Бокс • 15 Желтоқсан, 2018

Ғалымбек Кенжебаев бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

562 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып Ғалымбек Кенжебаев тағайындалды. Ол команданы 2009 жылдан бері жаттықтырған Мырзағали Айтжановты алмастырды деп хабарлайды Olympic.kz. Қазақстандық бокс федерациясы ұсынған үміткерді ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі құптады.

Ғалымбек Кенжебаев бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Мырзағали Айтжановтың басшылығымен Қазақстан боксшылары əлем үздіктерінің қатарына еніп, Азияда үздік үштіктен көрінді. Лондонда Серік Сəпиев, Риода Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанды. Айтжановтың басшылығымен қазақ боксшылары əлем чемпионаттарынан 5 алтын жеңіп алды (2013 жылы 4, 2017 жылы 1 алтын)

Мырзағали Айтжанов əлем үздіктерімен иық тірестіретін мықты құрам жасақтап шықты. Қазақстан бокс федерациясы ұзақ жылғы еңбегі үшін Мырзағали Құланұлына алғыс білдірді. Федерация басшылығы құрама бапкерін ауыстырып, жаңа əдіс, тың тəсілдер іздейтін уақыт келді деп есептейді.

«Бүгінде біздің команда бір орында тұрып қалды. Бірнеше жылдан бері дайындық барысында өзгеріс жоқ. Сондықтан, біз бапкерді ауыстырып, үнемі жаңашылдық іздейтін, боксшылары керемет нəтиже көрсететін жастар құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевты ұсындық»,- дейді ҚБФ бапкерлер штабымен жұмыс бөлімінің басшысы Юрий Цхай.

Ғалымбек Кенжебаев 35 жылдан бапкерлік қызметте келеді. 1998-2005 жылдар аралығында Геннадий Головкиннің жеке бапкері болды. 2006 жылдан 2009 жəне 2013 жылдан бүгінге дейін жастар құрамасының бас бапкері. Кенжебаевтың басшылығымен Қазақстан жастар құрамасы жасөспірімдер Олимпиадасынан 2 алтын иеленіп, 5 Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте 1-орын иеленді.