүзеге асырдық. Өзімізде ерік болмады. Қандай да бір реформаны жүзеге асыру үшін жоғарыдан рұқсат керек еді. Шынын айтқанда, елімізде өндірілген өз өнімдеріміздің бәрін солар ұқсатып, содан соң біз өз қаражатымызға сол дүниелерді сол кездегі Одақтың астанасында отырғандардың кабинетін жағалап жүріп, сұрап алатынбыз. Ешқандай егемендік те, еркіндік те болмады. Содан басымызға бақ қонып, ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік қолға тиді. Сөйтіп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дара да дана басшылығымен тәуелсіздікті іс жүзіне асыру жолына кірістік.
Әрине, кезінде КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде қызмет істегенім бекер болды деп айта алмаймын. Өйткені көптеген шетелдердің саясатымен және тәжірибелерімен таныстым. Әсіресе Еуропа елдері, оның ішінде Мажарстан, Польша, Болгария, Чехия және Румыния секілді елдерді жақсы білдім. Олар Кеңес Одағының блогына кірсе де, бас еркі өздерінде болды және өздерінің қаржылық қоры мен жеке әскерлері болды. Соған таңғалып, осылардай болсақ қой деп ойлайтынмын. Бір күні мені Президент Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып: «Сіз Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі болыңыз. Сыртқы саясатымызды аяққа тұрғызып, еліміздің тұғырын биіктетейік!», деді. Міне, содан кейін қызу жұмыс басталды. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары өте қиын болды. Неге десеңіз, ол кезде көпшілік шет тілін білмейтін, маман аз. Мәселен, мен сол кезде Сыртқы істер министрі болсам да, көмекшім болмады. Қазір бұған біреу сенер, біреу сенбес, бірақ ақиқаты – осы. Тіпті Президентпен бірге шетелге шыққанда сарапшы ретінде жүресің. Көпшіліктің өзін айтпағанда, көптеген министрлер тілді білмейді. Бәрін өзім аударуға тура келеді.
Толып жатқан құжаттарды сараптайсың. Сонда Сыртқы істер министрлігінде бар-жоғы он адам ғана қызмет етті. Алайда атқарған қызметіміздің сапасында үлкен кемшілік болған жоқ.
Елбасымыздың сол тұста аса көрегенділікпен жүргізген сындарлы саясатының арқасында, қандай қиыншылықтар кездессін, қызметіміз оңға басты.
Мен елдің экономикасын жандандыру үшін сыртқы саясат мүлтіксіз дұрыс жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Міне, осы орайда біздің міндетіміз – елдің дамуына, өркендеуіне жағдай туғызу болды. Ең алдымен елге инвесторларды тарту үшін жағдай жасауымыз қажет. Шет мемлекеттерге барып, саяси, экономикалық тұрғыдан байланыстарымызды бекітуге күш салдық. Сол атқарған жұмыстар текке кетпеді. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бері елімізге миллиардтаған доллар көлемінде инвестиция құйылды.
Тәуелсіздік алған бойда біз алдымен Үндістан мен Пәкістанға аттандық. Олар – өзара бәсекелес елдер. Бірақ «қазақ Президенті келді» деп бізді жақсы қарсы алды. Ол кезде экономикалық жағынан қуаты айтарлықтай бұл елдер бізге жақсы жәрдемдесті. Одан кейін іле-шала Америка Құрама Штаттарына жол тарттық. Онда «Теңіз» мұнай кен орнына байланысты құжаттарға қол қойдық. Ең бірінші қазақ жеріне келген шетелдік мұнай компаниясы «Шеврон» болды. Одан кейін басқа да мұнай компаниялары, оның ішінде Германия, Қытай, Ұлыбритания, Италия елдерінің алпауыттары келді. Сол кезде осы істерді жүргізбесек, бұлай болмас еді.
Әрине, сол қиын кездегі аталған игілікті істердің бастауында Президент тұрғаны белгілі. Барлық сапарларға бізді Президенттің өзі бастап барады.
Оның келіссөз жүргізу шеберлігі қандай?! Көреген, білікті, өте парасатты саясаткер ғой. Елдегі саяси жағдайды, экономикалық тұстарды өте жақсы білді. Соның арқасында барлық жерде кездесулер, жүздесулер сәтті шешімін табады. АҚШ астанасы Вашингтонда да, үлкен қаласы Нью-Йоркте да кездесулер жүргіздік. Кейін Канадаға барып, одан соң бүкіл Еуропаны шарлап шықтық.
Елге инвестиция тарту мақсатында Қытай, Малайзия, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері т.б. елдерге жол түсті. Президенттің абырой-беделі мен іскерлігінің арқасында ғана шетелдік инвесторларды тарта білдік. Олар біздің Президентімізді құрметтеп елге келді. Алғашқы алты айда тәуелсіздігімізді 50 мемлекет таныды. Егер де сыртқы саясатымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай ерен еңбегі болмағанда, расын айту керек, біз мұндай орасан жетістіктерге қол жеткізе алмас едік. Енді қазір Қазақстан десең, Назарбаев десең, бәрі біледі, «О, Назарбаев!» деп құрмет көрсетіп жатады.
Бұл – сөзсіз нағыз еңбектің нәтижесі. Бүгінгі осы бағыттағы қол жеткізген жетістіктерді «Назарбаев моделі» деп айтуға әбден болады. Алғашқы кезде елдегі мемлекеттік қызметті жетілдіруде Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея секілді дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйендік. Қазіргі таңда «Сингапурлық модель» әлемге танылған. Мемлекеттің тұрақты дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің рөлі зор. Барлық жағынан халықаралық стандарттарға сай қызмет істеген жөн. Алдымен елдің, халықтың қамын ойлау керек. Біз сол межеге жеттік.
Бүгінде көп жас «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатыр. Міне, осы жастар біз салған ізбен ел тәуелсіздігін одан әрі баянды ете береді деп сенемін.
Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасының 1991-1994 жылдардағы Сыртқы істер министрі