Тасбөгет кентінің тұрғындарын Тәуелсіздік күні мерекесімен және балабақшаның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Қ.Көшербаев:
- Қызылорда қаласы бойынша бүгінгі күні жалпы саны 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның ішінде мемлекеттік балабақша саны - 26, мектеп жанынан ашылған шағын орталық - 6, жеке балабақша саны – 205. 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың арқасында үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні балабақшалардың 71,2 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп тұр,-деді.
Сол күні Қорқыт Ата көшесінде «Small» сауда үйі де ашылды. Мұнда 12 мыңнан астам тауардың түрлері ұсынылып, 134 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл - Қызылордада «Small» сауда желісінің төртінші дүкені. Жыл басынан бері облыс орталығында 67 кәсіпкерлік нысан ашылып, онда 1219 жаңа жұмыс орны құрылған.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»