Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2018

Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік құрбандарына ас берілді

59 реткөрсетілді

Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне енген әулие Жұмағазы қазірет кешенінде Ел Тәуелсіздігі жолында құрбан болған барша боздақтардың аруағына бағышталып ас берілді.

Қазақстанның батыс өңіріне және шекаралас Ресей аймағына белгілі зиярат орны – ел-жұрт Дәдем ата деп қастерлейтін әулие Жұмағазы қазірет кесенесінде осындай шара биыл бесінші мәрте өткізіліп отыр.

- Біз дәстүрлі түрде әр жыл сайын 4 мәрте арнайы құрбан шалып, көпшілікке арналған ас береміз. Оның бірі 14 наурыз – Қазақстанның батыс өңіріне таралған Көрісу күні мерекесі. Одан кейін 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арнап мал сойып, Құран бағыштаймыз. Тамыздың екінші жексенбісінде – Жұмағазы қазіреттің өзіне арналған ас беріледі. Ал жыл соңына қарай, Қазақстанның Тәуелсіздік күні - 16 желтоқсанда – қазақ халқының тәуелсіздігі жолында күрескен хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен барша боздақтардың рухына бағыштап шара өткіземіз, - дейді «Дәдем ата» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов.  

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Орал қаласынан 80 шақырымдай қашық жатқан зиярат кешенге халық көп жиналды. Айта кетейік, «Толағай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, блогер Нұрлан Сәдірдің ұйымдастыруымен діни-ғибадат орындағы шараның қоғамдық сипаты басым болды. Мәселен, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменов Қазақстан тәуелсіздігінің 27-жылында аталып өтілетін тарихи оқиғаларға, мерейлі даталарға шолу жасаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ардагер артисі Гүлжиян Шынтемір биыл 25 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіздік тудырған театрдың қалыптасу тарихынан естелік айтты.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин белгілі ағартушы, ақын Ғұмар Қараштың үштомдық жинағын таныстырса, ақын, білім саласының ардагері Дариға Мұштанова өзінің «Абысындар» жинағын «Дәдем ата» қорының кітапханасына сыйға тартты. Атырау қаласынан арнайы келген кәсіпкер Марал Қабыл табиғаты қолайсыз өңірде бау-бақша егу тәжірибесін ортаға салып, Жұмағазы қазірет зияраты кешенін абаттандыру туралы ұсыныс жасады. Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов Құран аятын оқып, сауабын тәуелсіздік құрбандарына бағыштаған соң ХІХ ғаырдағы қазақ даласында, соның ішінде Бөкейлікте болған діни-ағарту жұмысы, мешіт-медреселердің қызметі туралы Ресей Федерациясының Уфа архивінде сақталған тарихи құжаттар туралы айтып берді. Зиярат кешен орналасқан Сырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілгелі Жұмағазы қазірет кешеніне еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер көбейгенін атап өтті.

Айта кетейік, жергілікті атқару органдары зиярат кешеннің жан-жақты дамуына қолдау көрсетуде. Өткен күзде осы жерге арнайы келген өңір басшысы Алтай Көлгінов 2019 жылы кешенге апарар үш шақырымдық жолдың жөнделетінін мәлімдеген болатын.

- Кез келген көпшілік мерекенің басты мақсаты – күнделікті өмірде қызмет саласы, көзқарасы әртүрлі адамдардың басын қосу, біріктіру ғой. Соның ішінде төменнен, халықтың өз ішінен шыққан бастаманың орны бөлек. Елімізде Тәуелсіздік мерекесін атап өтудің жалпыхалықтық формасы әлі қалыптаспаған кезеңде осындай дәстүрлі шара, қазақы ұғымға жақын жиындар өте керек. Бүгінгі басқосудың маңыздылығы да осында. - дейді саясаттанушы, «Аспандау» ғылыми білім беру қоры Батыс филиалының атқарушы директоры Еркін Ерғалиев.

Ас кезінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолда Тәуелсіздік күніне арнаған «Азаматтың арманы» атты өлеңін оқып берді. Орал қаласында белгілі «Ақберен» жас ақындар мектебінің бір топ шәкірті де ел мен жерге арналған патриоттық жыр шумақтарын ортаға салды. Белгілі жыршы, халықаралық байқаулардың жүлдегері Фархат Оразов дәстүрлі әндерді шырқаша, жас домбырашылар күй күмбірін әуелетті. Жиналғандар Қазақстанның Тәуелсіздігі мәңгі болуына дұға қылған ақсақалдардың батасын алып, тарқасты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар