26 Желтоқсан, 2018

Сөз сойыл №72

858 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №72

ХХІ ғасырға құлдық!

Өткен ғасырға өкпеміз қарақазан­дай болғанмен, ғасыр соңында ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздік таңы атып таңымыз айырыла шаттыққа бөлендік емес пе. Бұнымыздан айрылта көрмесін, тек ұзағынан сүйіндірсін деп тілейміз!

Енді, міне, іле-шала жаңа ғасыр да айқара есігін ашып, біржола құшағына орап алды. Басқаны қайдам, өз басым өрем жеткенше осы құлдық ұрғызған ХХІ ғасырдың қадір-қасиетін қам­шылап өтейін.

Алдымен айтарым, жас келіп жасамыс тартқанда мынау үбірлі-шүбірлі немерелерімді бағып-қағудан құтылғаныма құлдық! Бұрынғы біреуі мойнында, біреуі арқасында, қалғаны жетегінде ілініп-салынып еңкіш тартып кетіп бара жатқан бұрынғы әже-апаларды көз алдыма келтіріп, еңсе езіліп, жүнжіп бітуші едім... Қазір рахат, балабақша деген мекемең оларыңды қара кешке дейін қамап ұстап, кешке келін-ақ көлігімен зыр еткізіп әкеле қояды. Иіскеп мауқым басылмай-ақ таң атып олар тарыдай шашылып баратын жеріне тайып тұрады... Е, өстіп қолды ұзартқан ғасырыңа тәубе деп отырған кемпір-шалың бір біз ғана емес.

...Бұрынғының қартайған шал-шауқаны келін баланың қас-қабағы­на қарап қағажу көрмеуші ме еді... Қазір рахат! Айналайын зейнет­ақы­ның арқасында, әсіресе екі қолға бір күрек табылмай отырған ауылды жерлерде алшаң басып, асыға оңынан түсіп жүргендер де бар. Тегі кері кетіп керги қалған бала-шағаға тап келсең, жи­ған-тергеніңді өңгер де айналайын қарт­тар үйіне тайып тұр... Онда да тек зей­нетақыңның бөлшегін бөліп бере қой­саң – төсегің салулы, төрт мезгіл тама­ғың тартулы, ал басыңдағы үйіңді өткізіп берсең – сенен өткен сыйлы пенде болмай, уайым-қайғысыз қартая бер.

...Е, иә, ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңданың заманы туды. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннің уақыты келген кезең. Арыңды сат, көзін тап – тек қаражатты қампитсаң болды – күнің туады, көзің ашылады, көңілің көкте, өзің өзен-көлде армансыз шалқалап жатасың... Қазір миллиард жеп он жылға, жарты миллион қылғытып бес жылға сотталып кете бару екінің бірінің асқақ арманы... Бұрындары – сотталу, әсіресе қазына қаражатын жымқырып істі болу өліммен тең болды емес пе... Ол қорлықты да бастан өткеріппіз.

Жаңа ғасырға құлдық, ағыл-тегіл ақшаң болса төбедегің түгенделеді! Ақшаң болса, сәл өнерге бейімің болса болды – күндіз-түні теледидардан түспеуіңе болады. Әрі кетіп әуелеп аспандағы жұлдызға теңеліп, теңселіп шыға келуің ғажап емес!

Баяғы ақша... ойпыр-ай, көл-көсірдің арқасында ата-бабасын түгендетіп қыш кітап шығарғандарда жетіп-артылады. Ескерткішің не, көше бұйыртып, бүкіл бір ауыл атын алтын әріппен ата-баба атына жаздыртып жазмыштан оздыртып ойып тұрып орын алды емес пе.

...Жаңа заман – талант, білімің бес тиындық бақыр, тек жоғарыда жоталы көкең болса болды, бағың жанып, базарың орнайды.

...Осылай-осылай қарағым, ХХІ ға­сырға құлдық ұрып барамын! Менің өрем жетіп желдей есіп айтып өтпегім осы. Сенің де делебең қозып, қосып-ала­рың боларына сенемін. Яғни сен де, мен де бұл ғасырға құлдық ұрамыз!

...Е, иә, айтпақшы – алдыдағы ХХІІ ға­сырда өмір сүретіндерде тіптен арман болмайтын шығар... Әттең сол ға­сырда ғұмыр кешер ме еді-ай!.

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

 

мұндай да болады...

  • Соттың статистикалық мәліметі бойынша бірде бір әйел ас үйде ыдыс-аяқ жуып жатқан еркегін атып тастамапты.
  • Көшеде бір еркектің итіне сөйлеп тұрғанының куәсі болдым. Иті оның айтқандарын түсінетіндей сөйлеп жатыр анау... Үйге келіп, сол оқиғаны мысығыма айтып екеулеп ұзақ күлдік...
  • Кеше үйсіз-күйсіз қаңғыбас істі болып сотталды. Сөйтіп оны жарты жыл үй қамақта ұстауға үкім шығарылды.
  • Таңертең оянып, ше­шем ас даярласын деп жата тұрдым да, кенет есіме түсті – ­шеше деген мен екенмін....

 

Әзіл-әжуа «аң-құс» ауылында

Екі тышқан киностудия қоймасын­да фильмдердің тас­пасын кеміріп отыр.

– Қалай дәмді ме? – деп сұрайды бірі.

Сонда екіншісі:

– Кешегі сценарий бұған қарағанда тәуірірек еді...

*   *   *

– Сіздің күйеуіңіз неден қайтыс болды?

– Маса шағып...

– Қойыңызшы!.. Маса шаққан адам өлуші ме еді?

– Сіз білмейді екенсіз ғой, арқан бойымен жүретін әртіс үшін масадан қауіпті жау жоқ.

*   *   *

Достарымен балыққа барып олжалы қайтқан күйеуі:

– Мыналардан дәмділеп тұрып ас әзірле! – деп бұйырады.

Ас үйде балық тазалап отырған әйелі:

– Тағы да базардан ала салған­сың ба, айттым ғой саған, супермаркеттен дұрысырағын алшы деп...

*   *   *

– Әллөу, бұл жан-жануар­ларды қорғау қоғамы ма?

– Иә. Не болды?

– Хат тасушы біздің бақтағы ағашқа шығып алып, боғауыз сөздермен итімді боқтап отыр...

 

Ауруының сиқы

Азанменен әйелі:

«Жұмысқа барсайшы,

Кеше де кешігіп едің,

Айтқан тілді алсайшы!» деп,

күйеуін оятты.

– Өзің де тұрсың ғой көріп,

Басым солқылдап,

Жатсам бір тіріліп, бір өліп,

«Жұмысқа жүгір!» дейсің!

Сол шақта,

Басым айналып, талмам ұстап,

Құдай атып қалса,

шиеттей бала-шағаны шуылдатып,

Ауруханаға жатып қалсам,

Сонда саған жақсы бола ма? –

деп күйеуі тіресіп кетті.

«Бас жазайық» деп досы кеп еді,

Атып тұрып, сонымен ілесіп кетті.

 

Маскүнемнің монологы

Осы баяғыда,

Арақты татпаушы едім.

Қызметте бастықтар мақтаушы еді,

Сауықтырғышқа да жатпаушы едім,

Енді бүгінде,

Ішкілікті ұдайы ішіп тұрам,

Сөгісті де жиі-жиі алып болдым.

Бірде шықсам жұмысқа, бірде шықпай,

Жұмыстағылардан әбден ұялып болдым.

Үйде де береке жоқ,

Жүргенім қатын-балаға келеке боп.

Әй, қу арақ-ай,

Енді сені қоймасам ба!

… Айтпақшы, бүгін айлық береді екен,

Жақсылап бір тоймасам ба?

Шырынхан АЛЕШИТҰЛЫ

Түркістан облысы

 

Ауылдың айтқыштары

Ертеректе бір атамыз Алматыдан пойызбен келгенін айтып мақтанып отырады. Ол кезде отырмақ түгіл по­йызды көзбен көргендердің өзі санаулы болғаны белгілі.

– Осы пойыздың ең ұзыны қан­шалықты мөлшерде болады? – деп сауал қояды бір кісі. Анау мүдіріп қалып, «онысын біле алмадым», – деп шынын айтады.

– Ойбой, оның алуан түрлісі болады, – деп киіп кетіпті сонда Әділхан деген «төкпе» ағамыз. – Ана жылы Қарағандыға ФЗО-ға барғанымды білесің ғой, сонда мен де пойызбен қайтқанмын. Ылғи жақсы жұмыс істегендерді іріктеп, алдыңғы вагонға отырғызған болатын. Біз Семейге жетіп, вокзалдан телефон соғып білгенімізде, соңғы вагон Қарағандыдан жаңа шыққан екен...

*  *  *

Физика пәнінің мұғалімі көшеде кездескен бір баланы тоқтатып, реніш білдіріп жатыр.

– Қоғабаев, сен осы қайда жүресің? Қыстай бір сабаққа қатысқан жоқсың, тоқсан аяғында қалай қорытамын бағаңды? Ертең әбден даярланып кел, міндетті түрде сұраймын...

Анау мұғаліміне таңырқаған түрмен біраз қарап тұрды да:

– Ағай, – деді, – «ертең кел» дегеніңіз не?!. Мен былтырдан бері институтта оқып жүрмін ғой!..

*  *  *

Төлеухан деген ағамыздың зайыбы шынында да ел-жұртқа сыйлы адам еді. Бір отырыста жақын жеңгелері Төлеуханның көзінше оның бәйбішесін мақтай бастапты.

– Ойбой, Кәмарпану келін тамаша адам ғой, өмірі біреуге тік келгенін көрген жоқпыз, – дейді біреуі.

– Иә, айтары жоқ, – деп екіншісі іліп әкетіпті. – Жөн-жосықтың бәрін біледі, әрі сондай инабатты адам ғой. Қолынан келмейтіні жоқ...

Сонда Төкең аналарға қораздана бір қарап алып:

– Сондай әйелді дұрыс тәрбие беріп, ұстап отырған еркекті неге мақтамайсыңдар? – деген екен.

Хасен ЗАКАРИЯ

Шығыс Қазақстан облысы

 

Өмiрдiң мәнi

«Өмiрдiң мәнi неде?» дейсiз, ә? Шынында да, өмiрдiң мәнi неде?

Мұны түсiндiру үшiн мысал келтiруiмiз керек. Мәселен, құдiреттi бiр күш адамдардың бәрiн көкөнiске айналдырып, яғни бiрiн – қиярға, екiншiсiн – қызанаққа, үшiншiсiн – бұршаққа, қалғандарын тағы да әр- түрлi көкөнiске айналдырып, үлкен бiр ыдысқа салып, тұздап-тұздықтап тастады делiкшi.

Содан бiр күнi әлгi құдiреттi күш салат жегiсi келiп, тұздап-тұздықталған ыдысты ашты делiк. Қолына шанышқы алып, банкiден ең бiрiншi қиярларды терiп алды.

– Бiз бекерге өмiр сүрмеппiз, – деп шуласа мақтанысты сол кезде қиярлар, – Көрдiңдер ме, ең бiрiншi бiздi суырды. Демек, бiз өзгелерден гөрi керегiрекпiз, қажеттiрекпiз...

Қызанаққа кезек келгенде, олар да өлердей мақтанды:

– Шанышқыға бiз сарым­сақ­тан, бұршақтан, бұрыштан бұрын iлiктiк. Демек...

Банкiден ең соңында бұр­шақтар шықты. Жан-жағына қараса, қиярды қиқалап, қыза­нақ­­ты турап, сарымсақты ұсақ­тап, бұлардың бәрiн араластырып, тарелкаға жайғастырып тастапты. Ендi бұршақтар күпiнсiн:

– Бiз бекерге өмiр сүрмеппiз. Өзгелердi қиқалап, қинап, турап жатқанда, бiздi сол бүтiн қалпымызша қалдырды. Демек...

Өмiрдiң мәнiн кiм қалай түсiнетiнiн ендi түсiндiңiз бе? «Түсiнгем жоқ» дейсiз бе? Ал мен түсiндiм және сiзден бұрын түсiндiм. Демек...

Павел МИХНЕНКО,

украин сатиригi

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР