Ескі Иқан ауылдық округінде 2 қабатты 10 пәтерлі қызметтік тұрғын үй, Шаға ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында да 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті жас мамандарға табыс етілді. Олар баспанаға білікті кадрларды ауылдарға тарту мақсатында қолға алынған бағдарлама аясында қол жеткізіп отыр. Мерейлі мерекеде баспаналы болғандардың ішінде мұғалімдер мен дәрігерлер, және құқық қорғау саласының өкілдері бар.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жас мамандарға пәтер кілттерін табыстап, құттықтады. «Мемлекет басшысының халықты баспанамен, жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларының нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болып, жұмысқа орналасуда. Бүгін міне Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығы қарсаңында Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан мен Ынтымақ ауылында жас мамандарымызға 30 пәтер беріліп жатыр. Ендеше еңбектеріңізге береке, жаңа баспаналарыңызға құт дарысын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетелік, ауылдарға қажетті мамандарды көптеп тарту үшін қабылданған бағдарлама бойынша облыста 330 пәтерлі 33 үйдің құрылысы басталған болатын. Тәуелсіздік мерекесіне орай солардың алғашқылары пайдалануға беріліп отыр.
Ал Арыс қаласының «Көктем-2» тұрғын ауданында 36 пәтерлік үш бірдей көпқабатты үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Т.Сәрсембаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, 108 пәтердің кілтін қуаныш иелеріне табыс етті. Сондай-ақ, мерекеге орай аталған мөлтек ауданның маңында жаңа спорт алаңшасы ел игілігіне берілді. Сметалық құны 60 млн. теңге болатын алаңшаның құрылыс жұмыстарын «Самұрық – Қазына Транс» АҚ-ның тапсырысымен мердігер «Мастер – Қазстрой» ЖШС жүргізген. Жалпы Арыс қаласында мерекеге орай 16 нысан ел игілігіне берілді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы