Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Бурабайда «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілді

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Бурабайда Тәуелсіздік мерекесі күніне және жерлесіміз, атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілді.

Бурабайда «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілді

Бұл жолғы сайысқа Ресей, Венгрия, Испания, Моңғолия, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Түркіменстан тәрізді жеті мемлекеттің құс тілін білетін, ақсүйек өнерді жанына серік еткен саятшылары қатысып отыр. Қазақстанның әр аймағынан да қыранының қайратынан үміт еткен елуге жуық құсбегілер жиналған. Кейбіреуі қолдарына қос-қостан қыран қондырған.

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірде ұлттық спорттың өңі жақсарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларынан кейін соны серпін алғандығын ерекше екпін түсіріп айтып өтті. Бурабай аспанын қыран құстың кереге қанаттарымен көмкеріп, рухтандырған жарысқа алыстан ат арылтып жеткен шетелдік қонақтар да осы бір өзгеше салтанатты, айрықша қызғылықты турнирді ұйымдастырушыларға ақ алғыстарын айта келіп, өз таңданыстарын да білдірді.

–Баянауылдан келдік,–дейді құсбегі Тасыбай Иманзайып,–екі бүркіт әкелдім. Екеуі де қолбала құстар. Әрине, түз құсының өжеттігі, алымдылығы күшті ғой.

Халықаралық турнирдің көрермендері некен-саяқ. Негізінде құсбегілердің өздері мен атқосшылары. Қалам ұстаған жазарман қауым, төрешілер мен ұйымдастырушылар. Ту сонау тау басынан құлдилап, жақтан суырылған жалғыз жебедей ысқыра ұйытқып келіп, тау етегіндегі аңғарға зымырай жүйткіп бара жатқан аң атаулыға он найзасын оқталған, найзағайдай атылған сұрапыл өнердің салтанатын былайғы жұрт неге көрмеске?! Тіпті, осы бір көріністің өзі алпыс екі тамырыңда қалғып кеткен бағзы бір сезімдерді дүр еткізіп оятып, кеудеңді алапат шаттық билейді екен. Көк аспанның көркі болған, ақша бұлтпен астасқан сонау биіктегі қыранды айтқанына көндіріп, дегеніне жүргізіп, көздегеніне ұшырып отырған құсбегілік өнер қандай керемет, шіркін! Өзекті өртер өкініші де сол, қансонардың қызығын қанша қауым көре алмады. Әлде жарнамасы кем, құлақтандырылуы аз. Әйтпесе, неге көрмесін?!

Алдымен іріктеу сайысы өткізілген. Айнымай түскен қырандар ақтық сынға жолдама алды. Жарыс барысында қыран келбеті де, түр-түсі де, бейне-бітімі де ескерілді. Ең бастысы, алғырлығы. Қоянға қыр асырмаған қырандар алпыс екі айлалы түлкіге келгенде әбжілдігі алқынғандай. Қазылар алқасының шешімімен жерлесіміз, Красный яр ауылының тұрғыны, құсбегі Руслан Тумурзин бас жүлде – «Нива» автокөлігіне ие болды. Барлық жеңімпаз құсбегілерге кәделі сыйлықтар тарту етілді. Екі күн бойы Бурабай баурайын бөктірген құсбегілер сайысы елімізде төл өнеріміздің туын тіктеп келе жатқандығын жеті мемлекеттен жиналған тәмам елге танытты.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,Бурабай ауданы