31 Қазан, 2012

Зылиха

2995 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Зылиха

Он тоғызыншы ғасырдың басында (1825 ж.) Петербургтің Сенат алаңында болған патшалық режімге қарсы ал­ғаш­қы бас көтерудің қайғылы аяқталғаны тарихтан белгілі. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылып, оны ұйымдастырушы­лар өлім жазасына кесілді, біраз адам итжеккенге айдалды. Бірақ, біздің бү­гінгі айтпағымыз бұл ғана емес, жазаға кесілген күйеулерін ит өлген жерге іздеп барып, Сібірдің адам айтқысыз азабын бастан кешкен, айдаудың ауыртпалығын сүйгендерімен бірге бөліс­кен декабрис­тердің ақсүйек әйелдерінің махаббатқа адалдығына, ерлікке бергісіз іс-әрекет­теріне әлем жұртшылығы күні бүгінге дейін тәнті екенін еске сала отырып, осындай бекзат қасиет қазақ қыздары мен әйелдерінің де бойларынан табылып жататынын жеткізу. Мәселен, қа­зақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев­тың жары Зылиха Құрманбайқызы жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамал­ған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді, кейін әдеби мұрасының шырақшысына айналды.

 


Он тоғызыншы ғасырдың басында (1825 ж.) Петербургтің Сенат алаңында болған патшалық режімге қарсы ал­ғаш­қы бас көтерудің қайғылы аяқталғаны тарихтан белгілі. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылып, оны ұйымдастырушы­лар өлім жазасына кесілді, біраз адам итжеккенге айдалды. Бірақ, біздің бү­гінгі айтпағымыз бұл ғана емес, жазаға кесілген күйеулерін ит өлген жерге іздеп барып, Сібірдің адам айтқысыз азабын бастан кешкен, айдаудың ауыртпалығын сүйгендерімен бірге бөліс­кен декабрис­тердің ақсүйек әйелдерінің махаббатқа адалдығына, ерлікке бергісіз іс-әрекет­теріне әлем жұртшылығы күні бүгінге дейін тәнті екенін еске сала отырып, осындай бекзат қасиет қазақ қыздары мен әйелдерінің де бойларынан табылып жататынын жеткізу. Мәселен, қа­зақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев­тың жары Зылиха Құрманбайқызы жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамал­ған күйеуінің жоқтаушысы, жанашыры бола білді, кейін әдеби мұрасының шырақшысына айналды.

Шынымды айтсам, Мағжанның жары туралы жеке мақала жазу ойымда жоқ еді, кезінде біраз материалдар жарияланды, мен де ретті жерінде еңбегін елеп, екшеп, назардан тыс қалдырған жоқпын, оқыр­­ман­­­ға ақын өміріндегі ол кісінің орны бө­лек болғанын, араға жыл­дар салып асыл ұлы­мен қайта қа­уышқан халқының Зылиха Құр­манбай­қызына да қарыздар екенін жет­кізуге тырысып бақтым. Дегенмен, ойлап отырсам, ол кісі жайлы әлі айтылмаған әң­гі­ме көп екен. Соңғы кездері есімі де ауыз­ға жиі алына бермейді. Ұмытылып бара жат­қан сияқты ма, қалай? Ол ол ма, «өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, Зылиха ше­шей­ді қаралаушылар да әр жерден бой көр­сетіп қалуда. Олармен айтысып-тар­тыс­қым жоқ. Бәріне уақыт өз төрелігін айта жатар.

Ол кісімен көзі тірісінде бірнеше рет кездесіп, сұхбат құрғанымыз бар. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында, отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін­нің құр­ба­ны болған қазақтың ақиық ақы­ны Мағ­жан Жұмабаев толық ақталып, есі­мі мен шығармалары халқына қайта оралды. Ме­нің Солтүстік Қазақстан облыс­тық ра­дио­сының бас редакторы және Қазақ ра­диосының аймақтағы меншікті тілшісі қыз­меттерін қоса атқарып жүр­­ген кезім. Бұдан бұрын да жазға­ным­дай, ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұраға­тын­да шаң басып жатқан Мағжан Жұма­баев­тың үстінен қозғалған қылмыс­­тық іспен танысуға жол ашылып, ол сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сол­түстік Қазақ­стан облыстық басқармасы бастығының орынбасары болып істеген руханият жанашыры Едіге Қайырбеков­тің көмегінің арқа­сында жұрттан бұрын менің қолыма тиген еді. Мұрағат мате­­ри­ал­да­ры­ның шертер сыры аз емес, әрине. Уақыт табымен сарға­йып өше бастаған ирек-ирек жазуларға жанарымды суара отырып біраз жайға қанық­тым. Мағжаннның азапқа, қайғы-қасіретке толы өмірі кім­нің де болсын сай сүйегін сырқыратқан­­дай. Дегенмен, сол оқиға­лар­дың тірі куәсімен әңгі­мелесу бір басқа екен. Зылиха апайдың Мағжан туралы айтқан естеліктерін бір ауыз сөзін қалт жібер­мей, түгел жазып ал­дық, ке­йін бірнеше хабар жасадық. Әттең, со­­лар­дың бәрі нарықтың алғашқы жылдарында – байтал түгілі бас қайғы бол­ған, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан заманда жойылып кетті. Сонда да біраз жыл газетте қызмет істегенімнің пайдасы тиді. Репортер дегенге аса сене бермей өзім әңгімелескен адамдардың сөз­­­дерін қойын кітапшама да түртіп отырушы едім, сол жазбаларым қажетіме жарап, біраз жай жадымда қайта жаңғырды.

Мағжан мен Зылиха қалай танысып, қайда табысып жүр? Жасыратыны жоқ, кейбіреулердің ойы олар есейген кезде кездейсоқ кездескен адамдар дегенге саяды. Жоқ, олай емес. Олардың таныст­ы­ғы Мағжан білім қуып Қызылжарға келген, осындағы Бегішев деген татардың медре­се­сінде оқып жүрген кезден басталады. Тіп­ті, екеуінің туыстығы да бар екенін, Зы­лиханың әкесі Құрманбай Мағжанның шешесі Гүлсімнің әкесі Әшірбекпен бір туғанын, демек, Мағжан жиен де, Зылиха нағашы болып келе­тінін ескерсек, олар­дың бірін-бірі бала кезден білетінін де жоққа шығара алмаймыз. Әу баста, бұл екеуінің қосы­луына Мағжанның ата-ана­сының қарсы болуының басты себебі, мі­не, осында болса керек. Атақты әнші Ермек Сер­кебаевтың анасы өзінің естелік­те­рінде Зылихамен жастай танысып аралас­қанын, сырлас болғанын Мағжанды тұң­ғыш рет сол үйде көргенін жазады. Ол кісі Қызылжардағы қазақ педтех­ни­ку­мы­ның жанынан ашылған екі жылдық курста оқып жүргенде, жас ұстаз Мағжан қазақ әдебиетінен сабақ береді. «Мағжан ағаның келуін асыға күтетін едік. Ол сыныпқа кіріп келгенде алдымыздан мә­де­ниетті­лік­тің шолпаны жар­­­қырап тұрғандай әсер пай­да болатын… Кейде қыз-келіншектер Мағ­жанның са­­­бағынан кейін сырласушы едік. «Осындай азаматтың назарына ілік­кен Зыли­ха­ның арманы жоқ шығар» дейтінбіз.

1894 жылдың 26 қаңтарында туған Зылиха Құрманбайқызының Мағжаннан жарты жастай ғана кішілігі бар. Қызыл­жар­лық­тарға дәулетті жан ретінде жақ­сы танымал атасы Әлібай қажы тұңғыш неме­ресі өмірге келгенде қатты қуанып, ұлан-асыр той жасайды, есімін Зылиха деп өзі қояды. Ақын ақталғаннан кейін оның жарымен өле-өлгенше араласып тұрған, Зылиха шешей туралы артына біраз деректер қалдырған Мағжанның Қаһарман деген ағасының баласы Ға­ділша өзінің «Жә­жеке» (Алматы, 2005 ж.) деген кітабында: «Зылиха бес жасында мектепке оқуға барады. Қызыл­­жарда қазақ мектебінің болмауынан оны татар мек­тебіне береді. Зылиха оқуды ынтамен оқиды, татар, орыс, араб тіл­­­де­­рін жақсы игеріп, құрбыла­ры­ның алды болады», деп жазады. Алайда, ерінен ерте айырылып қал­ған анасы Жә­мила қы­зы алтыншы сыныпты аяқтаған­нан ке­йін оны «Хат білген қыз балаға зиян, кү­­йеуге өз бетімен ерте кетіп қалады», деп мектептен шығарып алады да, бос уа­қытында үй шаруашылығына – ас пі­сі­руге, киім тігуге, кесте тоқуға баулиды.

