Заң жобасы табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін арттыруға, тарифтерді қалыптастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуге, сондай-ақ осы салаларға инвестицияларды ұлғайтуға бағытталған.
Құжат табиғи монополияның салалары мен осы салалардағы Субъектілердің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру тәртібін айқындайды, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілер қызметіне тарифтердің түрлері мен оларды белгілеу тәртібін реттейді.
Заңнамалық деңгейде реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділік көрсеткіштерін, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін айқындауды көздейтін тарифті реттеудің ынталандыру әдістері енгізіледі.
Табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту мақсатында заң жобасымен мемлекеттік реттеу процесінің жариялылығы көзделеді. Осыған орай, Тарифтік саясат жөніндегі кеңес енгізіледі және қоғамдық бірлестіктердің жұмыс істеуі реттеледі, сондай-ақ, табиғи монополиялар субъектілерінің бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді орналастыру жөніндегі міндеті көзделеді.
Сонымен қатар, заң жобасымен инвестициялық бағдарламаның орындалуына және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге қоғамдық мониторинг пен техникалық сараптама жүргізу тәртібі белгіленеді.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқылады.
Түзетулер 14 заңнамалық актіге, оның ішінде Бюджет, Кәсіпкерлік, Салық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге және 10 заңға енгізіледі.
Құжатта орталықтандырылған қызмет негізінде мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесін енгізу, квазимемлекеттік секторда сатып алу өткізу әдістерін қайта қарау қарастырылып отыр. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпарат жүйесінде электрондық түрде бірыңғай сатып алу орнын құру көзделген.
Квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын реттейтін құқықтық ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде шағымдар веб-порталы арқылы берілген мәліметтерді, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешімдерді көрсететін республикалық шағымдар тізімдемесін қалыптастыру және енгізу көделуде.
Заң жобасымен әлеуетті жабдықтаушының қаржылық орнықтылығы жөнінде жаңа біліктілік талаптары белгіленіп отыр. Сондай-ақ офшорлық аймақтарда тіркелген әлеуетті жабдықтаушылардың сатып алуға қатысуына тыйым салынатын болды.
Комитет отырысында сол күні «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы № 8156-KZ Қарыз туралы келiсiмге (Шығыс – Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы (Алматы – Қорғас учаскесі): Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b) түзетулерге қатысты ҚР мен ХҚҚДБ арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды.
Құжатта «Орталық-Оңтүстік» дәлізіндегі «Астана – Қарағанды – Балқаш – Күрті – Қапшағай – Алматы» автомобиль жолының «Балқаш – Бурылбайтал» қосымша бөлігін қосу қарастырылған. Республикалық бюджет комиссиясының 2018 жылғы 11 қаңтардағы отырысының хаттамасы бойынша, «Балқаш – Бурылбайтал» бөлігін жаңғырту ХҚҚДБ қарызының үнемделген қаржысы мен республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру есебінен қаржыландыру мақұлданды.
Заң жобалары Палатаның қарауына жіберілді.