Аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудан активімен, мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарымен кездескен өңір басшысы жиналған жұртты Елбасы Жарлығымен таныстырып, жаңа жылды жаңа атаумен бастап отырған аудан халқын құттықтады.
– Зеленов ауданы – Орал қаласының азық-түлік белдеуіне жататын, өндірісі мен ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Бұл жердің қазақ тарихындағы орны да маңызды. Ауданның өткені мен бүгіні, терең тарихы туралы осы музейден де көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіз, өткен жылы осы өңірдің жастары аудан атауын өзгертуді ұсынды. Оны халық қолдады. Енді, міне, ел-жұрттың тілегін Елбасы да орындап, аудан атауын – Бәйтерек ауданы деп өзгертуге Жарлық шығарып отыр, – деді Алтай Көлгінов.
Айта кетейік, былтыр қыркүйек айында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп атау мәселесі қаралған еді. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Зеленов ауданындағы барлық 22 ауылдық округте және аудан орталығында осы мәселе талқыланып, қоғамдық тыңдау кезінде көпшілік тарапынан қолдау тапқанын айтқан болатын. Көпшілік ұйғарымы облыстық мәслихат сессиясына қатысқан депутаттар тарапынан да қолдау тапты. Сөйтіп ұсыныс Астанаға жіберілген.
– Жаңалықты аудан халқы қуанышпен қарсы алды. Ел-жұрттың тілегі елеусіз қалмай, Елбасы арнайы Жарлық шығарып, ауданымыздың атауы Бәйтерек болғанына қуаныштымыз, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұржан Дүзбатыр.
Зеленов ауданы бөлек әкімшілік құрылым ретінде 1939 жылы құрылған. 1997 жылы аудан құрамына Приуральный ауданы кірді, жалпы аумағы – 7,4 мың шаршы шақырымды құрайды. Орталығы Переметное ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 38 шақырымда орналасқан. Ауданда 22 ауылдық округ, 68 ауылдық елді мекен бар, аудан халқы 60 мыңнан асады. Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бойлай орналасқан. Ресей Федерациясының 3 облысымен – Орынбор облысының Первомай, Ташла аудандарымен, Самара облысының Большечернигов ауданымен және Саратов облысының Озинки, Перелюб аудандарымен шектеседі.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»