Канаданың CTV жаңалық агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан құрамасын қолдағандар саны артып, жанкүйерлер «Алға, Қазақстан» деп қолдай көрсетіп отырған екен.
Виктория қаласына жиналған көрермендер қолдауы Қазақстан мен Финляндия арасындағы кездесуден кейін басталған. Сол матчта еліміздің құрамасы 5:0 есебімен есе жіберді. Ал ойын барысында қақпашы Демид Еремеев 51 мәрте қақпасын шайбадан аман алып қалған еді.
АҚШ Ұлттық құрамасының бапкері Майк Хастингстің сөзіне қарағанда, Викторияға жиналған жанкүйерлер қазақстандықтарға ерекше ыстық сезімін білдірген.
«Канада Хоккей» маркетинг бөлімінің жетекшісі Дин Макинтоштың айтуынша, Қазақстан құрамасының көпжылдық үзілістен кейін тартысқа қайта қосылуы, турнирге маркетингтік тұрғыда пайда әкелген. Дүкен сөрелерінде Қазақстан құрамасының жейделері қалмаған екен. «Канада жанкүйерлері жеңілгендерді шеттетпейді, тіпті бірнеше жыл сапта көрінбегендерді де жылы қабылдайды», дейді Дин Макинтош.
Қазақстан құрамасының жейдесін киген жанкүйер Билл Бристоу қазақстандық хоккейшілердің жігеріне тәнті болыпты.
«Жігіттер жан-тәнімен ойнады. Олардан басқа командалардың сапында Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсететіндер бар. Соған қарамастан, қазақстандық спортшылар әр ойын сайын барын салады», деді ол.