Сондықтан анам бұдан 20 жыл бұрын жергілікті әкімдіктен үй сұрап арызданып қойған болатын. Алайда мемлекет тарапынан ауылдық жерлерге үй салынбауы, өзге де жағдайларды тілге тиек еткен басшылық басын ауырта қоймады, әлде мәселені шешуге асықпады...
Анам мекен еткен Маңғыстау ауданына, оның Шебір ауылына осы жиырма жылдың ішінде қанша әкім ауысқан болса, анам осы жылдар ішінде сол әкімдерге бірнеше рет барды – талай есікті қағып, талай табалдырықты аттап, қанша уақыт кезек күтіп есіктің алдында сарылып отырды! Қаншама уәдені арқалап үмітпен үйге оралды, қанша рет «болмайды» деген ауыр сөзді естіп езіліп келді...
Бәріміздің де қолымыздан келер қайран жоқ, іштей мүжіліп жүрген бір күні «осы «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісіне хабарласайыншы, батылдау араласатын болар» деген оймен Гүлайым Шынтемірқызына телефон соқтым да мән-жайды айтып, жиырма жыл бойы жиналған құжаттарды тапсырдым. Одан әрі Гүлайым тікелей айналысып, аудан әкімі Ж.Айтуаровқа хабарласып, жағдайды біліп, мені қуантты.
Бұл жаңалық біздің отбасымызға ескі жылды қорытындылар тұста келіп жетті. Біздің отбасымыз Шебір ауылынан шағындау жаңа үйге ие болды! Қуанышымызда шек жоқ. Анамның қуанышы бір бөлек, ал біз үшін қуанған ағайын-туыс, көрші-көлем, ауылдастар ақ тілектерін арнауда. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алуды жақсылыққа жорып отырмыз.
Биыл ғасырлық мерейлі жасының табалдырығын аттайтын, халқымыздың небір марғасқа ұлдары қызмет еткен қарашаңырақ газет, Елбасымыздың өзі «Бас газет» деп атаған «Egemen Qazaqstan» газетіне, оның Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, тілі өткір, мінезі тура журналист Гүлайым Шынтемірқызына Тұманбай Еңсегенов әулеті атынан алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз жанып, абыройларыңыз арта берсін. Халықтың газеті, халықтың жанашыры екендіктеріңізді тағы бір дәлелдедіңіздер! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, елдің ықыласына бөленіп, алғысын арқалап алға баса беріңіздер, Бас газет ұжымы! Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы үлкенді құрметтеп, ауылға келіп, кілтті өз қолымен тапсырған Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаровқа, Шебір ауылының әкімдігіне, жергілікті телеарна журналисі Маржан Медиеваға отбасылық алғысымызды жолдағым келеді.
Нұргүл ЕҢСЕГЕНОВА
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы