Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Азаттықтың тірегі – ар-намыс

393 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық мереке тұсында елдің өткеніне бір көз салып, тарих қатпарларындағы жылнамаларға, оқиғаларға шолу жасай отырып, «біз осындай болғанбыз» деген мақтаныш сезім бойыңды билеп, мерейленетін тұстарың болады. Әуелі байырғы дәуірлер түгілі, «жылдам хабар алғызған» жаңа заманның өзінде адам біткенді арбап алатын Ұлы даланың алыптығына, соны ұрпағынан ұрпағына аманаттаған бабалардың жанқиярлық ерлігіне, алғырлығына, жер мәселесіне келгенде ешқандай бітімге барыспайтын өлермендігіне разы боласың. 

Азаттықтың тірегі – ар-намыс

Қазақ қазақ болғалы ұлы даланы еркін жүріп, кең жайлап, талай-талай ел басына құт орнаған күндерді, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңді бастан өткізді. Төрткүл дүние жұрты армандаған алып аумақта өмір сүріп, өркениет олжасына айналған дүниелерді, жаңалықтарды өмірге әкелді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бұл жетіс­тіктер жан-жақты баяндалады емес пе. «Жылқыны қолға үйрету арқылы бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқы­сыз үстемдікке ие болды». Сондай-ақ «метал­мен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан бал­қы­малар жасаудың және құймалар құю­дың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген». Ұлы даладан өріс алған осындай бас­таулар рухыңды асқақтататын, қазақ үшін мақтанатын өркениетке қосылған ерекше қолтаңба.

Елбасының «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп қабылдай білуіміз керек» дегеніндей, қазақ тарихында «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұла­ма» тәрізді бастан кешкен, «елім-ай­ла­ған» ауыр кезеңдер де аз болған жоқ-ты. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқан­­дай, қазақ тарих сахнасына келгелі бері «мың өліп, мың тірілген» халық. Осы­ны ойлағанда, азаттық үшін 260 жылға жуық уақыт бойы азаттық үшін күрескен қазақ оғлан­дарының жанкештілігінің ақыры баянды болғанына шүкіршілік етесің.

Алаш баласы ұлы дала төсінде хандық құрып, дербес саясатын жүргізіп, арғы-бергі қоңсылас елдермен қарым-қатынас та орната білді. Әйтсе де, алты бақан алауыздықтың кесі­рі­нен елдік мүдде әдіра қалды. Теріс­кей­­ден бас­талған отаршылдық сая­саты қазақ­ты басы байлы бодандыққа мәж­бүр­­леді. Екі ғасыр шеңберінде Ресей қазақ сахарасын біржола меншіктеп ал­ған­­дай-тұғын. Әуелі басқару жүйесі өзгер­­тілді, жергілікті халықты шұрайлы жер­лерінен ығыстырды, енді болмаса ұлт­тық болмыс-бітімінен ажырата бас­тағандай еді... 

Келесі кезекте Ресей патшасын тақ­­тан төңкеріп, «жер – шаруаларға, фаб­рик, зауыт – жұмысшыларға» деп ұран­датып билікке келген боль­ше­вик­­­тердің де қазақ ұлтын жарыл­қа­ғаны шамалы. Ел арасына іріткі салып, байларды кәм­пескелеп, тұтас ха­лық­­ты қырғынға ұшыратып, ұлт зия­­­лы­­­ларын қуғындап, қалың отыр­ған қауымның тоз-тозын шығарды. Сол тұс­та ғой, шарасыздықтан айтаты­ны ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай­дың: «Біз қазіргі заманғы саяси құры­лысы өзімізден әлдеқайда озық, үлкен бір халықтың шеңгеліне түсіп қал­дық. Ол бізден анағұрлым бай, ана­ғұр­лым топтасқан әрі қай жағынан алғанда да, бізден анағұрлым артық қаруланған-ды». 

Сөйтіп, қазақ елі тағы да темір құрсауға түсті. Қызыл туды желбіре­тіп, орақ пен балғаны елтаңба ретінде еншілеген социалистік қоғам да қазақ жұртын дінінен ғана емес, тілінен ажыратуға шақ қалған-ды. Әйтеуір басқа жұртқа қысастығы жоқ бауырмал халық еді, тәңірі тілегін беріп, тәуелсіздікке қол жеткізді. Екі жарым ғасырға жуық азаттық үшін арпалысқан арда халықтың арманы орындалды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де тоғы­зын­шы территорияға ықпалын жүр­гізіп, дегеніне көндіріп, айтқанына жүргізгісі келетін алпауыттар шоғыры бұрынғыдан көбеймесе азай­ған жоқ. Жаттың дәулетін жамбасқа басу­ды көксейтін елдер қатары қайта ұл­ғая түсті. Күніне қырық аунақшып жат­қан жаһандық саясаттың жықпыл-жық­пы­лына терең бойлап, ілгері тартқан азат елдің көш-керуенінің жүгін қисайтпай, келер ұрпаққа аманаттау басты мәселеге ай­нал­ды. Ендігі саясат бұрынғыдай қару кезе­ніп, жаулап алу жолымен емес, эко­номи­калық, мәдени экспансия жолымен бағындыруға ұмтылатыны хақ. Ен­деше, рухани жаңғыру, Ұлы даланың озық дәстүрлерін қайта түлету қазақ қоғамына соны сілкініс әкеліп, бағзы мен болашақ арасын­да алтын көпірге айналуы тиіс. Бас­­қалай айтқанда, шекараны шегендеу аз, ұлт­тық сананы бекемдей түсуіміз керек-дүр.

«Ата-баба мықты еді ғой!
Мықты еді!
Ұрпағы одан болу керек мықтырақ!»

Қадыр Мырза Әліше қайырғанда, бағзы бабалардың даңқына масаттанып, қалдырған мұрасын малдана бермей, заманауи бәсекелестіктің ортасында жүріп, ұлттық ұпайымызды түгендей білетіндей мықты болғанымыз абзал.

Ел тәуелсіздігін нығайтуда өлшеусіз еңбек сіңірген, азаттықтың сан қыр­лы арна­ларын халқына мейлінше жілік­теп жеткізуге ұмтылған абыз Әбіш Кекіл­бай­ұлы­ның төмендегі сөзі ертеңіміздің тәуе­кел тұжырымдамасы іспетті. «Өзі­міз­ді өзіміз шыңдап, өзгеде есеміз кет­пей­тіндей боп, ар-намысқа тырысуымыз қа­жет. Тәуелсіздіктің бағы сонда жана­ды. Тәуелсіздік жолында қан да төгіл­ген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ, ар тө­гіл­меуі керек.

Ар-намыс қана тәуел­сіз­дікке тірек бола алады». Олай болса, ар-на­мысы­мыз қашанда асқақ болсын, ағайын!

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»