Әлем • 14 Желтоқсан, 2018

​БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Астана форматындағы Сирияаралық келіссөздерді мойындады

48 реткөрсетілді

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирияға трансшекаралық гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру туралы қарарын қолдады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері халықаралық қоғамдастық пен БҰҰ-ның Астана процесі аясындағы күштерін қоса алғанда Сириядағы дағдарысты реттеуде күштерін жоғары бағалады. Қабылданған қарарда Астана форматындағы келіссөздер ұсталған адамдардың, әсіресе әйелдер мен балалардың тез арада босатылуына, сондай-ақ қайтыс болғандардың мәйітін тапсыруға, жоғалған адамдарды анықтауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Қарарға сәйкес БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «барлық тараптар БҰҰ-ның Сириядағы қажеттіліктерін кеңінен бағалау негізінде барлық сұралған аудандарға және халықтың барлық топтарына БҰҰ-ның гуманитарлық жасақтары және оның орындаушы серіктестері үшін, соның ішінде дәрі-дәрмектер мен хирургиялық жабдықтарды қауіпсіз, кедергісіз және тұрақты қол жетімділікті қамтамасыз етуін талап етеді».

Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров кездесу барысында Қазақстан Сириядағы гуманитарлық ұйымдардың, соның ішінде БҰҰ агенттіктері мен ҮЕҰ-ның қызметін қолдайтындығын атап өтті. «Біз үкімет бақылауындағы, үкіметпен бақыланбайтын аумақтарда барлық адамдарға көмек көрсетуде гуманитарлық бейтараптылық пен әділеттілік принциптерін сақтаудың маңыздылығын атап өтеміз», - деді елші.

Қазақстан Иордания мен Түркиядан Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді қайта жандандыру мен оны ұлғайтуды қолдады. Сонымен қатар, БҰҰ-ның гуманитарлық миссияларына қауіп төндіретін террористік ұйымдардың арандату әрекеттеріне алаңдаушылық білдірілді.

Сондай-ақ, Қ. Омаров БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы және Халықаралық Қызыл Крест Комитеті өкілдерінің 28-29 қарашада Астана қаласында өткен Сирия жөніндегі келіссөзіне қатысуын қолдады. Астана форматындағы өткен кездесу осы елдегі бейбіт күштерді нығайтуға және халықтың азаптарын жоюға бағытталғандығын атап өтті.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукоктың баяндамасы тыңдалды. Өз баяндамасында ол 13 миллион адамның гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін, оның ішінде 3 миллионнан астам адамға жедел көмек қажеттігін атап өтті. Рукбан лагерінде тұратын 40 мың адамның жағдайы тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетуді талап етеді. 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында БҰҰ мен оның гуманитарлық әріптестері ай сайын үш миллион адамға көмек көрсетті. Жалпы алғанда, БҰҰ мен оның гуманитарлық әріптестері көмекке мұқтаж адамдардың 40 пайызына көмек көрсетті.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар