29 Тамыз, 2012

Қалам – қандауырдан да қуатты құрал

1564 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Қалам – қандауырдан да қуатты құрал

БАҚ тілі мінсіз болсын десек…

Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде 449 газет пен 117 журнал шығады екен. Оның сыртында қазақ, орыс тілде­рінде екі тілде шығатын газет-журналдар тағы бар. Кеңестік дәуірмен салыс­тыр­ғанда қазақ басылымдары са­ны­ның бұлай артуы тәуел­сіздік арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз. Осы басылымдар қазақ тілінің ше­ші­мін таппаған сан алуан мәсе­лелерін үздіксіз кө­теріп, тіліміздің дамуына, оның Ата Заңда көрсетілген мәрте­бе­сі­не сәйкес қолда­ны­луы­на қат­ыс­ты жазудан жал­ық­қан емес. Тек журна­лис­тер­дің ға­на емес, тілші ғалымдар мен филологтардың, тіл жана­шыр­лары мен түрлі сала мамандары тарапынан тілдің жайын сөз еткен сан алуан ма­қа­лалар да негізінен қазақ ті­лін­де жарық көретін газет-жур­налдарымыз арқылы қал­ың жұртшылыққа жол тартады.

БАҚ тілі мінсіз болсын десек…

Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілінде 449 газет пен 117 журнал шығады екен. Оның сыртында қазақ, орыс тілде­рінде екі тілде шығатын газет-журналдар тағы бар. Кеңестік дәуірмен салыс­тыр­ғанда қазақ басылымдары са­ны­ның бұлай артуы тәуел­сіздік арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз. Осы басылымдар қазақ тілінің ше­ші­мін таппаған сан алуан мәсе­лелерін үздіксіз кө­теріп, тіліміздің дамуына, оның Ата Заңда көрсетілген мәрте­бе­сі­не сәйкес қолда­ны­луы­на қат­ыс­ты жазудан жал­ық­қан емес. Тек журна­лис­тер­дің ға­на емес, тілші ғалымдар мен филологтардың, тіл жана­шыр­лары мен түрлі сала мамандары тарапынан тілдің жайын сөз еткен сан алуан ма­қа­лалар да негізінен қазақ ті­лін­де жарық көретін газет-жур­налдарымыз арқылы қал­ың жұртшылыққа жол тартады. Жалпы, қазақ тілінің мұ­ң­ын мұңдап, жоғын жоқ­тай­тын да қазақ баспасөзі, қазақ тілді журналистер қауымы екені баршамызға белгілі. Ті­лі­міз­дің дамуы мен қол­да­ны­сына елеулі үлес қосып отыр­ған төл баспасөзіміздің тілі жөнінде дүр­кін-дүркін сөз қозғалып жатады. Бұл мәселе тіл ма­ман­дарының назарынан да еш­­қашан тыс қалып көр­ген емес. Жекелеген мақала­ларды айтпағанда, әр кезең­дегі қазақ мерзімді басы­лым­дарының тілін зерттеуге ар­налған монографиялар жазылып, бірқатар кандидаттық, док­­торлық диссертациялар қор­­ғалды. Осы дәстүрді жалғас­тырып, біз де кейінгі бес-алты жыл көле­міндегі баспа­сөздегі сөзқол­да­ныс, сөз­жа­сам, терминжасам мәселе­ле­рін қарастырып жүр­ген­дік­тен, жинақталған деректер негізінде кейбір ойларымызды ортаға салуды жөн көр­дік. Әрине, қазақ баспа­сө­зінің бү­гінгі биігінде ондағы тіл мен стиль мәселелерінің негізінен ойдағыдай шешіліп келе жа­туының мәні үлкен. Газеттер мен журналдардағы мақала, сұх­баттардың тілі же­тік, содан да ойы айқын бола түс­кені талас тудырмайды. Әйт­се де, қолдағымызды еш­кім де тартып алмайтынын ескере кетіп, бұл мақалада біз негізінен баспасөз тілінің мә­де­ниетіне, сөзқолданыcта ор­ын алып жүрген кейбір кем­шіліктерге баса тоқтала­мыз.