Өзі белгілі адамның баласы болса, өзі сұлу болса, қыз-қызғалдақ көзге түс­пей тұ­ра ма, он алтыға аяқ басқан Зыли­хаға да қызығушылар аз болмайды. Мағ­­­жанның да жүрегіне шоқ түскені нақ осы кез. Содан Уфадағы «Ғалия» мед­­­ре­сесіне жүрер алдында ол өзінің жүректі өртеген балауса сезімін Зылихаға хатпен жеткізеді. Мей­­лінше қысқа жазылған хатта былай де­лінген: «Қарындас, Зылиха! Осы хатты алғандығыңызды білдіріп хат жолда­уы­ңыз­ды күтем. Мен биыл оқуға кетем, егерде көңіл қосып, мақұл көрсеңіз, мені кү­ту­ге қалай қарайсыз? Мағжан. 1910 ж. июль». Зылиха хатты алғанмен жауапты кешіктіреді, сол екі ортада Мағжан оқуы­на жүріп кетеді де, бұл екеуі көпке дейін бір-бірімен хабарласа алмай қалады, оның арты күтпеген оқиғаларға ұласады. 1913 жылдың қаң­тарында Зылиханы шешесі Хасан Мұха­медьяров деген саудагерге ұзатып жібе­реді. Бұл жаңалықты Мағжан келесі жылы жазғы демалысқа келгенде бір-ақ ес­­­тиді. Зылиханы іздеп, тұрып жатқан үйі­­­не келеді, бірақ әңгімелері жараса қой­­­майды. Тек келесі жылы Омбыда кез­­­­­­­­дескенде, Мағжан: «Менің хатыма неге жауап бермедің?» деп сұрағанда жанарына мұң ұялаған Зылиха: «Анам­­ның айтқа­нынан шыға алмадым», деп ағы­­нан жарылып, кешірім сұрағандай болады.

Осыдан кейін олар төрт-бес жылдай кездесе алмайды. Оған Мағжанның Омбы­дағы оқуы, Зылиханың отбасымен Ақмо­ла­ға көшіп кетуі себеп болады. Мағжан 1917 жылы Омбыдағы мұғалімдер семинариясын тәмамдап елге оралғаннан кейін әке-шешесі оны үйлендіру қамына кірі­се­ді. Ше­­­шесі Гүлсім баласына Қызыл­жар өңі­­рі­не есімі әйгілі Данияр деген байдың Шоқан деген баласынан туған, қазақтың біртуар ұлы, атақты ғалым Шоқан Уәли­ха­новқа жи­е­н болып келе­­­тін (Шешесі Қа­ди­ша Шо­қанның інісі Жақыптың қызы) Зей­непті ла­йық санайды. Мағжан бұл таңдау­ға қарсы болмайды. Өйткені, ол Зейнепті жақсы бі­ле­тін. Оған арнап көптеген өлеңдер шы­­ғар­ған. Мағжанның Зейнепке бұрыннан кетәрі болмағанын мына жолдар да дәлелдейді:

Кетуші ек қол ұстасып тура көлге,

Дуылдап жанған бетті ұстап желге.

«Жаным!» – деп алма

беттен сүйгенім­­­де,

Қызарып, қараушы едің төмен, жерге.

Мағжан ақталғаннан кейін 1989 жылы «Жазушы» баспасынан «Мағжан Жұма­­баев шығармалары» (Ал­ғысөзін жазған Әб­ділда Тәжібаев), 2002 жылы осы баспадан үш том­дық шығар­малар жинағы (Алғы­сө­зін жаз­ған профессор, филология ғылы­мдары­ның докторы Шерияздан Елеукенов) жарық көрді. Басқа да еңбектер бар. Со­лар­дың бә­рінде мынадай дерек келті­рі­ле­ді: «Мағ­­жан Зейнепке революция жылдарында үй­лен­ген» («Мағ­жан Жұмабаев шы­­­ғарма­ла­ры», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1989 ж. 435 бет). Революция жылдары деп біз қай ке­зең­ді айтамыз, 1916-1918 жылдар десек, қа­телес­пес­піз. Ға­ділша Қаһар­ман­ұлы да «Мағ­­жан Зейнепке 1918 жылы үйлен­ді» деп жазады. («Жұл­дыз» журналы, 1991 жыл, №2). Өкі­ніш­ке орай, екі жас­­тың отба­сылық ғұмыры ұзақ­қа со­зыл­ған жоқ. Мағ­жан Омбыда қа­зақ мұға­лімдерін даярлайтын курс ашып, оның директоры болып жүр­ген кезде, Зейнеп 1919 жылдың ақпа­нында баладан қайтыс болады.

Мағжанның Сәлімжан деген інісінің әйелі Бибізәйіп шешейдің «Мағжан мен Зылиханы тағдыр қосқан» дегені бар еді. Айтса айтқандай, нақ осы кезде Зы­­лиха­ның күйеуі Хасан сүзектен қайтыс болады да, жесір қалған жас келіншек марқұмның жылын өткізгеннен кейін Қызылжарға оралады. Оны естіген Мағжан Зылиханың құрбысы Рабиғаны ертіп көңіл айтуға барады. Осыдан кейін Мағжан мен Зылиха арасындағы махаббат оты қайта тұтанып, екі жас бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын болады. «Сүйем сені сұлу. Жүрегім жанып, Сүйдім анық, Куә болсын көп жұл­дыз!..» Зылихаға деген өзінің жүрек сырын осылай ақтарған Мағжан Қызыл­жар­да жас өнерпаздар клубын ұйымдасты­ра­ды. Оған Зылиха да барып жүреді. Кейін Мағжан Омбыда қызмет істеп жүргенде, Зылиха осы «Кирклубтың» атынан Сібір-Қазақстан халықтарының съезіне делегат болып қатысады. Осылай мәселе шешіліп қал­ғандай болғанмен, Зылиханың шешесі қызының басқа жанға қосылғанын қа­лай­ды. Алғашында оған ренжіп, сүйме­се де Өсербайдың Дәулиінің қызы Жә­ми­лаға үйленбек болған, әкесіне құда түсе бер деп хабар берген Мағжан бәрі­бір Зылиханы ұмыта алмайды. Алда өзін не күтіп тұрғанын Құдай сездірді ме екен, Зыли­хаға «қыздар көп расында, бірақ маған аштығыма шыдайтын, он­дай-мұндай күн туса, артымнан іздеп келетін кісі керек», дейді. Ақыры не керек, Мағжан мен Зылиха Челябіге кетіп, сол жақта қосылуға ұйғарады. «1922 жылы Мағжан Омбыдан оралғаннан кейін дәм-тұзымыз жарасып, қосылдық. Сол кездері бізден бақытты жан жоқ еді. Бірақ, бақытымыз баянды болмады. Мағжан 1926 жылы ұсталып, он жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын қияндағы Карелия ормандарында өтей­тін болды», деген Зылиха шешей алғаш­қы сұхбаттарының бірінде.

Бұл Жұмабаевтар отбасына келген қа­сіреттің басы ғана екен. Кешікпей Мағ­­­­­­­жан­ның екі ағасы – Әбәммүсілім мен Қаһарман тұтқындалады. 1937 жыл­дың ортасында арнайы қызметтің жандайшаптары інісі Мұхамеджанды да түр­меге тоғытады. Сәлімжан да бостан­­дықта көп жүр­мейді. Мағжанның хал-жағдайын біле­мін деп Ленинградқа барып келген оны да бір түнде ұстап әке­теді. Бір кездері болыс болып дүркіреп тұрған Бекен қажының мал-мүлкі түгелдей тәркіленіп, тақыр кедей болып шыға келеді. Осылай әркім өз басының қайғысымен болып, бет-бетімен кетеді. Мағжанды іздемек болған інісі С­ә­лімжанның күні әлгіндей болғандықтан, басқалары оның атын атауға да қорқады. Міне, осындай қаралы күндер туғанда, Мағжанды іздеген, «Сусын беріп, жас­­­тық қойып басына. Маңдайынан сипай сүйіп жұбатқан» жалғыз адам – Зылиха.

Зылиха Мағжанды іздеп Ленинг­рад­қа бір емес, бірнеше рет барады. «Зылиха байғұс теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағ­жанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған. Саясатты, ертеңгі тағдырды көп ойламай, көз­жұмбаймен асқан ерлікке, жанын шүбе­рек­ке түйіп, өзін құрбан етуден тар­тын­ба­ған, ештеңеден қорықпаған, жасқанбаған, жары жолында жанын пида қылған әйел­дердің бірі Зылиха апай болған. Бұл айдау­дағы Мағжанға күш, көңіліне көп демеу болған» (Ж. Бектұ­ров, «Бес арыс», «Жазушы» баспасы, Алматы, 1992 ж. 331-332 беттер). «Мағ­жанның әйелі Зылиха-ханым күйеуі­не талай рет барған. Әр барған сайын ол Ленинградқа жер аударылған про­фес­сор­дың, медицина ғылымдарының докторы әйелінің үйіне тоқтайды екен». Кезінде Уфадағы «Ға­лия» медре­се­сінде Мағжан­мен қатар оқы­ған башқұрт­тың атақты жазушысы Сәйфи Құ­даш 1969 жылы Қа­зақ­стан компартиясы орталық комитетінің бі­рінші хатшысы Д.А.Қо­наевтың атына жаз­ған хатында осындай деректер келтіреді.

Ленинградтық профессордың ақы­лы­­мен Зылиха сол кезде атағы дүркіреп тұр­ған жазушы Максим Горькийдің қабыл­да­уына барады. Ақыры 1935 жылы М.Горь­кийдің көмегімен М.Жұ­ма­баев бостан­дық­қа шығады. Ақын Қы­зыл­жарға қайтып келеді, техникумға оқы­тушы болып орналасады… «1936 жы­лы Қызылжарда педтехникумда мұғ­а­лім­дердің мамандығын арттыру курсында сабақ беріп жүрген кезінде Жә­жекемді екінші рет көру сәті түсті. Бұл кі­­сілер Зылиха жеңгей екеуі Дзержинский көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі қабатында бір бөлмелі пәтерде тұрды. Сенбі, жексенбі күндері немере туысым Мүтәш екеуміз Жәжекем үйіне барып қо­наға жатып қайтатынбыз, деп жазды өзінің естелігінде Ғаділша Қа­һарманұлы. Кейбір демалыс күндері Жә­жекем, Зылиха жеңгей үшеуіміз қаладан 10 километр жердегі «Мещан» ағашына атпен арба жегіп барып қай­­татынбыз. Ағаштың көлеңкесінде біз­ден бұ­рын барып, аттарын доғарып, алқа-қотан болып отыратын көп азаматтар. Олардың ортасында қа­тар түзеп отыратын Жәже­­­кем мен Зылиха жең­гей қос аққу сияқты әсер қалды­ру­шы еді». Кейін бұл күндер де көзден бұлбұл ұшады. Сәкен Сей­фуллиннің шақы­руы­мен Алматыға келген Мағжан көп ұза­май тағы ұсталады.

Алмағайып заманда халқы асыл пер­зен­тінен айырылып қалды. Артында Зылихасы жылап қала берді. Бірақ Мағжан үшін отқа да түсуге дайын Зылиха тағ­дырға мойынсұнып, қол қусырып қарап отырмайды. Қуынады, Мағжан­ның жа­зықсыз ұсталып кеткенін айтып, Мәс­кеуге дейін хат жазады. Сондай хаттың бі­рі сол кезде КСРО үкіметін басқарып тұр­ған Н.С.Хрущевке жолданады. Осы ара­да айта кететін бір жай, оны жазуға, жалпы, Мағжанды ақтау әрекетіне жазушы Жайық Бектұров қозғау салады. Үстіміздегі жылы туғанына жүз жыл толатын қарағандылық қаламгер Жайық Бектұровты біреу білсе, біреу білмес. Ол кім еді? Мағжанды жоқ­тап басын тауға да, тасқа да ұрған Зы­ли­ха­ға қолұшын берген, сүйеу болған белгілі жазушы Жайық Бектұров өзі де қуғын-сүргінді көп көрген адам. Ш.Уәли­ханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұр­сы­нов, Ә.Марғұлан сынды қазақ­тың асыл ұлдарының әдеби портреттерін оқыр­­­манға тарту еткен Ж.Бектұров Қазақстан Жа­­­зушылар ода­­ғының Қара­­ған­­ды об­­лыс­­­­­ара­лық бөлімшесін басқарған жылдары Солтүстік Қазақстан облысына сан мәрте келіп, Мағжанның жары Зылихамен кез­десіп, қолынан келген көмегін аямаған.

Жәкең 1959 жылдың жазында Сол­түс­тік Қазақстан облысында дербес бөлімше құру мақсатымен Қызылжарда болады. Осы сапарында ол Қарақоға дейтін жерде тұрып жатқан Мағжанның жесірі Зылиханы арнайы іздеп барып жолығады, әңгіме арасында «Мағжанды іздестірдіңіз бе? Жоғарғы жаққа арыз жаздыңыз ба?», деп сұрайды. Зылиха: «Ойбай, жаздық қой. Жазбаған жеріміз жоқ. Ештеме шықпады», деп мұңын ша­­­ғады. Осы арада жазушы: «Сіз Н.С.Хру­щевке жазыңыз. Күйеуім ақын еді, жұрт ұлтшыл дес-ті. Бірақ ол ешқандай басшы жұмыста болған жоқ еді. Кеңес өкіметіне қарсы ешбір теріс әрекет істеген адам емес. 1930 жылы ұлтшыл­сың деп бір соттады. Одан лагерьде жазасын өтеп келіп, болмашы қызмет істеп жүр­ген­­де қайта қамалды, жоқ болып кетті», деп жазыңыз дейді. Кешікпей хат жазылады. Осы хатқа байланысты Мәс­кеу­ден нақты нұсқау алған Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесі жанындағы Мемле­кет­тік қауіпсіздік комитеті Мағжан ісін қайта қарауға мәж­бүр болады. Зылиха шешей осы коми­тет­тің тергеу бөлімінің бастығы Н.П. Ло­вя­тин­ге де хат жазып (бұл хат та Мағжанға тағылған айыпты қайта қарауға байланысты қозғал­ған істе тігілген), Мағжанның алғаш рет түрмеден шыққаннан кейін қо­ғамға көзқарасы өзгерге­ні­не иландыр­мақ болады. Соның айғағы ретінде ақын­ның түрмеден босап келгеннен кейін жазған өлеңінің бір шумағын келтіреді.

«Осы бетім – ақ ниетім, келдім бастап,

Жанымнан бар жараны сылып тастап.

Еңбекші ел ашуы ұшан, мейірімі мол,

Жанымды тарттым саған жалаңаштап».

Ақыры, Мағжан келесі 1960 жылы ақталады. Мағжанның ақталғаны туралы хабар жетісімен Зылиха жолға жиналады. Бұл жөнінде Жұмабаевтар әуле­тіне құдан­далы болып келетін ақын Хам­за Абдуллин 1960 жылдың 5 қаза­нын­да қазақтың көр­нек­ті мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровқа жолда­ған хатында да жазады. Зылиха алып-ұшып Алматыға жеткенмен, қуанышы көпке созылмайды. Мем­лекеттік қауіп­сіз­дік комитеті 1938 жыл­ғы айыптауды жоққа шығарғанмен, ақын бұл жолы да толық ақталмайды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сұ­ра­уы бойынша Мағжан Жұмабаевтың Қазан революциясына дейін және кейін жарық көрген шығармаларының, жырларының, роман­дарының, мақалаларының, очеркте­рінің және аударма шығармаларының идея­лық бағыты туралы қорытынды жасау мақсатында Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сының тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Жазушылар одағы ға­лымдар мен жазушылар есебінен құрған топ (төрағасы Әбділда Тәжібаев) 1960 жылғы мамырдың 19-ында «өте құпия» түрде мемлекеттік қауіпсіздік комите­тіне былай деп хабарлаған: «Сіздердің өтініштеріңіз бойынша жазушылар мен әдебиетші­лер­дің бір тобы 1938 жылы сотталған Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасымен үстірт танысып шықты… Артында қалған жырларына келетін болсақ, тұтас алғанда өзінің идеялық негізінде буржуазиялық-ұлттық, демек, контрреволюциялық сипатта бол­ған». Осылай арнайы құрылған топ 1938 жылы НКВД қызметкерлері ойлап тапқан айыпты жартылай дәлелдеп тастаған. Тек бұл арада басын ашып айта кететін бір мәселе, жоғарыдағы топ әзірлеген қоры­тын­ды құжатқа қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов қол қоймапты. Ақын­­ның зерттелген мәселеге жеке көзқарасы болған-ау деп қалдым. Әйт­­­­песе, ол кезде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тапсырмасын орындамауға кімнің дәті шыдап, батылы барған. Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқтың арасында болып, талай рет өліммен бетпе-бет келген ақын арынан аса алма­ған-ау, сірә. Біздің­ше, оның басқа себебі болуы мүмкін емес.

Дегенмен, аз да болса, көңілі орнық­­қан­дай болған Зылиха апай енді Мағ­жан­­ның әр кездегі баспасөз беттерін көр­ген әдеби мұрасын іздестіруді, жинастыруды қолға алады. Осы мақсатпен ол Алматы, Ташкент, Қызылорда, Орынбор, Москва, Ленинград, Омбы, Петропавл қалаларына барып, мұрағаттарды ақтарады, көз майын тауысып, біраз дүние жинайды.

Жайық ағамыздың Мағжанға, Мағ­жан­ның артында қалған жесірі Зылихаға жа­саған басқа да жақсылықтары аз емес. Мағжан ақталғаннан кейін Зылиханы шет­қақпай қыла бастаған ақынның туыстары­ның орынсыз әрекеттерін ай­ып­­тағаны тағы бар. Ол: «Өмірде әділет­сіздік көп қой. Бәрі де қараңғылықтың, іштарлық­тың белгісі. Бұрын естерінен шығып кеткен Зылиха, енді, Мағжан жұрттың аузына қайта іліге бастағаннан кейін, бұл бай­ғұс­тардың да тіліне, көңі­ліне орала бастапты. Бұлардың да әке­лері, туыстары сотталып, есеңгіреп қал­ған адамдар. Жалған қыз­ған­шақтық се­­­­зім де бар. Жақсы мұраға ие бол­ғысы ке­­­­летін ниет те бар. Баласы, ұр­пағы жоқ, жалғызбасты сорлы кемпірдің Мағжан­ның із-түссіз кеткен еңбектерін ине­мен құдық қазғандай жинағаннан өзге, со­ның көп азап-бейнетін көргеннен басқа еш­­­кімге ешбір жазығы жоқ», деп жазды ол.

Қазақтың белгілі жазушысы, қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі Ғаббас Қа­бышұлы да өзінің естеліктерінде Зылихамен кездескен сәттерін еске алып, ол кісінің Мағжан мұрасын сақтаудағы жан­се­біл еңбегіне ризашылығын білді­реді. «Мағаңның өлең-дастандары, әде­би аудармалары жарияланған газет-журналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кесірі же­терлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десеңші?! Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан ты­­ныш­тығын ұмытқан, алғаш тұтқындал­ға­нында ізденіп Мәскеу­ге, Максим Горькийге дейін барған, Ма­ғаң­ның ол жолы ақталуына бірден-бір се­бепші бола біл­­ген, ал ері екінші рет тұт­қындалғанда со­­ңынан Сібірге барғаннан өзге шарасы қалмаған Зүлкең, кім не десе де, бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да аса қа­жет қы­­руар іс тындырды» (Ғаббас Қа­быш­ұлы. «Қазақ әдебиеті», 2003 ж. 30 мамыр).

Осы арада Ғабаңның өзі де Мағжан шығармаларын сақтауға айтарлықтай үлес қосқанын айта кетсек артық болмас. Ол кісі Зылиха шешейге ақынның кітап­­тар­да, газеттерде жарияланған, мә­шің­кеде бас­тырылған, қолмен көшіріл­ген өлеңде­рін жинақтап, реттеп, төрт дана етіп түптеп береді. «Екі томға бөліп түптеттім. Бірін­шісіне «Батыр Баян», «Қорқыт» дастандары мен 221 өлеңін, екіншісіне Максим Горькийдің «Ана туралы» әңгіме­лері­нің, Мамин-Сибиряктан, т.б. аударған­да­рын, мақалаларын, жазбаларын топтадым. Ол жұмысқа төлер ақы өзіме ауырлау болған соң, сыралғы ініміз Мұрат Әуезов­пен ақыл­дасып едім, ол сөзге келместен кө­мек­тесті», деп жазады өзі.

Сөйтіп, Мағжан жырлары тағы отыз жылдай тұншығып жатты. Тек 1989 жылы ғана Мағжанның шығармаларын жинақ етіп шығару қолға алынады. «Сол жылдың 20 наурызында Алматыдан жеделхат алдым, онда «Сіздің ри­за­лығы­ңыз керек. Мағжанның кітабының шы­ғуына кіріспе сөзді Әбділда Тәжібаев­тың жазуына Зылиха жеңгеміз қарсы» делінген», деген Ға­діл­ша Қаһарманұлы радиоға арнайы келіп берген бір сұх­батында. Ғаділша Қаһар­ман­ұлы Алма­ты­ға келіп, Орталық комитеттің жауапты қызметкеріне жолығып, мән-жай­ға қаныққаннан кейін: «Бұл мәселені мен жеке шеше алмаймын, Зылихамен ақыл­да­суым керек» деп жеңгесіне барады. «Енді біз Жәжекемді тірілтіп ала алмаймыз. Зи­ра­тының қайда екенін де білмейміз… Ке­лесі ұрпаққа Жәжекем осы жарық көрмек­ші шығармаларымен мәңгі ескерткіш болса, оның есімін біз ғана білмей, бүкіл ха­лық таныса, міне, осында қуанышы ұрпақ­тың», дейді. Зылиха әңгімені көп созбай: «Оны өзің біл, мен қолымнан жазып ри­за­лық бере алмаймын», деп қысқа қайырады.

