Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сый-сияпатын табыстады. Биыл Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары тізімінде «Азық-түлік жəне ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кəсіпорын» аталымы бойынша Ақмола облысындағы «Гормолзавод» ЖШС марапатқа ие болды. Бұл үштікте Алматы облысындағы «Рыбпром» ЖШС, Алматы қаласындағы «БИЖАН» ет өңдеу кешені» ЖШС да бар. Биыл Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алуға үміткер ретінде 182 кəсіпорын қатысқанын атап өткіміз келеді.
Алпыс жылдан астам тарихы бар кәсіпорын өнімнің 40 түрін шығарады. Мұның ішінде құрт, қоспа сияқты ұлттық брендтеріміз де бар. Тәулігіне 4 тоннадан артық өнім өндіретін зауыт Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай және Көкшетау қалаларының нарығында танымал болып отыр. Сондай-ақ, Көкшетау кәсіпорнының сапалы балмұздақтарына сұраныс жоғары.
– Мемлекеттің кең көлемді қолдауына сүйене отырып, өндірісті әртараптандыру, яғни, кластерлік қадамдарға ден қоюдамыз, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты, зауыт директоры Әсен Жақсылықов.
– Зеренді ауданындағы Приречное ауылында тауарлы-сүт фермасын құрып, онда 100 бас сауын сиырын ұстаудамыз. Жақын жылдары оның санын екі есе арттырсақ деген ойдамыз. Сондай-ақ, 49 жылға жалға алған 800 гектар жеріміз бар. Мұнда екпе шөптің үш түрі егіледі. Сүрлемдік жүгері өсіру ниетіндеміз. Яғни, жем-шөптен тарықпаймыз деген ойдамын. Ұжымдағы 140 адамның барлығы өз ісіне берілген адал жандар.
Иә, «Алтын сапаны» алтын қолды азаматтар жасайды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»