Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанның халық қалаулысы үздік депутат атанды

892 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Республикалық қоғамдық-саяси «Біздің депутат» газеті еліміздегі халық қалаулыларының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын саралай келіп, облыстық мәслихаттың депутаты Алтынбек Сапаровты «Үздік депутат» төсбелгісімен марапаттады.

Солтүстік Қазақстанның халық қалаулысы  үздік депутат атанды

Ауқымды істер мен нәтижелі бастамаларды әркез қостап жүретін  «Ноғайбай» ЖШС-нің жетекшісі Алтынбек Сейпілұлының есімі облыста айрықша құрметпен аталады. Ол бүгінде 200-ге жуық ауылдасының алаңсыз еңбек етуіне жан-жақты мүмкіндік тудырып отыр.

Алғашқы депутаттық мандатын 2007 жылы М. Жұмабаев аудандық мәслихатынан алған болатын. 2012 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.  Одан кейін де сайлаушылар екінші мәрте үлкен сенім көрсетті.Содан бері қоғамдық жұмыстарға, адамдардың әлеуметтік тұрмысын шешуге белсене араласып келеді. Ауыл көшелеріне  асфальт төселді, элект бағаналары тартылып, электр қуатын үнемдейтін шамдар орнатылды. Балалардың екі ойын алаңы мен жасанды жамылғысы бар футбол алаңы салынды. 36 миллион теңгеге  5 үй тұрғызылды. Қарақоға-Ноғайбай жол аумағына қиыршық тас төселіп, қалпына келтірілді. Барлық үйлерге жылу және кәріз жүйелері тартылды. Сайлаушылардың аманаты бойынша Бейнаш ауылына апаратын жол тегістеліп, Бәйтерек ауылына  су құбыры қойылды.

Серіктестік егіншілікпен, төрт түлік, оның ішінде асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Жылына әр сиырдан 5500-5800 литр сүт сауылады.

Көп жылғы қажырлы еңбегі үшін  іскер басшы «Құрмет» орденімен, басқа да мемлекттік наградалармен марапатталған.

«Үздік депутат» төсбелгісі  облыстық мәслихаттың кезекті 27 сессиясында салтанатты түрде табыс етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы