Бәрі де өз аймақтарынан баламалы негізде сайланған саяси белсенділігі жоғары жандар. Жоғарғы Кеңестің кең залына үш жерден микрофон қойылған, сөйлеуге ұмтылғандар соның алдына кезекке тұрып қалады. Әйел депутаттардың арасындағы ең жасы мен, ал ер адамдардың арасындағы ең жасы Мұхтар Тінікеев болды.
Ол кездегі Жоғарғы Кеңестегі саяси ахуал айтарлықтай күрделі еді. Бір заңды бірнеше күн қарайтын кездеріміз де жиі болатын. Қазіргі тәжірибемен салыстырсақ, бүгінгі жұмыс тобының міндетін ол кезде жалпы отырыс атқарған екен ғой. Сондықтан пленарлық отырыста заңның әрбір бабын талқылайтынбыз, депутаттардың бәрі де өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіріп жататын.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң жобасын пысықтау үшін Жоғарғы Кеңес
14 желтоқсан күні редакциялық комиссия құрып, оның төрағалығына заңгер Сұлтан Сартаевты сайлады. Редакциялық комиссияға заңгерлер Салық Зиманов, Николай Акуев және тағы басқа білікті заңгерлер енді.
1991 жылдың 16 желтоқсан күні жетілдірілген заң жобасы туралы Жоғарғы Кеңеске Сұлтан Сартаев баяндады. Оны талқылау өте қызу жағдайда өтті. 360 депутаттың 10 пайызы сөйлегенде де 36 адам ғой, ал бұл жолы тіпті одан да көп адам сөйлегендей болды.
Сол алғашқы қиын қыстау кезеңде Парламенттің жалпы отырыстарына Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі де келіп жиі қатысып отыратын. Депутаттардың ең күрделі мәселеге тіреліп, айтыс кульминациялық шегіне жеткенде үнемі Елбасы сөйлеп, қиын түйінді тарқататын.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заңдағы ең көп талқыланып, қызу айтыстар туғызған: «Қазақ ұлтының өзін өзі билеу құқын растай отырып...» деп басталатын норма болды. Сол көптеген әріптестерімізге ұнамай, жеке «қазақ ұлты деп айтпауымыз керек» деп өздерінің қарсылықтарын белсенді түрде білдірді. Сондай-ақ «аумақтық тұтастық» деген ұғымға қатысты да көптеген таластар болды.
Осы айтыстарды естіп отырған Елбасы сөз алды. Президент айтылған мәселелер осы заңның ең түйінді нүктесі екенін дәлелдеп берді. Содан кейін ғана біздің талқылауымыз бір жүйеге түсіп, заң жобасы дауысқа қоятындай дәрежеге жетті. Сөйтіп заң жобасы дауысқа салынып, көпшілік дауыспен қабылданды. Елбасы мінберге көтеріліп, бізді және барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен құттықтады. Сөйтіп ең бірінші құттықтауды Президенттің аузынан естіген едік. Бәріміз бір-бірімізді құттықтап, құшақтасып жаттық. Бірінші болып туған-туыстарымызға, дос-жарларымызға хабарласып, Тәуелсіздік жарияланғанын жеткіздік. Бұл Алматы уақытымен кешкі 8-9-дар шамасы болатын.
Бірақ бәрібір ол кезде көбіміз осы оқиғаның тарихи маңызын, қадірін жете түсінбеген де болармыз. Тек уақыт өте келе өзіміздің шын мәніндегі тарихи сәтке куә болып, ешбір теңдесі жоқ оқиғаға қатысқанымызды, теңдесі жоқ құндылыққа қол жеткізгенімізді ұғынып, жыл өткен сайын, күн өткен сайын Тәуелсіздіктің қадірін жете түсініп келеміз деп ойлаймын.
Гүлмира ИСИМБАЕВА,
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары