Абылай хан армандарын орындаған біздің бұрын өткен тарихтан тәлім алып, қазақ халқының бірлігін мәңгі сақтауымыз қажет. Сонда ғана ел тәуелсіздігі мәңгі болмақ. Бабалар аруағы әрдайым бізді қолдасын» деген айшықты пікір жазып қалдыруы ел тұтастығын мақсат еткен әр қазақстандықтың жүрегінен орын алары анық.
Егеменді Отанымыздың күнпарағына көз салатын болсақ, ұлы бабамыздың асқақ тұлғасын ұлықтау жүйелі жалғасып, еркін елдің ертеңгі азаматтары үшін мақтан тұтар тұлғаға айналғанын байқау қиын емес. Жыл өткен сайын мұнда сырттан келетін қонақтардың, студенттер мен оқушылардың қарасы көбейіп келе жатқаны қуантады. Былтыр 25 мыңға жуық саяхатшы экскурсия жасаса, биыл олардың саны 30 мыңға жеткен. Тарих сабағынан лекциялар, дәрістер оқылады. Басқа да танымдық шаралар қарастырылған.
Енді мына парадоксты қараңыз: Кеңес Одағы кезінде ел жадында «Абылайдың ақ үйі» ретінде сақталып қалған тарихи жәдігерге республикалық маңызы бар мәртебе беріліп, мемлекет қамқорлығына алынса, тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында жер бетінен мүлдем жойылып кетуге шақ қалған. Қазақ тарихына сыңаржақ көзқарас ұстанушылар Янгузаров, Ганшин, Мурадов секілді көпестердің үйлерін, тіпті Лениннің ескерткішін қайтадан қалпына келтіру жөнінде хаттама толтырып, ал «Абылайдың ақ үйін» мүлдем жарамсыз деп танып, сүріп тастауға шешім шығарған. Сол кезде жергілікті ұлт жанашырларының алғы легінде жүрген Кенжебек Әбішев, Жақсыбай Самрат секілді азаматтар ерекше белсенділік танытып, көпе-көрінеу бассыздыққа жол бермей, небір бюрократтық кедергілерге қарамастан, аман алып қалған. Қазір қалам ұшына іліккен бұйрық орындалып кете бергенде жұртын ғана сипап қалар ма едік деп ойлаудың өзі қорқынышты. Ресей архивтерінен табылған бұлтартпас құжаттар Есіл өзені жағасында ханның ордасы болғанын, оның ағаштан қиып тұрғызылғанын, бекіністен бұрын салынғанын, қаланың негізін қалағанын дәлелдейді. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кеңсе, қонақүйі, монша, басқа да құрылыстар бой көтеріп, Абылай хан өмірінен, ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихынан сыр шертетін экспонаттармен толықтырылды. Екі қабаттан тұратын ғимарат алдына «Абылай хан ат үстінде» ескерткішінің мүсіндік туындысы қойылды. Тұғыры – сұр-қоңыр түсті гранит. Көлемі – 2,7 х 10 х 4 метр, салмағы – 81 тонна. Қола мүсіннің салмағы – 7 тонна, биіктігі – 5,4 метр. Тарихи залдар Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін, жауынгерлік, ел біріктірушілік, қайраткерлік кезеңдерін қамтиды.
Жуырда «Ұлы ханның ордасы – еліміз үшін маңызды тарихи-мәдени ошақ» тақырыбы бойынша бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, «Абылай ханның резиденциясы» мұражай кешені құрылуының он жылдығына арналды. Онда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы басты әңгіме арқауына айналды. Алқалы бас қосуға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет аймақ басшысы атынан құттықтап, Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілген бірегей ескерткіштің маңызын атап өтті. Мақаладағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» тарауында Абылайдың есімі де аса құрметпен аталады. Даналар шоғырын дүниеге әкелген Қазақстанды әлемге таныту баршамыздың абзал борышымыз болуы тиіс, дей келіп, Абылайтануға қосқан үлкен үлесі үшін «Егемен Қазақстан» газетінің белді қызметкері Жақсыбай Самратты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбайды Алғыс хатпен марапаттады.
Осы уақытқа дейін ескерусіз келе жатқан тарихи тағылымы мол мәселенің бірі – Абылай ханның қара жолы болса, осы олқылықтың орнын Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған ғылыми экспедиция мүшелері толықтырған секілді. Ақмола облысы әкімдігі демеу көрсеткен «Абылай ханның қара жолы» атты жоба тарихи сананы жаңғыртуды, ұлттық игіліктерді зерделеуді, киелі жерлерді дәріптеуді, жан-жақты ғылыми- зерттеулер жүргізуді мақсат тұтып, көптеген бағыттар бойынша жүріп өткен. Осылайша өткен ғасырлардағы хан, керуен жолдарын, олардың бойында орналасқан нысандарды жүйелеп шыққан.
Жиында тарих ғылымдарының кандидаты Зылиқа Бимақанова, мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова, №2 қалалық соттың судьясы Арай Әбілмәжінова, ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықов, тағы басқалары «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын іргелі міндеттерге тоқталып, бірқатар ұсыныстар айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы