Кеңсенің ашылуына Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Жиын барысында жобалық кеңсенің жұмысына қатысты тәржірибесімен бөліскен «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жазира Жылқышиева елордадағы Сарыарқа ауданы және № 10 емхана базасында жүргізілген жобалық жұмыстарды тілге тиек етті. Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев «Жетісу – адалдық алаңы» жобасының 3 басым бағыты туралы айтып берді.
Жалпы Алматы облысында сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алуға бағытталған бірқатар шараларға жемісті жұмыс істеп тұр. Мәселен, өңірде қоғамның жемқорлыққа төзбеушілігін қалыптастыруға арналған үш жүзден астам шара өткізілген, сыбайлас жемқорлыққа қарсы 27 жедел топ құрылыпты. Осы бағытта «Адал жол» жемқорлыққа қарсы марафоны ұйымдастырылған.
Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылып, аудан, қала әкімдіктерінде мемлекеттік қызмет мониторингісі бөлімдері жасақталды. Бұл бағытта жыл басынан бері 7,3 млн теңгеге мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 5,8 млн теңгесі немесе 79,4 проценті электронды түрде көрсетілген екен.
Сондай-ақ Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Бикен Римова атындағы драма театрынында сахналанған «Құлқынның құлы» драмасын облыстың мемлекеттік қызметшілерімен және университет студенттерімен бірге тамашалап, Жастар» спорт сарайында волейболдан өткен жолдастық кездесуге қатысты.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы