Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстанда Тәуелсіздік күні жоғары деңгейде атап өтілді

525 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіздігі күніне арналған мерекелік шаралар бағдарламасы саналуан тақырыптарды қамтып, тұрғындарға  мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Солтүстік Қазақстанда Тәуелсіздік күні жоғары деңгейде атап өтілді

Тәуелсіздік күніне байланысты ұйымдастырылған шаралардың бірі С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрынан бастау алды. Өнерсүйер қауым  театр актерларын басқа қырынан танығандай болды. Олар сахна төрінде  ән айтып, би билеп, өлеңдер оқыды. Оған қоса Елбасының сүйікті әндері шырқалып,  «Тәуелсіздік–бабалардың арманы» концерттік бағдарламасы мереке шырайын аша түсті.

«Тәуелсіздік мерекесі жылда  өз мәнінде тойланады. Қайырымдылық, тағы басқа акциялар өткіземіз. Ардагерлерге, көп балалы отбасыларға, жетім балаларға құрмет бірінші кезекте көрсетіледі», дейді  труппа жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

Тарихи-өлкетану музейінде жұртшылық «Солтүстік Қазақстан облысы тәуелсіздік жылдарында» атты көрмені тамашаласа, Қарасай  батыр стадионында  допты хоккейден Қазбек Байболовты еске алуға арналған республикалық жарыс өтті. Погодин атындағы орыс драма театры  «Шоқан Уәлиханов» тарихи драмасын, облыстық қуыршақ театры «Күміс тұяқша» спектаклін ұсынды.

Осы күні  «Сити Молл» сауда, ойын- сауық орталығы нағыз мерекелік алаңға айналды. Орталықтың басқарушысы Дарья Шпакованың айтуынша, тұрғындарға арнап ойын сауықтық бағдарламасы ұсынылумен қатар бағалы сыйлықтар үлестірілді. Тауарлар мен азық-түлік өнімдері арзандатылған бағамен сатылды.

Аудандарда бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар іске қосылып, пайдалануға берілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы