Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2018

Семейде «Абай әлемі» кітап сериясының тұсаукесер рәсімі өтті

1006 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, яғни кеше алаштың рухани астанасы – Семей қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» кітап сериясының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Даниал Ахметов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Әлібек Асқаров, ғалым Ғарифолла Есім және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Семейде «Абай әлемі» кітап сериясының тұсаукесер рәсімі өтті

Аймақ басшысы Д.Ахметовтің бастамасымен, жазушы Медеу Сәрсекенің редакторлығымен қолға алынған жоба шеңберінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Федор Достоевский, Төлеу Көбдіков, Марат Қабанбаев,  Медеу Сәрсеке, Анатолий Иванов, Борис Щербаков, Жарқын Шәкәрім сынды авторлардың 16 кітабы жарық көріпті. «Федор Достоевский қазақ жазушыларының ішінде қайдан адасып жүр?» деп отырған боларсыздар бәлкім. Аталмыш серия аясында Шоқан Уәлихановтың досының Семейге қатысты жазбалары бір кітап болып басылыпты. Орыс тілінде. «Жоба аясындағы жарық көрген мәнді дүниенің бірі – әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы кітап. Өнертанушы Жарқын Шәкәрім Әміре жайында бірнеше кітап жазды ғой. Қазақ және орыс тілдерінде. Соның бәрі осы бір кітапқа топтастырылды. Баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар да жинақталды. Бір сөзбен айтқанда, 400 бетке жуық деректі, мазмұнды кітап басылып шықты. Келесі жылы бұл серия аясында тағы да 20 кітап шығару жоспарда бар. Серия жетекшілеріне «енді жастар шығармашылығына көбірек көңіл бөлсек. Өңірдегі жас ақындардың, жас жазушылардың, жас өлкетанушылар, журналистер мен драматургтердің еңбектерін жинақтап шығарсақ» деген ұсынысымды айтып жатырмын. Қалай боларын уақыт көрсетер», - дейді «Абай әлемі» кітап сериясы редакция алқасының мүшесі.

Абай театрында өткен шара барысында облыс әкімі Даниал Ахметов семейлік қаламгер Медеу Сəрсекеге «Парасат» орденін салтанатты түрде табыс етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