Қазақстан • 01 Қаңтар, 2019

Зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс бар?

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл зейнеткерлерді бірқатар жағымды жаңалық күтіп тұр. Айталық, ынтымақты және базалық зейнетақының көлемі артады, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ең төменгі төлемі көбейеді.

Зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс бар?

Елімізде зейнетақы төлемінің үш компоненті бар – базалық төлем, жасы бойынша және БЖЗҚ-дағы азаматтардың жеке зейнетақы жинағы. Міндетті зейнетақы аударымдары енгізіл­генге дейін зейнетке шық­қан адамдар базалық және ынты­мақты зейнетақы алады, қалғаны үш төлем түрін алуға да құқылы.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі ын­ты­мақ­ты зейнетақы көлемін қо­лайлы деңгейде қолдау үшін жыл сайын инфляция деңгейінен 2 пайыз алға жүріп, индекстеп отырады. Министрліктің мә­ліметінше, 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бас­тап ынтымақты зейнетақы 7 пайызға, базалық зейнетақы 5 пайызға өседі. Яғни, 2018 жылы ынтымақты зей­нет­ақының ең тө­менгі көлемі 33 745 теңге болса, биыл 36 108 тең­­­гені құрамақ. Ең төменгі база­лық зейнетақы 15 274 теңге болса, биыл 16 037 теңге болмақ. Осылайша міндетті зейнетақы аударымына дейін құрметті де­малысқа шыққан азаматтар алатын зейнетақының ең төменгі көлемі 52 145 теңгені құрайды.

Сондай-ақ биыл «Рес­пуб­ликалық бюджет туралы» заңға сәйкес күнкөріс ми­нимумының мөлшері көбейді. Яғни, БЖЗҚ зейнетақы төлемінің минималь­ды көлемі күнкөріс көр­сет­­кішінің 54 пайызына тең өз­герді. 2018 жылы күнкөріс минимумы 28 284 теңгеге, БЖЗҚ зейнетақы төлемінің төменгі деңгейі 15 274 теңгеге тең бол­са, 2019 жылы ең төменгі зейнетақы төлемі 16 037 теңгені құрайды. Осылайша ең төменгі ынтымақты, базалық және жи­нақтаушы компоненттерді қоса келгенде, зейнетақы төлемі­нің жиынтық көлемі 68 182 тең­гені құрайды. Мұндай төменгі зейнетақыға 2019 жылдың
1 қаң­­­­тарынан бастап міндетті зей­нет­ақы жарнасы үшін БЖЗҚ-дан төлем алуға құқы бар азаматтар ие болады. Айта кетелік, зей­нетақы қо­рының төлемі ай сайын бір мәрте жүр­гізіледі.

Сондай-ақ 2019 жылы әйел­дер 59 жастан бастап зейнетке шы­ғады. Ал бес және одан көп баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеп өсірген аналар 53 жасынан бас­тап зейнетке шыға алады.

Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниямен шарт жасасып, тұ­рақты салым салып отырған тұл­ғаларға зейнетке ерте шығуға болады. Яғни, әйелдер есепшотына 13,5 млн теңге жинаса, 50-ден 6 ай асқанда зейнеткерлікке шыға алады. Ал ерлер 55 жасқа дейін 9,6 млн теңге жинауы керек. Жыл сайын жинайтын ақшаның кө­лемі де өсіп келеді.

Осыған дейін зейнет жасына толғандар жылына бір рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағынан 900 мың теңгеге дейін қаржы ала алатын. Мысалы, 2017 жылы зейнет­ке шыққан адам Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорында 4 млн жинағы болса, табыс са­лығын есептемегенде 900 мың теңге алып отырды. Ал табыс салығын қосқанда 760 мың тең­генің төңірегінде алды. Енді оның жинағында 3 млн теңге қалды делік. 2019 жылдан бастап бұл сома бірден берілмейді, яғни он екі айға бөлінді. Сонда ай сайын зейнетақыға қосымша 75 мың теңге алып отырады. Осылайша зейнетақы қорындағы жинағы таусылғанша алуға болады.

 

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»