28 Қараша, 2012

1 желтоқсан – елдіктің ерен белесі

2796 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

1 желтоқсан – елдіктің ерен белесі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Қазақ­стан­ның 2011 жылғы 14 желтоқсандағы заңымен белгіленген мемлекеттік мереке. Мерекені өткізу датасы ел Президентінің бірінші бүкіл­ха­лық­тық сайлауын өткізумен тікелей байланысты. Мемлекеттік билік жүйе­сіндегі президенттік билік институтының алатын орны айрықша. Консти­ту­ция­да Президентке кең өкілеттіктер берілген және оның мәртебесі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленген.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Қазақ­стан­ның 2011 жылғы 14 желтоқсандағы заңымен белгіленген мемлекеттік мереке. Мерекені өткізу датасы ел Президентінің бірінші бүкіл­ха­лық­тық сайлауын өткізумен тікелей байланысты. Мемлекеттік билік жүйе­сіндегі президенттік билік институтының алатын орны айрықша. Консти­ту­ция­да Президентке кең өкілеттіктер берілген және оның мәртебесі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленген.

Қазақстан Республикасы – пре­зи­дент­тік басқару нысанындағы біртұтас, зайырлы мемлекет. «Республика» сөзі латын­ның respublicum деген сөз тірке­сі­нен шығады және «жалпыға ортақ іс» дегенді білдіреді. Біздің елімізде жоға­ры билікті халық белгілі бір мерзімге сайлайтын сайланбалы органдар жүзеге асырады.

Елімізде Президенттік билік институты 1990 жылы құрылған. 1990 жылғы 24 сәуірде алғашқы президенттік сайлау өтті. Ол кезде Қазақ КСР-інің Президен­тін Жо­ғарғы Кеңес 6 жыл мерзімге сай­лаған еді.

Президенттік сайлауды өткізу жөнін­дегі Орталық сайлау комиссиясының өкілеттігі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 22 қыркүйектегі қаулы­сы­мен 25 адамнан құрылған Қазақ КСР-і халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясына жүктелген болатын.

Қазақ КСР-і Президенті лауазымына кандидаттар ұсынуға қоғамдық ұйым­дар (олардың республикалық органдары), сондай-ақ Қазақ КСР-і халық де­путаттарының кемінде 90 адамнан тұра­тын топтары құқылы болды.

Сайлауда абсолюттік көпшіліктің ма­жо­ритарлық жүйесі қолданылды. Қазақ КСР-і халық депутаттары жалпы са­ны­ның жартысынан көбінің дауысын алған кандидат сайланған болып есептелді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына Жоғарғы Кеңестің 317 депутаты (88,1 %) дауыс берді және ол Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Президенттің бастамашылығы­мен 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Ке­ңес Қазақ КСР-інің мемлекеттік еге­мен­дігі туралы декларация қабылдады.

Декларация Қазақстан халқын еге­мен­діктің бiрден-бiр иесi және мемле­кет­тiк үкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік билiкті тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады деп жариялады. Президент рес­публиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары әкiмшiлiк-атқарушы билiкке ие.

1990 жылғы 20 қарашада қабыл­дан­ған «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік би­лік пен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР-і Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заң Президент жо­ға­ры атқарушы және өкімгерлік биліктің басшысы болып табылады деп бел­гі­леді.

1991 жылғы 29 тамызда Президент Семей ядролық полигонын жабу туралы аса маңызды мемлекеттік актіге қол қойды. Президенттің Жарлықтарымен 1991 жылғы 21 тамызда елдің Қауіп­сіздік комитеті, 25 қазанда Мемлекеттік қорғаныс қомитеті құрылды. Н.­Ә.На­зар­баев қабылдаған шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіз­дігінің негізін қалыптастырды.

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған күрделі кезеңде Н.Ә.Назарбаев бүкілхалықтық сайлау өт­кізу туралы шешім қабылдады. Жо­ғар­ғы Кеңестің 1991 жылғы 16 қазан­да­ғы кезектен тыс (алтыншы) сессиясында «Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, осы күні Жо­ғар­ғы Кеңес Қазақ КСР-і Президентін сайлауды 1991 жылғы 1 желтоқсанға тағайындады.

1991 жылғы 18 қарашада Алма­ты­дағы Спорт сарайында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл халықтың сенімі мандатына ие Президенттің ел ішінде де, әлемдік аренада да саяси салмағының өлшеусіз артық болатынын айтты. Өйткені, мемлекет басшысы – Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының және елдің заңдарының сақталуының кепілі. Оның құзыретіне республиканың егемендігі, қауіпсіздігі мен территориялық тұтасты­ғын қорғау жөніндегі шаралар қабыл­дау, әлемде Қазақстан атынан өкілдік ету кіреді. Президент сол кездесуде атап өткендей, тікелей сайлау өткізу бірқатар нақтылы әрекеттерді шұғыл іске асыруды талап етіп отырған шиеленісті эко­но­микалық жағдайдан туындаған қа­жеттілік болатын. Бұл алдағы нарыққа қарай жасалатын күрделі қадамдар еді. Экономикалық қиындықтардың құр­сауы­нан тезірек шығу үшін ауыр, алайда өте қажетті шараларға тек бүкіл­ха­лықтық сенім мандатына сүйене отырып қана баруға болатын.

Қазақ КСР-і Президентін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді Орталық, 21 округтік және 10479 учаскелік сайлау комиссиялары қамтамасыз етті.

Қазақ КСР-і халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясына президенттік сайлауды өткізу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының өкілет­тігі жүктелді.

Қазақ КСР-і Президентін сайлау, егер оған сайлаушылардың кемінде 50%-ы қатысса, заңды болып табылатын-ды. Осы және одан кейін өткен президенттік сайлауларда абсолюттік көпшіліктің мажоритарлық жүйесі қолданылды. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысын алған кандидат сайланған болып есептелді.

Президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, кәсіптік одақтарға және өзге де қоғамдық бірлестіктерге (олардың атынан партиялар мен қоғам­дық бірлестіктердің республикалық органдарына), еңбек ұжымдарына, оқу орындары ұжымдарына, тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың және әскери бөлімшелер бойынша әскери қыз­меткерлердің жиналыстарына тиесілі болды. Бұл ретте олардың әрқайсысы Қазақ КСР-і президенттігіне тек бір кандидат ұсынуға құқылы болатын. Ұсы­нылған кандидат Қазақ КСР-інің бел­сен­ді сайлау құқығына ие кемінде 100 мың азаматтың қолдауын алуы тиіс еді.

Қазақ КСР-і президенттігіне кандидаттарды Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі сессиясында атаулы дауыс беру арқылы немесе Қазақ КСР-і халық депутатта­ры­ның осындай санының қолын жинау арқылы Қазақ КСР-і халық депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі ұсына алатын. Бұл ретте депутат тек бір ғана кандидатқа қолдау көрсетуге құ­қылы болатын.

Президенттікке кандидаттың келісі­мі­мен, ол бірнеше партиямен, кәсіби одақ­тармен және өзге де қоғамдық бірлестіктермен, еңбек ұжымдарымен, оқу орындары ұжымдарымен, тұрғы­лық­ты жері бойынша сайлаушылардың және әскери бөлімшелер бойынша әскер қызметкерлердің жиналыстарымен, сон­дай-ақ Қазақ КСР-і халық депутаттарымен ұсынылуы мүмкін болды. Қазақ КСР-і президенттігіне кандидаттардың саны шектелмеді.

1991 жылғы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес Н.Ә.Назарбаевты Қазақ КСР-і пре­зиденттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы қаулы қабылдады. Н.­Ә.На­зар­баевтың кандидатурасын қазақстандық Магнитканың металлургтері ұсынды. Ортсайлаукомның мәлімдемесі бойынша, Н.Ә.Назарбаевқа сайлаушылардың 98,78 %-ы өз дауысын берді.

1991 жылғы 1 желтоқсандағы прези­денттік сайлау барлық қазақстандықтар үшін тағдыршешті оқиға болды және бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударды. Қазақстан тарихының жаңа бір жарқын беті ашылды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел азаматтарының тұңғыш рет жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Сайлау шын мәнінде бүкіл­халықтық болды. Оның айғағы – сай­лау­шылардың сайлауға қатысудағы жо­ғары белсенділігі.

