Руханият • 25 Желтоқсан, 2018

Ахмет Уәлханұлы: Үзеңгі – заттық мәдениеттің зор жемісі

2029 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, «...жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» деді. Яғни, көшпелі қоғамның ерекшелігі оның әкімшілік-саяси құрылымында десек, негізгі тетігі – жауынгерлік рухы мен тұрмыстық технологиясын жетілдіре алуында. Осы орайда ежелгі бабалар мұрасын көптен бері зерттеп, қалам тартып жүрген, нәтижесінде «Қазақ жылқысының тарихы» және «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» атты еңбектер жазған этнограф, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайды сөзге тартып отырмыз.  

Ахмет Уәлханұлы: Үзеңгі – заттық мәдениеттің зор жемісі

 – Ахмет Уәлханұлы, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты» депті. Осы тұжырымға қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Атты қолға үйретіп, жылқы жаб­дықтарын жасау үшін адамзат мың­даған ғасырлық ұзақ жолдан өткен. Жылқы жабдығының маңызы туралы қазақ фольклорында ертеден қалған: 

... Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде тұра алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса,

Атқа адам міне алмас... – деп келетін жыр бар. Бұл жыр жылқы жабдығының қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек.

Жалпылай айтсам, үзеңгі өз-өзінен пайда бола қалған жоқ. Ол адам қолымен жасалған заттық мәдениеттің, қолөнердің зор жемісі бола отырып, белгілі бір аймақта пайда болып, сол жерден тарап, көптеген үлгі-нұсқасы дамып-жетілген.

Осы орайда жоғарыда Елбасымыз айтқандай, үзеңгіні алғаш ойлап тапқан далалықтар екені рас. Бұл пайым үзеңгі тарихын ұзақ жылғы зерттеу барысында нақтыланып отыр. Ерте дәуірдегі көшпенділер ер-тұрман жабдықтарын жасауды жақсы игергендері соншалық, осыған сай ат үстінде айқасу тәсілдері де өзгеріске түсіп, дамыды. Мысалы, Еуразия көшпенділерін терең зерттеген адамның бірі шығыстанушы-түрколог С.И. Вайнштейн: «Үзеңгіні тұңғыш рет кең көлемде көшпелі Алтай түркілерінің қолданғанына толық негіз бар. Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқы­шылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен меңгерген. Орталық Азияның көшпен­ділері арасында олардың «темір балқыту­шылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес», депті.

Расында, адам баласы жылқыны ауыздықтап мініп, үзеңгі, ер-тұрман ойлап табуы – ұлы жаңалық. Осындағы ер-тұрман жабдықтарының ең негізгі бөлшегі – үзеңгі. Үзеңгіні еуропа­лықтар біздің жыл санауымыздың 420-жылынан бастап қолданғаны жөнінде дерек бар. 

– Демек, үзеңгіні алғаш біздің көшпенді ата-бабаларымыз ойлап тауып, оны әлемге таратып, дамытты дейсіз ғой... 

 – Бұл әлдеқашан дәлелденген тұжырым. Үзеңгінің ұзақ ғасырлық даму үдерісіне тоқталар болсақ, моңғол, башқұрт, қазақ, қырғыздар­дың IV-V ғасырларында пайдаланған үзеңгі нұсқаларында көп өзгешелік жоқ. Ал VІІ ғасырдың басында үзең­гінің тұрпайы әрі қарапайым жасалатын нұсқаларының қалыптасу кезеңі аяқталып, оның дамытыла түс­кен басқа да үлгі-нұсқалары жасала бастады. VІІ ғасырдың бірінші жартысында жасалған үзеңгілердің нұсқасы төрт бұрышты немесе дөңгелектеу, доға тәріздес болып келді. 

Ал византиялықтар VI-VII ғасыр­лар шамасында үзеңгімен көш­пен­ділердің батысқа ауған тайпалық одағының бір бөлігі аварлар арқылы таныс болды. Сонымен қатар ғалымдар батыста үзеңгінің пайда болуын VI ғасырдағы Шығыс Еуропа елдеріне тараған көне түркі мәдениетімен байланыстырып: «VI ғасырдың екінші жартысынан бастап Еуропаның кең-байтақ далаларында үзеңгі жиі кездесе бастады. Қытай археологі Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпенді түр­кілерден (түркі қағанатынан) тара­ған» деп жазады. Сол сияқты ІІІ-IV ға­сыр­лар мұрасы Қытайдың «Чанша» ат­ты көне мола орнынан жылқының мүсіні табылды. Мұнда сүйегі қатты ер-тоқым үзеңгісін және сол жағына үзеңгі салынып та бейнеленген екен. 

– Елбасы өзінің мақаласын­да ата­ларымыз жылқыны қолға үйрету арқылы өз дәуірінде адам айт­­қысыз үстемдікке ие болғаны жайлы айта отырып, көшпелі­лердің жылқы жабдығын жетілдіру­дегі маңызына айрықша тоқтала­ды. Яғни, бұл орайда біздің сұхбатымыз­ға өзек болып отырған ер-тұрман жабдығының ұзақ ғасырлық үздік­сіз дамуы туралы не айтасыз?

– Орталық Азияның ғұндарында алдыңғы және артқы қасы бар, сүйегі ағаштан жасалатын қатты ерлер б.з.д. ІІІ ғасырлардан кейін-ақ кең қолданыла бастаған және де ерлерді бірінің үстіне бірін қойып, бекіністер жасағаны жөнінде мәліметтер де бар. Яғни, Еуразияның көне тайпалары скиф, сақтардың жылқышыларының ер-тұрмандары жұмсақ болатын, бір айылмен тартылатын жайдақ то­қым­нан көп айырмашылығы жоқ еді. Па­зырық, Берел қорғандарынан табыл­ған ер-тұрмандар тоқымнан ердің екі қасына ұқсатып жасалған, ішіне шөп, бұғының жүнін тыққан екі көп­шік­тен, айыл-тартпадан, өмілдірік және құйысқаннан тұрған. 

Біздің заманымыздың бірінші мың­жылдығы мен екінші мыңжыл­ды­ғының өліарасында қастары аласа, жұқа, үлкен қапталы бар қатты ердің орнына ердің жаңа үлгісі пайда болды. Аттың бүйіріне бататын қалың қапталдар жұқа ағаш қапталдарға айналды, керісінше қастары биіктеліп қалыңдай түсті. Бұрынғы көне түркі ерлерінде шеңберлене біткен қалың мықты қапталдарға ердің қастары ішкі жағынан бекітілетін еді. Демек, ердің қасы қапталдарға түсіп, қап­тал­дар аттың бүйірін қысып, аттың жү­рі­сіне әсер ететін. Ал жаңа ер­лер­дің құрылысында биік қалың қастар жұқалау шағын қапталдарға сырт жағынан қозғалмайтындай етіп отыр­ғызылды. Бұрын ердің қасы қап­талдың ішкі жағынан байланатын еді, сөйтіп үлкен қапталдар (лопасть) жеңіл қапталдарға (полка) айнал­ды. Зерттеуші Д.Г.Савиновтың көр­сет­кеніндей, осы өзгерістердің нәти­жесінде XII-XIV ғасырларда жеңіл қапталды, қалың (ауыр) қасты моңғол үлгісіндегі ерлер пайда болды.

– Яғни, үзеңгінің пайда болуы ер-тұрман жабдықтарының толық аяқ­талуы деп айтамыз. Солай ма?

– Дәл солай. Сүйегі қатты ер-тұр­ман­дарды біздің заманымызда ғұндар ойлап тапса, арада 500 жыл өткеннен кейін көне түркілер үзеңгіні ойлап тауып, ердің толық жабдықтауын бітірді. Көне түркілерден кейін көп ешкім ер-тұрман жабдықтарына үлес қосқан жоқ. Көбінесе әртүрлі әсемделуі, сал­пын­шақтары, формалары болмаса, ер-тұр­ман мәдениетін түркілер толық аяқ­тап адамзатқа тарту етті деуге болады. 

VI-VІІ ғасырлар аясында көшпен­ді түркілер әлемінде ер-тоқым қатты, қасы тігінен жасалып, негізінен жау­гер­шілікте қолданылатын болған. Осы­лай­ша, үзеңгілі қатты ер-тоқым өз дамуын­да екі кезеңді бастан өткереді. Олар: 

1. IV-VІ ғасырлардағы тұрпайы нұс­қалар;

 2. VIІ-VІІІ ғасырларда кең тараған металл нұсқалар.

– Осы металл үзеңгілердің пайда болуына қандай жағдай әсер етті деуге болады?

– Әрине, бұл бүкіләлемдік үлкен жаңалықтың себебі де және салдары да болды. Алтайдағы көк түркі тайпалары тұңғыш рет металлургия тарихында шойыннан жоғары сапалы болат алуды үйренді. Бұл үрдісті көк түріктер жасаған шойын-болат революциясы десек, артық айтпаймыз. Шойын­дай морт сынбайтын, ыстық-суыққа, табиғи факторларға, деформацияға шыдайтын темір үзеңгілер пайда болды. Темір үзеңгіге шіреніп отыратын сарбаздың қолында бұрынғыдай қос жүзді семсер емес, түріктің қайқы қылышы пайда болды. Қайқы қылыш қолға жеңіл және екі нәрсені бірден атқаратын еді, яғни кесіп және тіліп түседі. Орысша айқанда «одновременно рубить и режеть». Ал бұрынғы қос жүзді семсерлер тек қана бір функцияны атқаратын, тек кесетін. Көне түріктер Еуропаға барғанда темір найза, қайқы қылыш, аяғының астында металл үзеңгі болды. Еуропалықтар­да бұл кезде қоладан жасалған морт сынатын, салмағы ауыр, шойыны көп, темірі аз, сапасыз екі жүз­ді сем­серлер болды. Сондықтан да Еуро­паға апар­ған түркілердің сапалы болат қарулары алтыннан да қымбат болған.

– Атамыз қазақта «Амал жоқ, адам ойына не келсе соны істейді» деген сөз бар емес пе, осы бір тәмсілге сүйеніп айтар болсақ, үзеңгі мен ер-тоқымға көп кейін қол жеткізген еуропалықтар оған дейін атқа қалай мініп-түсті екен? 

– Ертедегі еуропалықтар үзеңгінің жоқтығынан атқа міну үшін қазіргі заманға күлкілі болып келетін небір айла-шарғыларға барған. Атқа міну­дің ең қарапайым әдісі – аттың үсті­не қарғып міну, болмаса жалы мен құлағынан ұстап тырмысып шығу. Поллукс, Сили, Страбон сияқты көне авторлардың жазуынша, испандар атқа міну үшін атты тізерлетіп үйреткен. Атқа мінгізетін арнаулы құлдар мен аяқ не сол аяқты басатын баспасы бар найзалар, тіпті шағын баспалдақтар мен алып жүретін темір сатылар қолданған. Бұларды кейбір авторлар үзеңгі деп жазып қателеседі.

Грекия мен Италияда үлкен қала­ларға баратын жолдарда атқа міну үшін арнайы тас үйіп қою, тас тұғыр жасау етек алған. Мұндай тұғыр тастар Рим мен Неапольдің арасындағы жолдарда бертінге дейін сақталған. 

– Сіз бұрынырықта жарық көр­ген бір еңбегіңізде «Сарбаз бен оның атын қорғауға арналған са­уытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жаса­ған» депсіз... 

– Ол рас. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті. Осылай Еуразия көшпенділерінің ай­рықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер пайда болды. 

Әңгімелескен  Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»