2006 жылдың жазында Қызылжарда кі­тап­хана қызметкерлерінің республика­лық ке­ңесі өтті. Осы алқалы жиынға сол кезде Алматыдағы орталық кітапхана­ның директоры болған Мұрат Әуезов те қатыс­ты. Қонақүйге арнайы іздеп барып Мағ­жан жайлы сыр суыртпақтағаным есімде. Сонда Мұ­рат Мұхтарұлы: «Ме­нің жас ке­зімде Мағ­жанның өлеңдерін былай қой­ған­да, оның кім екенін біле­тіндер шамалы болатын. Бәрі менің анам Фатима мен Зылиха шешейдің таныстығынан басталды. Менің анам – Фатима қазақтың белгілі ақыны Ілияс Жан­сү­гіровтің жары болған. Бертін Мағ­жанның жесірі Зылиха екеуі жиі араласып тұрды. Кейін Жазушылар одағында қызмет істеп жүргенімде Зылиха апаймен бірнеше рет кездестік. Олжас бар, бәріміз ақша жинап, Зылиха апайға Мағжанның өлеңдерін мәшіңкеге бастырып, түптеуге көмекте­с­тік», деген болатын. Сосын ол ойланып отырып: «Мағ­жан жырлары жарты ғасыр бойы жабулы жатпағанда бізде Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды мықты ақындар әлдеқайда көп болар еді», деді. «Неге Қадыр Мырзалиев, неге Тұманбай Молдағалиев?..». «Бұларды атап отыр­ғаным, екеуі де Мағжан өлеңдерінен ерте сусындады, өйткені, Зылиха құрас­тыр­ған жинақтар олардың қолдарына жұрт­тан бұ­рын тиді. Иранбектің де жақсы ақын екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ғаббас Қабышевтан бір кітапты ол да алған». «Ал Әбділда Тәжі­баев­тың Мағ­жанға сонша­лық­ты шүйлігуіне не себеп болды екен?». «Бүгінде арамызда жоқ адам туралы айту да қиын. Менің бі­­­­ле­­тінім, Әбекең өзінің қателігін түсінді. «Бұл менің де, мені тәрбиелеп, сөйлет­­кен ағаларымның да кешіріл­­мейтін күнәсі», деп жазуы осы­ның дәлелі. Әбділда Тәжібаевтың Мағжан­ның 1989 жылы шыққан жинағына алғы­сөз жаз­ғанын білесіз. Міне, осы алғы­сөз­дің тө­ңірегінде қаншама әңгіме көтерілді. Біле-біл­сеңіз, бұл да Әбекең үшін күнә­­сін жуу­дың бір жолы еді. Әйтпесе, Әбділда Тәжі­баев Мағжанды түсінбеді, бағалай алмады деп айтуға болмайды. Бертін оңаша­да Мағ­жанды оқып, оқы­ған сайын егіліп жыла­ға­нын айтып жүргендер бар ғой. Біз осылай топшылаймыз. Әбекеңнің өзі еш­кімге тіс жарып, сырын ашқан емес. Бәрін өзімен бірге ала кетті».

Мағжанның әруағы Зылихаға риза бо­луға тиіс. Ғашық жүрек тағдыр тауқы­метін қайыспай көтерді. Мағжан да оған өлең­нен ескерткіш соғып кетті. Қиын-қыстау кезеңде өзіне кімнің сүйеу бол­ға­нын ақын былайша жырлайды:

Жас өмірімнің көгін бұлттар басқан күн,

Қайғы-қасірет тасып, бастан асқан күн.

Жан-жағымнан жылы жүзді жан таппай,

Жақын жандар қастық уын шашқан күн.

 

Жауыз тағдыр созған қолды қаққан күн,

Жан-тәнімді жылан, шаян шаққан күн.

Жапан түзде қара түнде жалғыз қап,

Қан дария боп көздің жасы аққан күн.

 

Сен көрдің де, келдің тура қасыма,

Сусын беріп, жастық қойдың басыма.

Маңдайымнан сипап, сүйіп, жұбаттың:

«Жаным құрбан, жасыңды тый, жасыма!

 

Мәңгілікке, міне, қолым беремін,

Тағдыр оғын көтермекке көнемін.

Қайғыланба, атса, атар алтын таң,

Жан жолдасым, өлсең, бірге өлемін!» –

 

Дедің де сен күліп, жолым бастадың,

Жауын, дауыл, оттан, судан қашпадың.

Қасиетті, сиқырлы сөз күшімен

Міне, азырақ есім жия бастадым…

 

Алтын сәулем, ақ періштем жан салған,

Кім біледі, айырса егер сұм жалған,

Жүргенімде жер жүзінде тірі боп,

Бағынатын, табынатын сен – Аллам!

Бұл Мағжанның Зылихаға арнаған көп өлеңдерінің бірі.

Иә, Зылиханың көрмегені жоқ. Ол өзі­нің бүкіл ғұмырын Мағжанның адал атын халқына қайтаруға арнады. Зор­­лық-зомбы­лықты, азапты сүйгенімен бір­­­ге шекті. Алла тағала сол үшін оған ұзақ ғұмыр берді. «Мағжанның ақтал­­­ғанын естісем, арманым жоқ», деуші еді, сол арманы да орындалды. Небір қиын кезеңдерде қауіпке басын тіге жүріп сақтап қалған Мағжанның жырларын халқына жеткізсем деп еді, Құдай бұл ті­ле­гін де хош көрді, 1989 жылы Мағ­жан Жұ­ма­баевтың шығармалары Алма­тыдағы «Жа­зушы» баспасынан жарық көрді. Ол сол кітапты көкірегіне басып, ағыл-тегіл жылады. Бейне-бір Мағжаны қайтып келгендей күй кешті. Осыдан кейін ол Мағжанымен мәңгілік ғұмырда кездесуге асықты. Алла тағала бейкүнә жанның бұл тілегін де орын­дады. Сөй­тіп, Зылиха Құрманбайқызы 97 жа­сында елі Мағжанның жүз жылдығын атап өту­ге дайындалып жатқанда өмірден озды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.