Әрине, қазақтың тілін бір кісідей білетін, қаламы төсел­ген, әр сөзді талғап-таңдап орнымен қолданатын, қағаз бе­тіне түскен немесе аузынан шық­қан әр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарайтын тә­жірибелі, білікті журналис­тер де аз емес. Олардың жаз­ғанын кім де болса сүйсініп оқиды, сөйлеген сөзіне зейін қойып ілтипатпен тыңдайды. Алайда үнемі олай бола бер­мейді. Кез келген өзге сала­лар­дағы мамандар сынды жур­­­налистердің де біліктілігі, кәсіби деңгейі, жазу шебер­лігі, сөз қолдануға деген жау­апкершілігі бірдей емес. Сон­дай-ақ газет-журналда тек жур­­налистердің ғана емес, білімі мен кәсіби дайындығы, тілді білу деңгейі әркелкі түрлі сала мамандарының жаз­­ғандары да жарық көріп жатады. Осының бәрі бас­пасөз тілінің сапасына әсер ететіні сөзсіз. Бұл секілді факторлардың қай-қайсысын да ескере отырып, бүкіл қо­ғам көз тігетін қазақ бас­па­сөзі тіл мәдениетінің жо­ға­ры болуына, әдеби тіл норма­ла­ры­ның сақталуына, публи­циc­­тикалық стильдің кемелдене түсуіне айрықша мән беріп отырғанымыз абзал. Бұ­ған қолына қалам ұста­ған­дар да, осы басылымдардың оқыр­­ман­дары да мүдделі болуы керек.

Әр сөзді мағынасына қар­ай орнымен қолдану – тіл мә­дениетінің ең өзекті мәсе­ле­лерінің бірі. Сөзқолданыс ба­ры­сындағы орын алатын кем­шіліктер көбінесе сөз мағы­насын анық білмеуден, оның тура мағынасы мен ауыс мағынасының аражігін айқын ажырата алмаудан, синонимдер қатарынан қажет сөзді таңдап-талғап пайдаланбаудан немесе жауапсыздық салдарынан туындап жатады.

Мына сөйлемге назар аударып көрелік: «Отандық теле­ар­наның озық майталмандары кім­дер?» (Әйгерім Бақытқызы. «Ай­қын», 29 желтоқсан 2011 жыл. № 244). Онсыз да «озық, озат, асқан шебер» деген мағынаны біл­ді­ретін «майталман» сөзінің алдына «озық­ты» қосақтау мүлде артық. Озық емес майталман болмайды. «Майталман» деген озықтың озы­ғы. «Өз ісінің хас шебері» деген мағынаны білдіріп тұрған «майталман» сөзінің алдынан тір­кес­кен «озық» оған қосымша мағына үстеп, әр беріп тұрған жоқ. Кері­сінше, көлеңкесін түсіріп, артық қолданылғаны көзге ұрып тұр. Суретші салған суретін әрлендіре түсем деп әр түсті бояуларды ар­тық жағып алса, бояулар үй­ле­сім таппай, баттасып, суреттің әрін қашырып алуы мүмкін. Қалам ұс­таған жан да сөздерді талғап, таң­дап артық та кетпей, кем де түс­пей, мағына үйлесімін тауып орнымен қолданбаса, сөйлемнің де әрі қашып, айтылмақ ой бұ­лың­ғыр болып қалмақ.

«Алматы ақшамы» газетінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 100-101 нөмірінде «Дүние дүрмек» айдарын әзірлеген жас журналист Айкерім Раисқызы шағын мақала тақырыбын «Гауһар тасты жұтып қойды» деп атапты. Бұл тақы­рып­ты оқыған адамның басына алдымен Гауһар есімді адам тасты жұтып қойған екен ғой деген ой келеді. Алайда мақала мәтінін оқыған соң бәрі басқаша екенін түсінеді. Онда: «Қожайын дүкенге келген тұтынушыға қызмет көр­се­туге кеткенде ит үстел үстіндегі қорапсыз жатқан гауһар тастарды жұтып жібереді» – делінген. Тас­ты жұтқан Гауһар есімді адам емес, «Медовая Булка» атты ит екен. Әрине, оқырмандарды ша­тас­тырмай бұл мақалаға «Гауһар тасты жұтқан ит», «Ит гауһар тас­тарды жұтып қойды» немесе басқаша да тақырыптар қоюға болар еді. Бұл жерде жас журналисті ғана кінәлап қою әділетсіз. Мұнда атауларды бір ізге түсіру, сөздерді қосып немесе бөлек жазу мәселесі де көрініс береді. Кейінгі жылдары асыл тастың бұл түрі «гау­һар­тас» түрінде бірге жазылып та жүр. Сөз болып отырған мақала тақырыбында бұл сөз осылай «гау­һартас» түрінде бірге жазыл­ған­да да ешқандай сұрақ туын­да­маған болар еді.

«Қымбат автограф» («Егемен Қазақстан», 23 тамыз 2008 жыл. № 260) деген мақала тақы­ры­бын­дағы «автограф» сөзі мақсатты қол­данылғанға ұқсайды. Орыс ті­лін­дегі «автограф» сөзінің тілі­міз­дегі баламасы «қолтаңба» сөзі. «Автограф» сөзінің тілдік қолда­ны­сымызда болғаны белгілі. Алай­­да осы сөздің орнын «қол­таңба» сөзі алмастырып, жаппай қолданылатын деңгейге жетіп, әдеби тіл сөздігі мен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздік­теріміздің бәріне енгеніне, қол­данысы орныққанына да едәуір уақыт өтті. Соған қарамастан, ма­қала мәтінінде «қолтаңба» сөзін қолдана отырып, тақырыпқа «автограф» сөзі алынғанда не мақсат көзделді екен деген ойға қалдық. Біздіңше, тақырыпты «Қымбат қол­­таңба» деп қойғанда екі сөздің басындағы дауыссыз «қ» дыбыс­тары өзара үндесім тауып жара­сып-ақ кетер еді. Мәселен, «дүбір­лі дода», «жасыл желек», «қыл­ық­ты қыз», «терең теңіз» деген тір­кестердегідей дыбыстар үйлесімі көрер көз, естір құлаққа жағымды әсер етіп, оқырман назарына ілі­нер еді.

Кейде басылымдарда сөз тір­ке­сі, сөйлем құрамындағы еті­стік­тердің мағынасына қарай дұрыс қолданылмай, сөйлем баяндауыштары тиянақсыз болып жататын тұстар жиі ұшырасады. Көзге түс­кен көп мысалдың екі-үшеуін ғана келтірелік. Мысалы, «Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынаста аза­мат­тың еңсесі түспеуін, арудың са­ғы сынбауын мансұқтау» («Нұр Ас­тана», 19 наурыз 2008 жыл. Бет­ті әзірлеген: Г.Әбжәлелқызы). Сөй­лем аяқталмай қалған, ай­тылмақ ой түсініксіз. «Ман­сұқ­тау» етістігі орынсыз қол­да­ныл­ған. Ескендір Ертай «Теміржол тұрғызу – аса күрделі үдеріс» («Алаш айнасы», 8 шілде 2011 жыл. № 117) деп жазыпты. Осы сөйлемде «тұрғызу» сөзі орынды қолданылып тұрған жоқ. Үй, ғимарат, мұнара, т.б. тұр­ғы­зы­ла­ды. Ал жол қалай тұрғызылады, ол салынады немесе төселеді.

Тілде кез келген дыбыс пен ды­бысты, сөз бен сөзді тір­кес­ті­ріп, дыбыстар тіркесін немесе сөз тіркесін тудыра беруге болмайды. Қатар тұра алмайтын, өзара үй­лесім таба алмайтын дыбыстар да, сөздер де бар. Сөз сөзге шуа­ғын төгумен қатар, көлеңкесін де түсіретіні белгілі. Осыны ескермей қиыннан қиыстырып, тың сөз тіркесін туғызам деу үнемі сәтті бола бермейтінін де ескерген абзал. Ондай мақсат қоймағанның өзінде сөз қолдануға, тіркес үй­ле­сімділігіне жауапсыз қара­ма­ған жөн. Мына мысалдарға назар ау­да­ралық: «Спорт тақырыбында қа­­лам қозғау ер журналистер үшін ғана емес, нәзік жанды аруларымыз үшін де өте қызық» («Дала мен қала», 7 наурыз 2008 жыл. Дайындаған: Азиз Ордабаев). Тіл­дік қолданысымызда орныққан «қалам тербеу», «қалам тарту» секілді тіркестер тұрғанда, «қалам қозғау» деген «жаңа тіркес» жасап қолданыпты. Сәтті қолданыс дей алмаймыз. Бұл тіркес қалам­мен жазу емес, «қаламды бір жерден алып, екінші жерге жылжыту», «қаламды орнынан қозғау» деген түсінік туғызады. Сондай-ақ бұл сөйлемде «әйелдер», «қыз­дар» деген мағынада жұмсалатын «нәзік жандылар» мен «аруларды» қосақтап қолданудың да қажеттілігі көрініп тұрған жоқ. «Айқынның» (26 шілде 2011 жыл. № 135) бас мақаласының тақы­ры­бы «Салтанат қақпасы» ұрпаққа ой беруге тиіс» деп беріліпті. «Ой беру» деген қолданыстың не бере­рін білмедік, біз осы сөйлемде тілімде қолданысы орныққан «ой салу» деген тіркестің қолданыл­ғаны оң болар еді-ау деген ойда қалдық.

«Алматы ақшамының» 2012 жылғы 27 наурыздағы № 36-санында Айнабай Мәдидің автор­лығымен «Асық атуды» хансулық қос фотосуретші жығылып жатып, суретке түсірді» деген тақы­рыппен мақала жарияланыпты. Мақала тақырыбына қарап, қы­тай­лық фотографтардың екеуі бір­дей жығылып бара жатып немесе құлап қалған соң суретке түсірген екен деген ойға қаласыз. Мақа­ла­ны оқып көрсек, олай емес екен. Оны автордың мақала соңындағы «Ал, «Асық ату» сәтін хансулық (қытайлық) фотосуретшілер қос қапталдан жығылып жатып суретке түсіргенін көрдік» деген сөй­лемін оқығанда білдік. Қытайлық қос фотограф ешқандай да жы­ғыл­маған. Еңкейіп «асық ату» кезіндегі балалардың эмоциясын, қимылын, асықты көздеген, шиырып тұрған сәттерін қалт жіберіп алмау үшін қытайлық фотографтар асық атушылардың екі жа­ғы­нан жатып түсірген. Олар жы­ғы­лып-сүрінбеген, бірнәрсеге шалынып та құламаған. Өздерінің қа­лауымен жатып түсірген. Бұл жерде мақала авторы «жығылу» сөзі­нің мағынасына мән бермей, оны мақала тақырыбында да, мақала соңындағы сөйлемінде де орынсыз, артық қолданған. «Жығыл» (жық-ыл-у) сөзі ырықсыз етіс тұл­ғасындағы етістік. Яғни, адам ерік­ті түрде жығылмайды, құла­май­ды. Cондықтан «жығылып жатып» демей-ақ, «жатып суретке түсірді» десе жеткілікті еді. Ал одан да әсерлірек тақырып беру қажет болса, «жата қалып», «ет­пе­тінен жатып», «шалқасынан жатып» немесе басқаша да құ­был­тып жазуға сөз табылар еді ғой.

