Бюджеттік мекемелерде қызмет істейтін мамандарға, әлеуметтік жағдайы нашар, көпбалалы отбасыларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арнап салынған 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің кілттерін қала әкімінің орынбасары Евгения Нужных пен «Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалы төрағасының орынбасары Надежда Климова тапсырды. «Бес қабатты үйде 5 үш бөлмелі, 35 екі бөлмелі және 20 бір бөлмелі пәтер бар. Балалар алаңы, көлік қоятын орын да қарастырылған», - дейді қалалық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Елена Маслакова.
Жастайынан жетімдік қасіретін тартқан Наталья Арапова бұл сәтті жеті жыл күткенін айтады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін мектеп-интернат түлегі Илья Хуртин баспана кезегіне 1995 жылы тұрыпты. Бірнеше жыл бұрын белгісіз себептермен кезектен алынып та қалыпты. Үш жыл бұрын баспана кезегіне өзін қайта қостырған азамат «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізгеніне қуанышты. Ал мектепте еңбек ететін Динара Қамзина 10 жылдан астам уақыт балаларымен бірге пәтер жалдап, өзгенің қас-қабағына қарап келіпті. «Пәтерлі болдыңыз деп телефон шалғанда әуелде сенбегенім рас. Қиындықтың бәрі артта қалғандай» дейді ол.
Қос үйдің құрылысы осыдан тура бір жыл бұрын басталыпты. Жалпы, 2017 жылы Риддерде 9436 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы