29 Тамыз, 2012

Қазақстандағы авторлық құқық

13274 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Қазақстандағы авторлық құқық

Оның жағдайы қалай?

Қазақстандағы авторлық құқықтың жағдайы қалай?

Осы мәселеге орай Республикалық қоғамдық бірлестік болып табылатын «Қазақстан авторлар қоғамының» төрағасы, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал ЫСҚАҚБАЙМЕН кездесіп, қордаланған сауалдары қойған едік.

 

Оның жағдайы қалай?

Қазақстандағы авторлық құқықтың жағдайы қалай?

Осы мәселеге орай Республикалық қоғамдық бірлестік болып табылатын «Қазақстан авторлар қоғамының» төрағасы, белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал ЫСҚАҚБАЙМЕН кездесіп, қордаланған сауалдары қойған едік.

– Марал Ысқақбайұлы, соңғы кездері мерзімдік басылымдарда, телеарналарда авторлар құқығының бұзылуына бай­ланыс­ты дау-дамайлар жиілеп кетті. Біздің білуімізше, сіз басқарып отырған «Қазақ­стан авторлар қоғамы» әлемнің 124 елінің 2 миллиондай авторының Қазақстан аума­ғын­дағы мүліктік құқығын қорғаумен айналысатын дүние жүзі мойындаған үлкен мекеме. Әрі халықаралық беделді ұйым СИЗАК-тың 1999 жылдан бері мүшесі. Тіпті, АҚШ Әкімшілігі дайындайтын 301-«қара» тізімнен біздің Қазақстан 2009 жылдан бері алынып тасталыпты. Бұл мәселеде де сіз­дер­дің зор еңбектеріңіз бары белгілі. Алайда, осыған қарамастан, елімізде авторлық құқықты қорғау ісі бір ізге түспей отырғаны неліктен?

– Айнаш қарағым, айтқаныңның бәрі рас. Бұл қоғам құрылғалы бері 15 жыл өткен екен. Осы жылдар ішінде барша қазақ авторлары осы қоғам төңірегіне топтасып, жаңағы өзің айтып өткен жетістіктерге қол жеткізген. Бүкіл ТМД-да Ресейдің РАО-сынан өзге бізбен деңгей салыстырар мекеме жоқ. Бірақ соңғы екі жылдан бері біздің ұзақ жылғы еңбегіміз еш болуға айналып, бұл саладан береке қаша бастады. Оның бір-ақ себебі бар: ол – заң­сыздықтың етек алуы. Бұндай жағдай бізде тек кеңес өкіметі құлаған алғашқы жылдары ғана белең алған-ды. Ескі заңдардың күші қашып, жаңа заң қабылдана қоймай, қиналғанбыз. Қазір басымызға сол күн қайта туды. Бәріне кінәлі – «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңға 2009 жылы енгізілген өзгеріс, яғни 46-1 дейтін бап. Бұл бап бойынша, егер 10-15 адам жиналып, жеке қоғам құрып, Әділет министрлігіне қарасты Зияткер­лік меншік комитетінен аккредитациядан өтсе болды, бүкіл Қазақстан авторларының да, дүние жүзі авторларының да қаламақысын жинай беруге толық хақысы бар. Бұл әлемдік тәжірибеге де, өзіміздің ішкі заңдарымызға да қайшы. Құқық бұзушылыққа жол ашып, берекесіздік тудырып отырған – осы бап.

– Қайшылықтың мәнісі неде? Таратып айтыңызшы?

– Мәселе мынада: автор туындысы – оның жеке меншігі болып табылады. Оған бөтен ешкімнің билігі жүрмеуге тиіс. Тіпті, мемлекет­тің де билеп-төстеуге хақысы жоқ. Ол да сенің үстіңдегі көйлегің, қорадағы қойың сияқты. Бар билік туынды иесінің өзінде болуға тиіс. Сондықтан оны автордың айрықша құқығы деп атайды. Бұл айрықша құқық авторлық құқық туралы заңның 6 (алты) бірдей бабында нақты белгіленген. Ол бойынша, автор өз туындысын сата ма, жалға бере ме, біреуге сыйлай ма, өртеп жібере ме – не істесе де, тек өзі шешуі керек. Сондықтан олар әлемде қалып­тасқан тәртіп бойынша, құқықтарын өз еркімен келісім-шарт негізінде өздері құрған ұйымға басқаруға тапсырады (43-бап, 4-тармақ), ал ол ұйым автор берген өкілеттік бойынша ғана оның мүліктік (айрықша) құқығын басқаруға тиіс. Басқаша айтқанда, автор туындысын пайдаланатын мекемелермен – концерттік ұйымдармен, театрлармен, теле-радио арналарымен, көңіл көтеру мекемелерімен лицензиялық келісім-шартқа отырып, қалам­ақы­сын жинап беруге тиіс (44-бап, 2-тармақ). Яғни, ол міндетті Қоғам тек автордың өзінің рұқсатымен атқаруы керек. Ал жаңағы 46-1 бабы Заңның осы талаптарын жоққа шығарып, аккредитациясы бар болса – бітті, авторлармен жасалған шарты бар-жоғына қарамастан, әлгі мекемелерден автор қаламақысын жинай беруге құқық беріп қойған. Жобаны дайындағандар заңға енгізілер бұл өзгеріс неге апарып соқтырарын білмеген. Олар тіпті жоғарыда нақты белгіленген заң талаптары бұзылып жатқанын сезбестен, авторлық құқық саласында да бәсеке болу керек деп шешкен. Сөйтіп, екінші бір білместікке тағы жол берген. Халықаралық құқық бойынша авторлық құқық саласына антимонополиялық заңнама талаптары жүрмейді. Сол халықаралық құқық талаптары ескеріле отырып қабылданған біздің «Бәсеке туралы» ішкі Заңымызда да дәл сондай талап барын не білмеген, не ескермеген (қараңыз 10-бап)! Ол ғана ма, әлгі бап бұл екі заңнан дәрежесі жоғары Азаматтық кодекске де қайшы! Айналып келгенде, Заңға ойланбай енгізілген бір бап үш бірдей Заңның оншақты бабымен қайшыласып тұр. Ал пысықайлар соны өте ұтымды пайдалануда.

 

Авторларымыз құқығы жоқ бейшара іспетті

– Бүгінгі таңда авторлық құқық саласында қанша қоғам бар? Олардың әреке­тінен авторлар құқығы қалай бұзылып жатыр? Дау-дамайдың себебі неде?

– Қазір бізде Қазақстан авторлары қоғамы­нан өзге тағы үш қоғам бар. Екеуі Алматыда, біреуі Шымкентте. Бәрі де Зияткерлік меншік комитетінің аккредитациясынан өткен. Демек, бәрінің де автор қаламақысын жинауға қақысы бар деген сөз. Бірақ, мәселе кімнің қаламақы­сын жинайды және қалай жинайды дегенге тіреледі. Біздің білуімізше, осы үш қоғамға өз еркімен мүше болғандардың жалпы саны ары кеткенде 150-200-дің маңында. Ал қаламақы­ны, авторлардан алған өкілеттігі жоқтығына қарамастан, бүкіл біздің қоғамның 1700-дей мүшесінен де, әлемнің 2 миллионнан астам барша авторынан да жинайды. Өйткені, Заңның 46-1 бабы ондай құқық беріп қойғанын айттық, ал әлгі үш қоғаммен шартқа отырған пайдаланушылар олардың қолындағы өкілет­тік көлемі қандай екеніне мүлдем мән бермей­ді. Заң талаптарын «құқық қорғаушылардың» өзі бұзып отырған соң, олар бас ауыртып не қылсын! Оларға керегі – автордың құқығының бұзылмауы емес, қай қоғаммен жасалған шарт неғұрлым арзанға түсетіні ғана. Мәселен, Шымкенттегі «САП» дейтін қоғам кафе-ресторандармен шарт жасасқанда, ҚазАҚ-тың мү­шелері жалпы жиналыспен бекіткен қаламақы мөлшерін 10 еседен астам төмендетеді. Өз мүшелері үшін қолданған мөлшер болса бір сәрі ғой, өздеріне еш қатысы жоқ бүкіл Қазақстан авторлары атынан билік жасап жүр. Ал Алматыдағы «Абырой» телеарналармен жасасқан шарттарында тіпті, бекітілген сыйақы мөлшерін 50 пайыздан астам мөлшерге төмендеткен. Мысалы, «Қазақстан» телерадио корпорациясы 2011 жылы ҚазАҚ-қа әр тоқсан сайын 18 миллион теңге қаламақы аударатын. Биыл Корпорация сол қаражатты авторларға көпсініп, демпингілік ұсыныс жасаған «Абыроймен» шарт жасаған. Барша Қазақстан және шетел авторларының құқығын мансұқ еткені­мен қоймай, бекітілген ең төменгі сыйақы мөлшерін де белден басқан. Ал бұның өзі де заң бұзушылық болып табылады. Өйткені, одан төмен мөлшер белгілеуге ешкімнің қақысы жоқ. Айналып келгенде, жаңа қоғамдар да, туындыларды пайдаланушылар да авторлардың құқығын билеп-төстеп, олардың қалталарына қол сұғып, мүліктік құқықтарын ойыншыққа айналдырып отыр. Ол қоғамдарды қойшы, бүгін бар, ертең жоқ, уақытша тұлғалар ғой, қазақтың қара шаңырағының бірі есепті «Қазақстан» телерадио корпорациясына не жорық. Оның үстіне, «Абырой» да, «САП» та қаламақы жинап жүрген 1 жыл 7 айдан бері ҚазАҚ мүшелері мен шетел авторларының сыйақысын төлемей келеді. Осы қоғамдардың соңына еріп, алданып жүрген авторлар өзде­ріне қарсы жұмыс жасап жүргенін түсінбейтіні өкінішті, әрине. Сондықтан да біздің қоғам­ның мүшелері ұйымдаса қол қойып, арыз жазбаған жерлері жоқ. Заң шығарушы орындарға да, бақылаушы орындарға да жазды. Бірақ елейтін жан жоқ. Авторлар қауымы, бүгінгі таңда құқығынан айырылған шарасыз бейбақтар іспетті. Сол себепті де олар осы шілде айында орысша, қазақша үш газеттің бетінде Республика Президентінің атына ашық хат жариялауға мәжбүр болды.

– Сонда бұл мәселені түпкілікті шешу үшін осы салада құрылған қоғамдардың бар­лығының лицензиясын қайтарып алу керек пе? Үй ішінен үй тіккен мұндай ұйымдарды тәртіпке шақырудың өзге жолы бар ма?

– Жол – біреу. Заңда бір-біріне қайшы баптар болмауы керек. Егер әлдеқалай қайшылық кетіп қалған болса, оны тездетіп түзету керек. Қайшылық түзетілгенге дейін дәрежесі жоға­ры заңнама, яғни Кодекс басшылыққа алынуға тиіс. Бұл құқық қолдану практикасындағы аксиома. Мәселенің бәрі аталған кемшіліктерді жоюға міндетті орындар мен басшылардың әлем тәжірибесінен хабарлары жоқтығынан туындап отыр. Әлгі «аккредитация» дейтін институтты біздің жобалаушы ағайындар Ресей заңынан көшіргенде, оны ресейліктер заңдарына не үшін кіргізді екен деп ойланбас­тан, себебін анықтамастан ала салған. Ал ресейліктер оны бүгінгі біздегіше бүкіл саланы жайлап бара жатқан берекесіздікті жою үшін әдейі енгізіп, әлемге танымал РАО-ға ғана куәлік беріп, өзгесін аккредитациядан өткіз­бей тастаған. Соның арқасында «саңырау­құ­лақша» қаптап кеткен қоғамсымақтар өз-өзінен жоғалған. Қазір 160 миллион халқы бар ұлан-байтақ Ресейде авторлардың мүліктік құқығын жалғыз РАО ғана бақылайды. Жалпы, әлемнің бәрінде солай – Англия, Германия, Италия, Испания, Индия, Жапония, Бразилия, Мексика, т.т. секілді дамыған елдердің бәрінде де – бір-бір қоғам ғана. Демек, жаңадан «велосипед ойлап табудың» керегі жоқ. Әлемдік тәжірибені пайдалану керек. Өйткені, автор­лық құқық саласы дүниежүзілік ауқымда жұмыс істейді. Біздің еліміз тегіннен-тегін халықара­лық 5 конвенцияға мүше болған жоқ. Тегіннен-тегін Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйы­мына кірген жоқ. Біздің ҚазАҚ та халық­аралық СИЗАК ұйымына сондықтан мүше болған. Ал Қазақстандағы әлгі аталмыш қоғамдардың шетел қоғамдарымен байланысы мүлдем жоқ, бірақ соған қарамастан, былтырдан бері шетел авторларының қаламақысын да жинап келеді. Оны қалай бөледі, кімге береді – жауап жоқ. Өйткені, біздегідей әлемнің 2,5 миллион авторының 20 миллионға жуық туындылары тіркелген әлемдік деректер базасы оларда мүлдем жоқ. Бірде-бірінің аты-жөнін де, туындыларын да, тұрағын да білмейді. Сонда жиналған миллиондаған қаржыны не істейді, қайда жібереді? Демек, куәліктерін қайтарып алу керек. Авторлардың қаламақы­сын бір қоғам ғана жинап, деректер базасын­дағы мәліметтер бойынша тиесілі үлесін бөліп, авторларға төлеп тұратын болса, іс рет­теледі. Ал заңсыз бәсекелестік жасап жүрген қоғамдар тарағысы келсе – тарап кетсін, тарағы­сы келмесе – өз авторларының жиналған қаламақысын түгендеп, есеп-шоттарына аудартып алып, мүшелеріне өздері таратып беріп, тіршілігін жасай берсін. Сонда авторлардан алған өкілеттігі жоқтығына қара­мас­тан, олардың мүліктік құқығына заңсыз билік жасап, қалтасына түсу тоқталады. Ал оны жасау үшін еш қиындық жоқ. Жан-жақты тексеріс жаса да, аккредитациясын қайтарып ал. Авторлардың еркінен тыс демпингілік жолмен сыйақысын жинап, әрі жарытымсыз ол ақшаның өзін бір жарым жыл бойы төлемей, инфляцияға ұшыратып отырудың өзі қылмыс қой. Автор қаламақысы – оның жалғыз тіршілік көзі, сондықтан, жалақы секілді ай сайын төленуге тиіс. Заңға енгізілген былтыр­ғы өзгеріс бойынша, кемінде үш айда бір рет төленіп тұруға тиіс деп жазылған. Ал бұлар бір жыл жеті ай бойы төлемейді. Оны тиісті орындар білмей отырған жоқ. Бірақ араласар ниеттері жоқ, құлықтары жоқ. Автор олардың қай бір «екі туып бір қалғаны» дейсің!

Сүйенеріміз сот болып қалды

– Авторлық құқық саласында жиырма жылдан астам уақыттан бері істеп келе жатқан білікті басшысыз ғой. Осыны реттеу үшін өзіңіз тікелей қандай әрекет жасадыңыз?

– Қолымнан келгеннің бәрін істедім. Осы аккредитация басталарда сол кездегі министр­дің атына хат жазып, бұның түбі жақсылыққа апармайтынын ескерттім. Орысша жазылған хат қой, «хаосқа апарып соқтырады» деп жазғам. Вице-министрге кіріп түсіндірдім. Бірақ ол «түсінген» жоқ. Айтқаным айнымай келіп, берекесіздік басталғанда, тағы аттан салдым. Министрге де, Бас прокурорға да хат жазып, әлгі 46-1 бабының қандай заңдардың қандай баптарына неліктен қайшы келетінін тәптіштей жазып, күшін жоя тұруды ұсындым. Бұған жауапты Зияткерлік меншік комитеті беріп, Мәжілісте Заңға енгізілер өзгерістер қаралып жатқанын, сонда бұл мәселе де еске­рілетінін хабарлады. Бұл – ұмытпасам, 2010 жыл. Комитет төрағасы Н.Абдрахиммен бірлесіп, мәжілістің жұмыс тобымен қоян-қолтық жұмыс істедік. Мен оларға Дүниежү­зілік Зияткерлік Меншік Ұйымының тәжіри­белерінен деректер жинап беріп, халықаралық СИЗАК ұйымынан, Ресей және т.б. авторлар қоғамдары мамандарынан түсіндірмелер алдыртып, сондай-ақ өзіміздегі жүріп жатқан берекесіздіктің нақты дәлелдері болатын құжаттарды апарып тапсырып, көп тіршілік жасадым. Соның арқасында Мәжіліс бір салада бір ғана қоғам болуға тиіс екен дейтін байламға келіп, шешім қабылдаған. Бірақ, амал не, ең соңғы қабылдаған заңы зияткерлік меншік заңдарына енгізілген өзгерістер туралы еді, оны Сенатқа тапсырды да, өздері ертеңінде тарап кетті. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» демекші, Сенат ол өзгерістерді қабылдамай тастаған. Сонымен бір жарым жыл бойы істеген еңбегіміз далаға кетті. Парламент сайлауы өткен соң, мен екі палата басшыларының атына тағы да хат жазып, мәселені қайта көтергем. Оған да өткен наурыз айында Зият­керлік меншік комитетінен жауап келді: «Заңға өзгеріс енгізу 2013 жылдың 4-тоқсанына жос­парланып отыр, сол кезде қарайтын боламыз» депті. Оған дейін бір жылдан астам уақыт бары өз алдына, енгізілер өзгерістердің жобасын дайындау, жұмыс тобында, комитеттерде талқылау, палаталар сессиясында қарау сияқты шаруаларға ең аз дегенде бір жыл кетеді. Ал автор құқықтарының бұзылып келе жатқанына екі жылға таяу уақыт өтті. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы!.. Әрине, біз қарап отыра алмаймыз. «Барар жер, басар тауымыз» таусылғанша ұмтыламыз. Қоғамдарға ресми түрде хат жазып, біздің мүшелеріміздің және екіжақты келісім-шарт бойынша құқықтарын бақылауды бізге тапсырған 124 ел авторларының қаламақысын аударып беруді талап еттік. Олар жолатпайды. Амал жоқ, сотқа жүгініп жүрміз. «Құқық қорғаушы» әріптесіміз «Абыройдан» өзіміздің 107 автордың атынан жиналған ақшалары туралы мәлімет талап етіп, сотқа арыз түсірдік. Сот арызымызды қанағаттандырғалы бері де алты айдың жүзі болды, бірақ орындауға асығар емес. Осы таяуда ғана тағы да 93 автордың атынан арызданғанбыз, сот оны да қанағаттандырды. Ресей авторлар қоғамы өздерінің 373 авторының бұзылған мүліктік құқығын реттеуді талап етіп хат жібергелі де біраз болды. Ол да сотта жатқан ауыр шаруа­ның бірі. Дәл осындай жағдай Шымкенттегі «САП»-қа да қатысты. Осы қоғамның заңсыз берген лицензиясымен жұмыс істеп келген «Павлин» дейтін кафемен соттасып, 1 миллион 794 мың теңге ұтып алдық. Біреуді алдап соғып, текке арандатып қойғанын көрмейсің бе! Сол «САП» басшыларына қарасты «АСД рекордс» студиясының үстінен бірнеше іс қозғап едік, соның екеуі бойынша біздің қоғамның мүшелеріне тиесілі 15 миллионнан астам ақша өндіріп беру туралы шешім шықты. Осының бәрін жоғарғы бақылаушы органдар білмей отырған жоқ. «Қай жеңгенің менікі» дейтін қағидат ұстанатын болу керек, ол тараптан ешқандай әрекет байқалмайды. Бізде қазір соттан өзге мият жоқ, бар тіршілігіміз «құқық қорғаушылармен» арпалысумен өтіп барады.

– Өткен жылы қазақ тілді басылым­дардың бірі «Авторлардың ақшасын «жегіш» жеті қоғам» деген мақала жария­лағанда, қосақ ішінде кеткен ҚазАҚ-тың абыройын қорғап, өзіңіз де мақала жариялауға мәжбүр болып едіңіз. Қазір елімізде автор құқығын қорғайтын төрт ұйым бар дейсіз. Қалған үшеуі қайда кетті?

– Ол мақалада көрсетілген жеті қоғамның төртеуі авторлар құқығын қорғаушылар болса, үшеуі орындаушылар құқығын қорғайтындар болатын. Олар ешқайда кеткен жоқ, әлі әзір бар: бірі – КОУПИ деп аталады, Алматыда, екіншісі – Қ.Болманов ұйымдастырған «Демеу», үшіншісі – Шымкенттегі «Қазақ әндерін орындаушылардың одағы». Олардың да жағдайы біздікіндей, айтыс-тартыспен жүр. Орындаушылардың құқығы авторлық құқыққа жатпайды, сабақтас құқыққа жатады. Сабақтас құқықтар авторлық құқықтан туындайды. Олар үшеу: музыкалық туындыларды орын­дау­шылар құқығы, фонограмма жасаушылар құқығы және хабар тарату ұйымдарының, яғни теле-радио мекемелерінің құқығы.

– Оқырман үшін Қазақстан авторлары қоғамы қандай жағдайда және нақты кімдердің құқығын қорғайтынын жүйелеп айтып беріңізші. Өйткені, бұл мәселеде де түсінбеушіліктер бар.

– Біздің Қоғам әдебиет пен өнер саласындағы авторлардың – композитор, ақын, драматург, суретші, хореографтардың мүліктік құқығын қорғаумен айналысады. Нақтылай түссек, өздерінің қорғау мүмкіндіктері жоқ авторларды қорғаймыз, ал өздерінің де қорғау мүмкіндіктері бар жерге біз араласпаймыз. Айталық, жазушының өз құқығын қорғау мүмкіндігі өзінде. Жазған кітабын баспаға өзі апарып береді, демек, шартқа отырғанда, бар мәселесін өзі шеше алады деген сөз. Ал ән авторларының ондай мүмкіндігі жоқ, туындысы жарияланған соң-ақ, оны орындаушылар әр жерде-ақ пайда болады. Әндер бір мезгілде еліміздің ондаған қалаларында, жүздеген кафе-ресторандар мен концерт залдарында шыр­қалып жатуы мүмкін, оны бақылауға оның ешқандай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мүліктік құқығын бақылауды олар Қоғамға тапсырады.

– Ал оқулық авторлары да өздерінің келісімінсіз қосымша таралыммен яки «қарақшылық» жолмен шығарылған кітаптарының қаламақысын талап етіп, соттасып жатады. Осы іске соңғы жылдары сіздер араласпай жүрген сияқтысыздар?

– Дұрыс айтасың. Бұрын бізге осындай мәселемен авторлар келіп тұратын. Шамамыз жеткенше көмектесуші едік. Сотқа жүгініп, тиесілі ақшасын өндіртіп беретінбіз де, жаса­ған қызметіміз үшін пайыздық мөлшермен белгіленген ақымызды алатынбыз. Ол автор­ларға өте тиімді еді. Өйткені, біз адвокаттарша қызметіміздің ақысын алдын ала белгілеп, аванс талап етпейтінбіз. Ұтсақ – ұттық, ұтпа­сақ – ештеме жоқ, олар ештеме төлемей­тін. Бірақ, осы ісіміз өкілеттік органға ұнамады, бұны коммерциялық әрекет деп тапты. Сонан соң тоқтаттық. Бұрын жыларман боп келіп отырған соң, көмек қолын созбауға арымыз жетпейтін, енді, жақсы сылтауымыз бар. Түсін­діріп айтып, бас тартамыз. Бір қиындықтан қолымыз босап қалды. Ал авторларға обал болды.

– Ғылыми туындылардың, патент иелерінің зияткерлік меншігін қорғауға, қорғасуға сіздердің қоғамдарыңыздың құзыры жүре ме?

– Жоқ, біз бұл саламен айналыспаймыз. Олардың өз мекемелері бар.

– Кейде мерзімдік басылымдарда «Авторлар назарына», «Авторлардың мұрагер­лерінің назарына» деген атпен хабарландыру жариялап, жиналып қалған ақшасын алуға шақырып жатасыздар. Ақшасын іздемейтін бұлар кімдер?

– Әдебиет пен өнер саласы да үздіксіз даму үстіндегі процесс қой, авторлар қатарына үнемі жастар келіп қосылып жатады. Бәрі бірдей авторлық құқық туралы, біздің мекеме туралы біле бермейді, концерттерге қатысып, кафе-ресторандарда ән салып жүре береді. Ал сыйақылары бізге келіп түсіп жатады. Жоғарыда аталған 46-1 бабының міндеті осындай авторларға бағытталған болуға тиіс еді. Әлемдік тәжірибеде солай. Заңға әлгі бап енгізілгенге дейін біз «бланкеттік лицензия» дейтін терминді басшылыққа алып, қоғамға мүше емес ондай авторлардың сыйақысын да жинап, өздерін іздестіріп тауып, мүшелікке қабылдап келгенбіз. «Сыйақысын іздемейтін» авторлардың екінші бір тобы – марқұм болған кісілер. Дер кезінде мұрагерлігі ресімделмей қалған әдебиет пен өнер қайраткерлері ұшы­расады, оларға да оқта-текте азын-аулақ қалам­ақы түсіп тұрады. Әжептәуір тиын-тебен жиналып қалған соң, балаларын яки жақындарын іздестіруге тура келеді. Былтыр ғана жүзден астам осындай жастар мен марқұм авторлар­дың мұрагерін іздеп таптық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.