Қазақ қазақ болғалы ұлы даланы еркін жүріп, кең жайлап, талай-талай ел басына құт орнаған күндерді, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңді бастан өткізді. Төрткүл дүние жұрты армандаған алып аумақта өмір сүріп, өркениет олжасына айналған дүниелерді, жаңалықтарды өмірге әкелді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бұл жетістіктер жан-жақты баяндалады емес пе. «Жылқыны қолға үйрету арқылы бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды». Сондай-ақ «металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген». Ұлы даладан өріс алған осындай бастаулар рухыңды асқақтататын, қазақ үшін мақтанатын өркениетке қосылған ерекше қолтаңба.
Елбасының «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп қабылдай білуіміз керек» дегеніндей, қазақ тарихында «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» тәрізді бастан кешкен, «елім-айлаған» ауыр кезеңдер де аз болған жоқ-ты. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, қазақ тарих сахнасына келгелі бері «мың өліп, мың тірілген» халық. Осыны ойлағанда, азаттық үшін 260 жылға жуық уақыт бойы азаттық үшін күрескен қазақ оғландарының жанкештілігінің ақыры баянды болғанына шүкіршілік етесің.
Алаш баласы ұлы дала төсінде хандық құрып, дербес саясатын жүргізіп, арғы-бергі қоңсылас елдермен қарым-қатынас та орната білді. Әйтсе де, алты бақан алауыздықтың кесірінен елдік мүдде әдіра қалды. Теріскейден басталған отаршылдық саясаты қазақты басы байлы бодандыққа мәжбүрледі. Екі ғасыр шеңберінде Ресей қазақ сахарасын біржола меншіктеп алғандай-тұғын. Әуелі басқару жүйесі өзгертілді, жергілікті халықты шұрайлы жерлерінен ығыстырды, енді болмаса ұлттық болмыс-бітімінен ажырата бастағандай еді...
Келесі кезекте Ресей патшасын тақтан төңкеріп, «жер – шаруаларға, фабрик, зауыт – жұмысшыларға» деп ұрандатып билікке келген большевиктердің де қазақ ұлтын жарылқағаны шамалы. Ел арасына іріткі салып, байларды кәмпескелеп, тұтас халықты қырғынға ұшыратып, ұлт зиялыларын қуғындап, қалың отырған қауымның тоз-тозын шығарды. Сол тұста ғой, шарасыздықтан айтатыны ұлт қайраткері Мұстафа Шоқайдың: «Біз қазіргі заманғы саяси құрылысы өзімізден әлдеқайда озық, үлкен бір халықтың шеңгеліне түсіп қалдық. Ол бізден анағұрлым бай, анағұрлым топтасқан әрі қай жағынан алғанда да, бізден анағұрлым артық қаруланған-ды».
Сөйтіп, қазақ елі тағы да темір құрсауға түсті. Қызыл туды желбіретіп, орақ пен балғаны елтаңба ретінде еншілеген социалистік қоғам да қазақ жұртын дінінен ғана емес, тілінен ажыратуға шақ қалған-ды. Әйтеуір басқа жұртқа қысастығы жоқ бауырмал халық еді, тәңірі тілегін беріп, тәуелсіздікке қол жеткізді. Екі жарым ғасырға жуық азаттық үшін арпалысқан арда халықтың арманы орындалды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де тоғызыншы территорияға ықпалын жүргізіп, дегеніне көндіріп, айтқанына жүргізгісі келетін алпауыттар шоғыры бұрынғыдан көбеймесе азайған жоқ. Жаттың дәулетін жамбасқа басуды көксейтін елдер қатары қайта ұлғая түсті. Күніне қырық аунақшып жатқан жаһандық саясаттың жықпыл-жықпылына терең бойлап, ілгері тартқан азат елдің көш-керуенінің жүгін қисайтпай, келер ұрпаққа аманаттау басты мәселеге айналды. Ендігі саясат бұрынғыдай қару кезеніп, жаулап алу жолымен емес, экономикалық, мәдени экспансия жолымен бағындыруға ұмтылатыны хақ. Ендеше, рухани жаңғыру, Ұлы даланың озық дәстүрлерін қайта түлету қазақ қоғамына соны сілкініс әкеліп, бағзы мен болашақ арасында алтын көпірге айналуы тиіс. Басқалай айтқанда, шекараны шегендеу аз, ұлттық сананы бекемдей түсуіміз керек-дүр.
«Ата-баба мықты еді ғой!
Мықты еді!
Ұрпағы одан болу керек мықтырақ!»
Қадыр Мырза Әліше қайырғанда, бағзы бабалардың даңқына масаттанып, қалдырған мұрасын малдана бермей, заманауи бәсекелестіктің ортасында жүріп, ұлттық ұпайымызды түгендей білетіндей мықты болғанымыз абзал.
Ел тәуелсіздігін нығайтуда өлшеусіз еңбек сіңірген, азаттықтың сан қырлы арналарын халқына мейлінше жіліктеп жеткізуге ұмтылған абыз Әбіш Кекілбайұлының төмендегі сөзі ертеңіміздің тәуекел тұжырымдамасы іспетті. «Өзімізді өзіміз шыңдап, өзгеде есеміз кетпейтіндей боп, ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсіздіктің бағы сонда жанады. Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ, ар төгілмеуі керек.
Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады». Олай болса, ар-намысымыз қашанда асқақ болсын, ағайын!
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»