Өткен жолға көз сала отырып, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2011 жыл­ғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы­ның Президенті қызметіне ресми кі­рі­суі­нің салтанатты рәсімінде сөйлеген сөзін­де былай деді: «Мен бүгін 1991 жылғы желтоқсандағы алғашқы бүкіл­ха­лықтық президенттік сайлаудан кейін халыққа қалай ант бергенімді және ең жоғары президенттік билік регалияларын қабыл­дағанымды есіме алып отырмын. Ол кезде біздің алдымызда мүлде басқа мін­дет­тер тұрған еді. Біз ыдырап кеткен супер­державаның қираған үйін­дісі үстінде қалған ел едік. Бізді, ең алдымен, халық­ты қалай тойғызамыз деген сұрақ тол­ғандыратын. Өндірістің құл­дырауы мен инфляцияны қалай тоқтатамыз? Адам­дар­ға жалақы мен зей­нетақыларын уақ­ты­лы төлеуге ақша­ны қайдан табамыз? Қауіп-қатері мол күр­делі әлемде өз жерімізді қалай сақ­тап қаламыз? Біздің не өз валютамыз, не стратегиялық қоры­мыз, не жалаңаш­та­нып қалған шекарамызды қорғайтын әскеріміз жоқ еді. Бүгінгі күні мұның бәрі осыдан жиырма жыл ғана бұрын болды дегенді көз алдыңа елестетудің өзі қиын».

1991 жылғы желтоқсан айы саяси оқиғаларға толы кезең болды. 8 жел­тоқсанда Беловеж орманы деген жердегі кездесуінде Белоруссия, Ресей мен Украина президенттері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келі­сім­ге қол қойды, бұл КСРО атты мем­лекеттің тарих сахнасынан кетуінің бас­тауы болған құжат еді.

Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бү­кілхалықтық сайлаудан кейін Н.Ә.На­зар­баевтың қызметке ресми кірісуіне байланысты ант беруіне арналған салтанатты отырысы 1991 жылғы 10 жел­тоқ­сан­да өтті.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып қайта аталды және Жоғарғы Кеңес Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің қыз­метке кірісуі туралы қаулы қа­былдады.

Ағылшын журналисі және саяси философы У.Годвиннің пайымдауынша, дүниедегі игіліктердің ішіндегі ең ұлы­сы – тәуелсіздік. Онсыз басқа игілік­терді пайдаға жарату мүмкін емес. Ха­лықтың сан ғасырлар бойғы арман-ті­легін іске асыра отырып, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының Мемле­кет­тік тәуелсіздігін жариялады.

Тәуелсіз мемлекеттің Президенті ре­тінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда бұ­рын­ғы одақтас республикалар басшы­лары­ның кездесуін өткізу туралы баста­ма­шылық көтерді. Және тәуелсіз ел­дер­дің 11 басшысының бұл кездесуі Алматыда өтті. 1991 жылғы 21 желтоқсанда ТМД-ның мақсаттары мен ұстанымдары туралы Алматы Декларациясына қол қойылды.

1991 жылғы 25 желтоқсанда М.С. Гор­бачев өзінің КСРО Президенті лауа­зы­мындағы қызметін принциптік байыптар бойынша тоқтататынын жариялады, ал 1991 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Жо­ғар­ғы Кеңесі КСРО-ның ыдырауы туралы декларация қабылдады.

1998 жылғы 28 қаңтарда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің то­ғызыншы сессиясында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы қабыл­да­нып, онда биліктің президенттік нысанына өту кезеңінде қалыптасқан қо­ғамдық қатынастар көрініс тапты.

Біздің еліміз дербес әрі тәуелсіз мемлекетке айналды. Президент Қазақстан мен бүкіл халықтың келешегі үшін жауап­кер­шіліктің зор ауыртпалығын өз мойнына алды. Тап осы сәтте елдегі сая­си процес­тердің жүйелі әрі қарқын­ды дамуын қамтамасыз ету маңызды болатын.

Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің өкілеттік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде рес­публикалық референдум өткізу туралы идея ұсынуы кездейсоқтық емес еді.

Референдум 1995 жылғы 29 сәуірде өтті және оның нәтижелері негізінен болжағандай болып шықты. Ортсайлауком бұқаралық ақпарат құралдарында 1995 жылғы 4 мамырда жариялаған хабарламасында елдің дауыс беруге қа­тыс­қан азаматтарының 95,46%-ы Қазақ­стан Республикасы Президентінің өкі­лет­тік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқ­санға дейін ұзартуды қолдап дауыс бергенін жариялады.

1995 жылғы 30 тамыздағы респуб­ли­калық референдумда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы қабыл­дан­ды. 28 қыркүйекте Президент сайлау туралы Конституциялық заң күші бар Жарлыққа, ал 1999 жылғы 6 мамырда сайлау туралы Конституциялық заңға қол қойды.

Осыдан 15 жыл бұрын, 1997 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев халыққа қо­ғамы­мыз­дың болашағы мен Қазақстан­ның тарихи миссиясы туралы көзқара­сын, мемлекеттің дамуының жеті ұзақ­мерзімді басымдықтарын айқын­дай­тын жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Бұл алға қойылған асқақ мақсаттарға қол жеткізуге деген оптимистік көз­қа­растың, үміт пен сенімділіктің үлгісі, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы болатын.

Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының 2020 жыл­ға дейінгі даму стратегиялық жоспары, 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге ар­налған Қазақстан Республикасының құ­қықтық саясаты тұжырымдамасы және еліміздің ұлттық, экономикалық және саяси мүдделерін қорғауға, бәсекеге қа­бі­летті экономика мен қазақстандық­тардың лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыруға бағытталған басқа да көптеген тарихи құжаттар әзірленді.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың келі­сімі­мен 1998 жылғы 8 қазанда Парламент оның өкілеттігі мерзімін Парламент Мәжілісі тағайындайтын прези­дент­тік сайлауды сайланған прези­дент­тік қызметіне кіріскенге дейін қысқарту туралы шешім мен президенттік сайлауды 1999 жылғы 10 қаңтарға жариялау туралы қаулы қабылдады.

Егер 1991 жылғы сайлау баламасыз сайлау болса, 1999 жылғы сайлауда 8 үміткер ұсынылды.

1999 жылғы сайлау қазақстандық қоғамды демократияландыру процесіне қуатты пәрмен беріп, елдің болашағына деген үміт пен сенім ұялатқан Президент Н.Ә.Назарбаевқа халықтың бір­ауыз­дан білдірген сенімін тағы да бір рас­тады. Тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап әлеуметтік бағытталған на­рық­тық экономикасы бар ашық демо­кра­тиялық қоғам құру, саяси, заңшы­ға­ру­шылық, сот-құқықтық және әлеумет­тік-гуманитарлық салаларды дәйекті түрде реформалау, азаматтардың өмір сүру деңгейінің ұдайы өсіп отыруы міндеттері жүзеге асырыла бастады.

Сайлау процесінің барлық саяси және халықаралық-құқықтық нормаларын сақтай отырып, еркін, демократиялық сай­лау өткізу – сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі барлық ұйымдас­ты­ру­шылық жұмыс бағынатын негізгі критерийлер, міне, осы. Сайлауды өткізу үде­рісі мен тәртібі бекітілген заңнамалық нормалармен реттеледі. Осылайша, Қа­зақстан Республикасының Конституция­лық Кеңесі өзінің 2005 жылғы 19 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 1-ші және 3-ші тармақтары мен 94-бабы 1-тар­ма­ғын ресми түсіндіру туралы» қаулысы­мен президенттік кезекті сайлау 2005 жылғы желтоқсанның бірінші жексен­бісі күні өткізілуі тиіс деп белгіледі. 7 қыркүйек күні Парламент Мәжілісі пре­зиденттік кезекті сайлауды 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткізу туралы жариялады.

Бұл сайлау науқанында Мемлекет басшысы лауазымынан үміткерлер саны 18 адамға жетті. Олардың бесеуі кандидат ретінде тіркелді. 2005 жылғы 6 желтоқсанда Ортсайлауком сайлаудың қорытындыларын жариялады, оларға сәйкес Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың жеңісі сөзсіз еді: дауыс беруге қа­тысқан сайлаушылардың 91,15%-ы оның кандидатурасына дауыс берген.

2005 жылғы сайлау халықаралық қо­ғамдастықтың үлкен қызығушы­лы­ғын ту­ғызды. Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың және шет­елдік бұқаралық ақпарат құ­рал­да­рының 1634 байқаушысын аккре­дит­теді. Президент сайлауын әлемнің 27 елінен келген 407 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жария етті.

Дауыс беру күні сайлау учаске­ле­рін­де президенттікке кандидаттардың 11 мың­нан астам сенім білдірілген адамдары, Қазақстанның саяси партияларынан 16,5 мың, қоғамдық бірлестіктерінен 5,6 мың байқаушы және 500 БАҚ өкілдері болды.

2007 жылғы 21 мамырда Консти­ту­ция­ға кейбір өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Олардың ішінде Президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылдан бес жылға дейін қысқарту, бір адам қатарынан екі реттен артық респуб­лика Президенті болып сайлана алмайтыны туралы шектеудің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті­не қолданылмайтыны туралы өзгерістер мен толықтырулар бар.

Дамудың өзіндік жолын жалғастыра отырып, Мемлекет басшысының бас­қа­руымен Қазақстан халықаралық қоғам­дастықтың толыққұқылы және жауап­кершілікті мүшесіне айналды.

Өскеменде бастамашы топтың сай­лау­дың орнына Қазақстан Республика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкі­лет­тігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынғаны таңғаларлық бастама емес. Бұл бастамаға 5 миллион қазақ­стан­дық қол қойып, қолдау көр­сет­ті. Қа­зақстан халқына үндеуінде Н.­Ә.На­зар­баев «бізді жік-жікке бөлетін «не референдум, не сайлау» деген таңдаудың орнына бізді біріктіретін, халықтың еркі мен демократиялық ұстанымдарға адал­дықты ескеретін формула ұсынамын. Өз өкілеттігімнің мерзімі екі жылдай уа­қытқа қысқаратынына қарамай, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс енгіземін», деді.

Осылайша, өзінің конституциялық өкілеттіктеріне сүйене отырып, Елбасы кезектен тыс президенттік сайлау өт­кі­зуге бастамашылық жасады, ал Парламент 2011 жылғы 2 қаңтарда Конститу­цияға «кезектен тыс президенттік сайлау рес­пуб­­лика Президентінің шешімі­мен та­ғайын­далады және Конституция бойынша белгіленген тәртіппен және мерзімдерде өткізіледі» деп белгілейтін толықтырулар енгізу туралы заң қа­был­дады. 3 ақпан күні Парламент кейбір конституциялық заңдарға осы мәселе бойынша тиісті өзгерістер мен толық­тырулар енгізді.

Республика Президентінің «Қазақ­стан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы 2011 жылғы 4 ақпан күні жарияланды. Сайлау 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалды.

Қазақстан Республикасы президент­ті­гінен үміткерлер саны 22 адам болды. Ортсайлауком президенттікке кандидат ретінде 4 үміткерді тіркеді. Сайлаудың қорытындыларына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 95,55%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген.

2011 жылдың 8 сәуірінде болған ұлықтау рәсімінде Елбасы президенттік кезектен тыс сайлауға мынадай баға берді: «Өткен сайлау ұйымдастырылуы мен демократиялығы жағынан қазіргі Қазақстан тарихындағы ғана емес, сарапшылардың пайымдауынша, бүкіл Орталық Азиядағы ең жақсы сайлау бол­ды. Тұрақтылық пен өркендеу бағда­рына дауыс бере отырып, әрбір қазақ­стандық өзінің, отбасының болашағы үшін, елі, Отаны үшін дауыс берді!».

Жалпыға бірдей сайлау институты қазіргі заманғы саяси жүйенің маңызды элементі болып табылады. Әрбір пре­зи­денттік сайлау науқанының өз ерекше­ліктері мен өзгешеліктері болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, 1999 жылғы 10 қаңтарда, 2005 жылғы 4 желтоқсанда және 2011 жылғы 3 сәуірде өткен барлық прези­денттік сайлауларға ортақ нышан – егемен Қазақстанның негізін қалаушы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа бірауыздан қол­дау көрсету болды. Оның басшылы­ғы­мен жүріп өткен жол, сол жолда қол жеткізілген нәтижелер Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алуына мүмкіндік берді. Н.Ә.На­зарбаевтың басшылығымен жасалған қазақстандық модель еліміздің дербес даму жолын іске асырып отыр.

Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен үдемелі дамуындағы, ұлтаралық және дінаралық келісімнің орнығуын­дағы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қам­та­масыз етудегі Н.Ә.Назарбаевтың рөлі орасан. Қазақстанның бүкілхалықтық Көшбасшысының жігері бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіне халықаралық деңгейде айтарлықтай пәрмен беріп отыр. Ол өңірлік және жаһандық қауіп­сіздікке зор үлес қосып келеді және бүкіл әлем үшін беделді тұлға болып табылады.

Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы

Орталық сайлау комиссиясының

Төрағасы.