Қазан қаласындағы «Халықтар достығы» үйінде өткен шараға Татарстандағы қазақ диаспорасы өкілдері, студент-жастар және мемлекеттік мекеме өкілдері де қатысқан.
Қазан университеті тарих және халықаралық қатынастар факультетінде түркітану мамандығына оқып жүрген 3 курс студенті, осы шараны ұйымдастырушылардың бірі Розалия Елжасова мерекелік салтанатты шараға Қазақстаннан барған өзге ұлт өкілдері, тіпті татарстандық жергілікті жастар да белсене қатысқанын айтады. Айта кетейік, Розалия Рафхатқызы – Қазандағы қазақ қауымдастығы жастар қанатының жетекшісі.
Қазақстанның әр түкпірінен жиналған жастар Отанының ең ұлық мерекесіне орай концерттік бағдарлама әзірлеп, бар өнерін көрсетті.
- Отанымыздан алыста жүрсек те осынау мереке күнді біз бүкіл қазақстандықтармен атап өткіміз келді. Өйткені осыдан 27 жыл бұрын қол жеткен тәуелсіздік пен азаттық – қазақ халқының талай жыл бойы күрескен арманы еді, - дейді Розалия Елжасова.
Шараның өтуіне Қазандағы «Қазақстан» қоғамының төрағасы Сағит Жақсыбаев, «Халықтар достығы» үйінің басшылығы қолдау көрсеткен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»