Жекелеген сөздерді, сөз тір­кес­терін калькалаумен қатар, тұтас сөйлемдерді орыс сөйлемінің қа­лы­бына салып құрау да белең алып бара жатқан құбылыс. Ақ­тау­лық заңгер маман Қамысбай Бе­сінбергенұлы мақаласындағы бір­қатар сөйлемдер еріксіз көңіл аудартады. Мысалы: Мен айтар едім, осы «инвестиция» тарту деген нарықтың жаңалығы бар-ау, біздің қазақтың түбіне жетеді деп. Мен айтар едім, бұл фактілер – Қазақ еліндегі таза көрініс, өмір шындығы. Автордың бұл сөйлемі орыс тіліндегі «Я бы сказал…» деп басталатын сөйлем үлгісімен жасалған. Ал оның «Кейде мен ойлаймын, жақсы…, Қазақ елінің ересектері, өз жерінің байлы­ғы­ның пайдасынан үмітін үзіп, құл­дық сезімге қарай ойысып барады делік, ал жастарымыз не ойлайды» деген сөйлемі орыс тіліндегі «Иногда я думаю, хорошо…» түрінде келетін сөйлемнің қазақ­ша тікелей көшірмесі. («Жас Алаш», 18 қаңтар 2011 жыл. № 3). Бұл сөйлем де орыс тіліндегі «Я не понимаю…» деп басталатын сөйлемнің ізімен құрылған. Мақа­ла авторының орысша оқыған, орыс­ша ойлайтын, қазақша көп жазбайтын адам екендігі анық аңғарылып тұр. Құдайға шүкір, бізде орысша оқығандар, орыс тілінде ойлайтындар, қазақша сөй­леп, жазуға шорқақтар жет­кілікті. Олардың қазақша жазуға тал­пын­ғанын қуана құптайық. Алайда жазғандарының бәрін тү­зетпей газет-журналдарымызға ба­са берсек, шығатын кітаптарын редак­цияламай-ақ жариялай берсек не болады? Сонда жазу мәдениетін сақтауды, БАҚ тілінің сауатты болуын кімнен талап етеміз?

«Қазіргі кезде бұл жол апаты құзырлы органдармен тексеріліп жатыр» (Нұрила Бектемірова. «Қазақстан-Zaman», 2 ақпан 2012 жыл. № 05) деген сөйлемде «құ­зырлы органдармен тексеріліп жатыр» (В настоящее время данное дорожное происшествие расследуется компетентными органами) сөйлеміндегідей «компетентными органами» тіркесін дәлме-дәл кө­ші­ріп аударудан туындаған. Дұры­сы бұл сөйлемді «Қазіргі кезде бұл жол апатын құзырлы органдар тексеріп жатыр», деп құрағанда, аударма шырмауына түсіп сі­рес­пей, жатық айтылған, жеңіл оқыл­ған болар еді.

Сөзқолданыс туралы сөз қоз­ға­ғанда баспасөздегі термин­дер­дің қолданысы туралы да айтуға тура келеді. Мерзімді баспасөзде Мемтерминком бекіткен термин­дер­дің бірізді қолданылуы өте маң­ызды. Бұл бекітілген атау­лар­дың қолданысы тұрақтап, оларға көпшіліктің көзі үйренісіп, санасына тез сіңуі, тілде жарыс­па­лы­лықтың орын алмауы үшін қажет. Алайда осы қажеттіліктің өте­луі­не жете мән берілмей жататын тұстар да жиі байқалып жатады. Мәселен, «Ресейдің «Газпромы» Орын­бордағы газ және мұнай өң­деу зауытындағы қазақстандық-ре­сейлік біріккен кәсіпорындағы жұмысын бастауды кешіктіріп отыр» («Түркістан», 30 қазан 2008 жыл. №44) деген сөйлемде ресми бекітілген «бірлескен кәсіпорын» орнына «біріккен кәсіпорын» деп қолданылған. Бірігіп кету мен екі кәсіпорынның дербестігін сақтай отырып, бірлесіп жұмыс істеуінің үлкен айырмашылығы бар. Ал «Күдікті екі адам болғандықтан, полиция қызметкерлері осы дү­кен­де торуыл қойып, екінші сезік­тіні де құрықтады» («Егемен   Қаз­ақстан». 20 желтоқсан 2008 жыл. № 405-412) деген бір сөй­лемде «подозреваемый»-дың ба­ла­масы ретінде бекітілген «кү­дік­ті» мен оның бекітілмеген жарыс­па нұс­қасы бір сөйлемде қатар қолда­нылған. Мемтерминком кон­суль­тативтік-кеңесші орган бол­ған­дық­тан, ол өзі бекіткен тер­мин­дерінің бірізді қолданылуын мін­деттей алмайды. Сондықтан көп­­теген бекітілген атаулардың қол­­данысқа еніп кетуіне бас­па­сөз­дің ықпалы зор екенін БАҚ өкіл­дері ескерсе дейміз.

Тағы бір мысалға назар аударып көрелік: «Сондай-ақ ұйқы­сыз­дық пен ұйқысы қан­бай­тын­дардың бас миының жұмысы нашарлап, ашуланшақ болады дей­ді» («Ана тілі», 16-22 маусым 2011 жыл. № 24) Бұл сөйлемдегі «бас миы» деген орыс тіліндегі «головной мозг» дегенді калька жолымен тікелей аудару барысында пайда болған жасанды атау. Өзімізге өзіміз жау болмасақ, мұндай баянсыз тірлікке баруға тиіс емеспіз ғой. Сол себептен де қолымызға қалам алған үлкеніміз де, кішіміз де сөз жасауға, сөзді қолдануға, өзге тілден аударуға үлкен жауапкершілікпен қарауға тиістіміз. Айналып келгенде, мұ­ның бәрі ұлттың тілін жетік білу мен кәсіби біліктілікке келіп тіре­летіні айдан анық. Осы ап-анық нәрселерді ескере отырып маман дайындай алмау, сол жоғары та­лапқа сай келетін мамандардың өз орнында қызмет етпеуі, білетін ісінің басында болмауы тек журналистика мен тіл саласы ғана емес, қоғамдық өміріміздің басқа да барлық саларындағы шешімін таппаған мәселелердің қордалана беруіне апарып соғатыны сөзсіз. Тілді және тілдің жай-жапсарын, оның ішкі мәселелерін жақсы білмейтін, кәсібін өз деңгейінде меңгермеген маман, қанша жерден ниеті түзу, қаншалықты тілге жанашыр болса да, тіліне қызмет етем деп жүріп, оған пайдасын емес зиянын тигізіп, артық қылам деп жүріп тыртық қылуы мүмкін. Тіліміздің «тәніне» тыртық түсі­ріп алмау үшін қылпылдаған қан­дауыр ұстаған оташы – хирургтей, біз де қаламымызды шеберлікпен, асқан жауапкершілікпен байқап-байқап қолдануымыз керек. Бүкіл қоғамға, халықтың аса қымбат қазынасы тіліне, ұлттың санасына ықпал етуі жағынан қалам қан­дауырдан әлденеше есе қуатты құрал. Сондықтан да мұндай қуат­ты құралды қолға алғанда, бүгінгі қаламымыз пернетақтаны бас­қан­да, негізгі айтпағымыз жазуға, сөз қолдануға келгенде қай-қайсы­мыз­дың да мойнымызда зор жау­ап­кершілік тұрғанын бір сәт те ұмытпауға тиіспіз.

Баспасөзде жиі көрініс беретін кемшіліктің бірі – тұрақты сөз тіркестерінің дұрыс қол­даныл­мауы. Мәселен, «АҚШ спортшылары жан салмады» («Айқын», 3 қыркүйек 2010 жыл. № 161). Тіл­де «жанын салды» деген тіркес «аянып қалмады, бар күш-жігерін жұмсады» деген мағынада қол­да­нылады. Бұл тіркес негізінен болымды мағынада жұмсалатын бол­ғандықтан, осы сөйлемді оқы­ған адамның басында «АҚШ спортшылары не үшін аянып қал­ды екен» деген ойдың қылаң бере­рі табиғи нәрсе. Алайда мақаланы оқысақ, керісінше, АҚШ спортшылары бәрінен үздік шық­қан­дығы айтылыпты. Сонда барып біз «бәрінен озды, үздік шықты, ешкімді алдарына шығарған жоқ» деген ойдың айтылмақ болғанын ұқтық. Тіліміздегі осы мағынаны дәл беретін «алдына жан салмады», «алдына қара салмады» деген тұрақты тіркестің дұрыс қол­данылмауы салдарынан сөйлем ма­ғынасы өзгеріп, айтылмақ ой бұр­маланып, оқырманға дұрыс жетпеген. Яғни, тұрақты тіркес құ­рамындағы «алдына» сөзі алынып қалғандықтан осылай болған. Мұндағы бар мәселе – тұрақты тіркестің құрамындағы сыңар­ла­рының ешқайсысы өзгертілмей, қысқартылмай, басқа сөзбен ал­мас­тырылмай, тұрған орнында, жеке сөздер сияқты дайын қал­пында қолданылатынын ескермеуден туындап отыр. Сол себептен қалам алған қауымның қай өкілі болса да қашанда осы жайды ес­керсе екен дейміз. Тұрақтылығын бұ­зу­ға болмайтындықтан да олар «тұ­рақты тіркестер» деп аталмай ма? Сол ұзақ жылдар бойы қалып­тасқан тіліміздің тамаша байлығы болып саналатын тұрақты тір­кес­тердің тұрақсыздануына жол бермей, оларды мағынасына қарай орнымен жұмсай білсек, ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты бола түсетініне ешкім күмәнданбаса керек.

Кейде тіліміздегі тұрақты тір­кес­тер сұранып тұрған жерде олар­ды қолданбай, айтпақ ойды көмескілендіретін сәтсіз сөз тір­кестерін пайдалану деректері де кездесіп жатады. Мысалы, «Алматы ақшамында» (12 наурыз 2009 жыл. № 29) таиландтық боксшыны рингте ұрып құлатқан қазақ­­стандықтың мықтылығын айтпақ болған журналист екі аяғы көкке көтеріліп құлап жатқан боксшы түсірілген фотосуретке былай деп жазады: «Тараздық (танк) таи­ланд­тың аяғын көкке көтерді». Тараздық жатқан тайландтықтың («тайландтың» емес) аяғын кө­тер­ген жоқ, ол жерлесіміздің қатты соққысынан аяғы көктен келіп құлады. Осы көріністі қазақ тілін жетік білетін журналист «аяғын ас­паннан келтірді» деп жазған болар еді.

Баспасөз беттеріндегі кейбір ма­қалаларда сөздердің орын тәр­тібін сақтамағандықтан, сауатты құрылмай жататын сөй­лемдер де ұшырасып жатады. Мысалы, «Ұл­а­н­ба­т­ыр­да ең үлкен тұмауға қарсы тұмылдырық тігілді» («Алматы ақшамы», 21 қараша 2009 жыл. № 136) деген сөй­лемге назар аударып көре­лік. Ха­бар­лан­бақ болған жа­ң­алық тұ­мау­дан сақтану үшін кие­тін «ең үлкен тұ­мыл­ды­рық­тың тігі­луі» туралы екен. Алайда бұл сөй­лемді оқыған адам бас­тап­қыда әңгіме өте кең та­раған, жұқпалы тұмау туралы айтылып отыр ма деп қалады. Оқырман ай­тыл­мақ хабар­дың ол емес екенін ма­қала мазмұнымен таныс­қан­нан кей­ін ғана барып, мә­се­ленің мәнін тү­сі­неді. Себебі, сөй­лемде «ең үлкен» тір­ке­сінің орын тәр­ті­бі сақ­тал­май, анықтауға тиіс «тұмыл­ды­рық» сөзінің ал­дынан емес, «тұмау» сөзі­нің алдынан қолданылған. Егер «Ұлан­ба­тырда тұмауға қар­сы ең үлкен тұмылдырық тігіл­ді» делінгенде, сөз­дер­дің орын тәртібі бұзылмай, айтылмақ ой анық, сөйлем де дұрыс құралған болар еді.

Көптік жалғауын орынсыз жалғау да көптеп кез­де­сетін кемшіліктің біріне айналып барады. Оған да мысал жетіп артылады. Со­лар­дың бір-екеуін ғана кел­тіре­лік. Мәселен, «Қазіргі уақ­ыт­та шамамен 500 шаруалар ІКС-тің қамқорлығымен жұ­мыс жасауға тілек білдірді және орталықпен селек­ция­лық үдерісті ғылыми қолдау туралы шарт жасасты».   (А.Күрішбаев. «Егемен Қазақ­стан», 19 ақпан 2010 жыл. № 61-62 ). 500 шаруалар емес – 500 шаруа. Есептік сан есім анық жазылып тұр­ғаннан кейін көптік жал­ғау­ын жал­ғаудың жалған­бай­тыны бел­гілі. Осы қара­пай­ым ереже неге бұзыла бере­ді? Ғалым Сүлеймен «Яғни, Ресейден кел­ген қос зіл­теміршілердің өзара тартысы соңғысының пайдасына шешіліп жатса, еш таң­да­ну­ға болмас» («Ай­қын», 14 мамыр 2009 жыл. № 84) деп жазыпты. «Қос» деп бас­та­ған соң көптік жал­ғауын жалғамай-ақ «қос зіл­те­мір­шінің» деген дұрыс еді ғой.

7-8 жасқа дейінгі бала­лар­ға ғана «жасар» деп қол­данылатындығы баспасөзде жазылған еді. Бірақ ол қа­пер­ге алынып жатпаған тә­різді. «Халық сөзі» (20 сәуір 2012 жыл, №31) газеті ша­ғын мақала тақырыбын «31 жасар «сәби» деп атаса, «Ал­­маты ақшамынан» (18 ақпан 2010 жыл. № 20) «Қы­тайлық 34 жасар Фэй Юфу оянбастан 203 күн бойына ұйқыға шомған» деген сөй­лемдерді оқыдық.

Қазіргі қазақ баспасө­зі­нің тіліне, ондағы сөзқол­да­ныс мәселесіне назар аудар­ға­ны­мызда негізінен осы жо­­ғарыда көрсетілгендей ол­қы­лықтар көбірек орын алып жүргені байқалды. Соң­ғы 4-5 жыл көлемінде газеттерден жиналған материалдар мұ­нымен шектел­мей­ді. Олар­­дың бәрін тізіп жатуды мақ­сат етпедік. Біз тіл маманы ретінде, олардың ішіндегі жиі орын алып жүр­ген­де­ріне қалам ұстаған қауым на­за­рын аудартуды мін­де­ті­міз санадық.

Көптеген оқырмандар «га­з­еттен оқыдым», «газетте осылай жазған» деп газет сөзін алға тарып, онда жаз­ылғандарды қашанда дұрыс деп қабылдайды. Әр сөздің қолданысына, сөйлемнің құ­­ры­лымына мән беріп оқи­тын, кей қолданыстарға кү­мәнмен қарайтын, ондай­лар­ды бірден қабылдай қой­майтын талғампаз оқыр­ман­ның өзі, сол сөз тіркестері мен сөздерді газеттен қайта-қайта оқи берсе, олардың да біртіндеп көздері үйренеді. Бұл газеттің қоғамдық са­на­ға, тілдік нормалардың қал­ып­тасуына ықпалының зор екенін көрсетеді. Баспасөзде әр сөздің қолданысына үл­кен жауапкершілікпен қарау­дың қажеттілігі де осы себептен туындайды. Сондық­тан да БАҚ тілі мінсіз болсын десек, онда кемші­лік­тер­дің орын алуына жол бер­мей, кездескендерін дер кезінде түзетіп отыру өте маңызды. Жазу мәдениетіміз жеткен биігінен төмен­де­мей, жетіле түсуіне, көсем­сөз стилінің кемелдене беру­і­не кәсіби біліктілікпен атсалысу қолына қалам алған әр азаматтың міндеті.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.