04 Қаңтар, 2019

Виза электронды форматта ресімделеді

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Респуб­ли­касында шетелдіктерге бір реттік визаны электронды форматта алу ресімі енгізілді. Осылайша Қазақстанға келетін шетелдік азаматтарға қолайлы жағдай жасалмақ. Сонымен қатар сырттан келетін туристердің саны айтарлықтай өсуі мүмкін.

Виза электронды форматта ресімделеді

Өйткені визаны электрон­ды ресімдеу – көп шаруаны же­­ңіл­­детуге ықпал етеді. Сон­дық­тан елдегі виза берудің қол­да­ныс­тағы тәртібіне өзгерістер енгі­зіліп отыр. Электронды виза іс­керлік, туристік және емделу мақсатында Қазақстанға келе­тін шетелдік азаматтарға Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бөлімшелерінде бел­гі­ленген тәртіппен ресімделіп, қа­зақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі. Соның арқасында заң бұзу­шы­лық­­тың алдын алу мен азайту жұ­мыс­­тары жүйелі жүргізілетін болады.

Қолында жарамды электронды визасы бар шетелдік Қа­зақ­стан Республикасының ау­мағына тек қана Астана және Алматы қалаларындағы халық­аралық әуежайлардың бақылау пункттері арқылы кіріп-шыға алады, делінген Сыртқы істер министрлігінің сайтында. 

Нәтижесінде туристік элек­тронды визалар 117 елдің, ал іскерлік және емделу визасы 23 елдің азаматтарына беріл­мек. Бұл отандық демалыс орын­дары мен емдік-сауық­тыру орталықтары үшін де пайда әкелуі тиіс. Мұның ар­қа­сында қазақ еліне келетін шетел­діктердің саны еселеніп, туризм саласына ықпалы етуі мүмкін. 

Электронды бұл құжат тек визаны алушы үшін ғана жа­рамды және онымен бірге жү­ретін тұлғаларға қолданылмай­ды. Айта кету керек, төленген консулдық алымдар қайта­рыл­майды. Виза мәселесін шешу қолайлы әдістермен шешіл­генімен оны алудағы тәртіптер қатаң сақталатыны сөзсіз. Сол себепті виза алушының ұсын­ған паспорты түпнұсқа және ие­сінікі екендігіне күмән кел­тір­мейтіндей болуы шарт. Сон­дай-ақ шетелдік азаматтың құ­жа­тында кемінде 2 таза бет болғаны жөн. Оның жарамдылық мерзімі визаның қолданылу мерзімінен бұрын немесе 3 айдан бұрын аяқталмауы керек. Осындай талапқа сай шетелдік қана электронды визаға қол жеткізбек.

Қабылдаушы тұлғалар келіп кетушілер туралы көші-қон қыз­меті органдарына олар келген күн­нен бастап үш жұмыс күні ішін­де хабарлап отыратын болады.

Ал электронды визаны ресімдеу алгоритмі мен визаны алатын елдер тізімі СІМ сайтында көрсетілген. 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»