Сыртқы көрінісі де ашық бояулы, адамға қуаныш сыйлайтын 9 қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып, шаһардағы баспана кезегінде тұрған отбасыларға – көп балалы, жалғызбасты, аз қамтылған т.б. сияқты 13 категория иелеріне берілді. Бұл – Орал қаласының Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойында осы желтоқсан айының ішінде тапсырылған екінші тоғызқабатты үй.
- Естеріңізде болар, осыдан 6-7 жыл бұрын дәл осы ара – маң дала еді ғой. Бүгінде бұл жерге кішігірім қала орнаған: 50-ден аса көпқабатты үй, емхана, екі мектеп, балабақша, спорт кешені бар. Осының бәрін мемлекет сіздер үшін жасап отыр. Қазақстанмен бірге қаламыз өсіп, облысымыз өркендеп келеді. Жастар білім алып, жұмысқа орналасып, кәсіпкерлер өндірісін дамытып, барлығына жағдай жасалып жатыр. Тұрғынүй кезегінде тұрған өзге де қала тұрғындарына да үй беріледі. Бізде мемлекет міндетіне алған, Елбасы айтқан жоба-жоспардың барлығы да жүзеге асады. Сіздерге Елбасының атынан жаңа пәтердің кілтін ұсына отырып, Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, - деді өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пәтер кілтін жаңа иелеріне салтанатты жағдайда тапсырып тұрып.
Жалпы, Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы жанданып келеді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ақ Жайық өңіре 17,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
- Биыл облыс орталығында 26 көпқабатты тұрғын үйдің, аудандарда 103 үйдің құрылысы жүруде. Бұл деген мыңдаған адам баспанаға қол жеткізеді деген сөз. Жыл соңына дейін тағы екі үйдің – Құрманғазы және Гагарин көшесінде апат жағдайына байланысты қиратылған үйдің орнына көтерілген жаңа үйлердің құрылысы аяқталады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев.
Ал «Сарытау» шағынауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тапсырылған 900 орындық №50 жаңа мектеп ғимаратының ашылуын тұрғындар көптен күткен еді. Өйткені осы ауданда орналасқан №10 және №47 мектептерде оқушы тым көбейіп, үш ауысымда оқуға мәжбүр болған. Ал Елбасы биылғы Жолдауында білім беру саласына да ерекше екпін беріп, үш ауысымдық мектептерді азайтуды жүктеген еді.
- Сарытау шағынауданында 900 орындық №50 мектеп ашылғанда бұған дейін үш кезекте оқып келген №47 және №10 мектептер едәуір жеңілдейтін болады. Енді оларда үш ауысым болмайды. Жаңа мектепте екі ауысымда 1900 оқушы оқитын болады. Біз енді апаттық жағдайдағы мектептерге көңіл бөлеміз. Білім және ғылым министрлігімен келісіп, келісім алдық, бюджетін бекіттік, көктем шыға Ақжайық ауданының орталығында 300 орындық мектеп ғимараты интернатымен, ал, Қазталовта Алма Оразбаева атындағы мектептің орнына 600 орындық мектеп салынады. Дәл осы ауданда №51 мектептің құрылысын бастаймыз, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Мектеп кешені тоғыз блоктан тұрады. Мұнда 12 оқу сыныбы, 9 әмбебап бөлме, екі спорт зал, 294 орындық мәжіліс залы, 156 орынға арналған асхана, еңбек сабақтарына арналған бірнеше шеберхана бар. Алты мультимедиялық, төрт информатика кабинеті жұмыс істейді. География, биология кабинеттері зертханаларымен жабдықталған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан