Президент • 14 Желтоқсан, 2018

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысты

608 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл аса маңызды тарихи оқиға жаңа Қазақстанның дамуына жол ашып, бірегей мүмкіндіктер туғызғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысты

– Біз әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан берік әрі орнықты мемлекет құрдық. Даму жолын ұстана отырып, біз түрлі салалар мен бағыттарда зор табысқа жеттік. Бұл жетістіктерге барша қазақстандықтардың күш-жігері мен жасампаз қуатының арқасында қол жеткіздік, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті мемлекетіміз жыл сайын Отанымыздың гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтарын наградалармен марапаттап, сыйлықтар тапсыратынын айтып, мұндай марапатқа ең үздіктер, кәсіби тұрғыдан биікті бағындырған және қоғам тарапынан мойындалған адамдар ғана ие болатынына тоқталды.

– Сіздер өскелең ұрпақ пен еліміздің барша азаматтары үшін аянбай қызмет етудің, еңбекті айрықша құрметтеудің және нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі болып саналасыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің ең жоғары бағасына және халықтың құрметіне ие болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын «Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Базарбайқызы Бәйменоваға беріп, оның өмір қиыншылықтарына мойымай, керісінше, тағдыр тауқыметін тартқан адамдарға көмек көрсетіп жүргенін атап өтті. Қазіргі кезде Қ.Бәйменова мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету жөніндегі жобаларды іске асыруда.

– «Қазақстанның Еңбек Ері» мәртебелі атағын Алина Робертовна Соловьева иеленеді. Ол – ұлағатты ұстаз, өз өңіріндегі білім беру жүйесін дамытуға мол үлес қосты. А.Соловьева жаңашыл әрі шығармашыл педагог ретінде әлемнің үздік тәжірибелері мен заманауи технологияларын оқу-тәрбие үдерісіне белсенді түрде енгізіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевты марапаттай отырып, ірі шаруа қожалығының басшылы бола тұра, ол адал еңбегі арқылы туған жерінің дамуына және өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтты.

– ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Абай Қабатайұлы Байгенжин марапатталады. Оның бүкіл кәсіби қызметі медицина саласымен тікелей байланысты. Ол еліміздің денсаулық сақтау саласының жетекші мекемелерін құру және дамыту ісіне зор үлес қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділді ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттап, оның тарихи романдары мен шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылғанын және қазақ әдебиетінің алтын қорына енгенін атап өтті.

– ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Олег Владимирович Даниленкоға табыс етіледі. Ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етті. О.Даниленко басқаратын аргофирма асыл тұқымды мал шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауылдың әлеуметтік саласына лайықты қолдау көрсетіп келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мыс қорыту зауытының балқытушысы Теміржан Сабыржанұлы Бекжановқа табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана қалалық Ішкі істер департаменті Жол-патрульдік полициясының инспекторы Азамат Қанатұлы Балтабаевты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттай отырып, қаһарман кәсібінің иелері азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында әрдайым ерлік көрсетуге әзір екенін айтты.

– Қиын жағдайда, өзіне қауіп төніп тұрса да, Азамат төрт адамның, соның ішінде бір баланың өмірін құтқарып қалды, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы адам өмірін құтқаруда ерлік пен батылдық танытқаны үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің №2 өртке қарсы мамандандырылған бөлімшесінің командирі Ермекбек Пазлиевті марапаттады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті марапатталушылар қатарында ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен өндірісшілер, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметшілер бар екенін атап өтті.

– Бүгін біз ең үздіктерді, соның ішінде елінің гүлденуі мен халқының әл-ауқатының артуы үшін бар білімін, қуаты мен күшін жұмсауға әзір өз Отанының нағыз патриоттарын марапаттап отырмыз. Сіздер өз істеріңізге адал болғандықтан, еңбекті сүйгендіктеріңізден, ерлік жасағандықтан әріптестеріңіздің арасында беделге ие болып, қоғамымыздың құрметіне бөлендіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әдебиет пен өнер саласындағы жоғары марапатты Тыныштықбек Әбдікәкімовке, Ақұштап Бақтыгерееваға және Өтеген Оралбаевқа табыс етіп, азаматтарымыздың рухани тұрғыдан жаңғыруы мен шығармашылық әлеуетінің дамуы еліміздің маңызды басымдығы болып саналатынын айтты.

– Мемлекеттік сыйлықтар «Абай» операсын қойған және «Анаға апарар жол» фильмін түсірген шығармашылық ұжымдарға беріледі. Бұл жоғары көркемдік деңгейде орындалған туындылар Қазақстан мәдениеті мен өнерін әлемде ілгерілеуге септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, рәсім барысында І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендері еңбек ардагері Ж.С.Кәрібжановке, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.М.Мыңбаевқа, «Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры С.Ш.Оразалыға, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Б.М.Имашевке табыс етілді.

«Парасат» орденімен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.І.Ақсақалов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Б.Атамқұлов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының жетекшісі С.Қ.Ахметжанов, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» РМК ректоры Т.О.Балықбаев, «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ бас директоры Е.Қ.Бекхожин, Премьер-Министрдің орынбасары Е.А.Досаев, Жамбыл облысының әкімі А.И.Мырзахметов, «Uniserv» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Н.Сәтбаев, Маңғыстау облысының әкімі Е.Л.Тоғжанов марапатталды.

«Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртанов, «Қазақ ұлттық хореография академиясы» КЕАҚ оқытушысы Л.В.Макарцева, Ұлттық экономика министрі Т.М.Сүлейменов, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің бас дирижері Д.Н.Тілендиева бар.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы кино әртісі С.І.Еслямоваға және «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ аға оқытушысы Я.С.Рудковскийге берілді.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы А.А.Ақшаев, Қорғаныс министрінің орынбасары М.М.Алтынбаев, Алматы қаласының прокуроры Б.Қ.Жүйріктаев, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Д.Ж.Қосанов, Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметі «Айбын» Президенттік полкі» рәсімдік батальоны құрмет қарауыл ротасының бөлімше командирі Ә.А.Төребеков марапатталды.

Сонымен қатар, рәсім барысында Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2018 жылғы мемлекеттік сыйлық «Абай» операсы үшін Т.Н.Әлпиев, С.Ә.Байғожин, Ғ.А.Ахмадияровтан құралған авторлар ұжымына және «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін А.Қ.Сатаев, Ә.Н.Назарбаева, А.Б.Нөгербек, Ә.Е.Ахметовтан құралған авторлар ұжымына табыс етілді.

Соңында Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында табыс етілуінің символдық мәніне тоқталды.

– Сіздер мемлекеттің осы жоғары бағасына лайықты болып, Қазақстан халқының игілігі жолында қызмет ете беретіндеріңізге сенімдімін. Жастарымыз сіздер салған жолмен жүріп, жаңа белестер мен істерді бағындыратын болады. Отанымыздың қауіпсіздігі мен бақуаттылығы сіздердің қолдарыңызда! Осы жоғары әрі мәртебелі миссияға әрқашан лайық болыңыздар! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.