Қазақстан • 04 Қаңтар, 2019

Дамудың жаңа міндеттері қандай?

582 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Табалдырығымыздан аттаған 2019 жыл – толайым табыстарға, келелі келісімдерге, ілкімді жобалар мен қаржылық жетістіктерге толы боларына сенім мол. Болашаққа аттаған бір қадам – өзімен бірге тұрақтылық пен өсімді ала келмек. Әлемдік экономикалық ахуалдарға қарамастан ел экономикасына жасалған болжамдар жағымды. Себебі елімізде жүзеге асып жатқан индустрияландыру серпіні сезіліп, басымдық берілген бағыттар қаржы секторының екінші тынысын ашпақ.

Дамудың жаңа міндеттері қандай?

Тұрақтылыққа толы жыл болмақ

Таяуда Дүниежүзілік банк­тің Қазақстандағы тұрақты өкілі Ато Браун Қазақстанда ІЖӨ өсімінің өткен жылғы деңгейіне талдау жасап, жаңа жылдағы экономикалық қарқынның қалай боларын айтқан болатын. Оның айтуынша, 2018 жылғы ішкі жалпы өнімнің 4 пайыздық деңгей­де сақталғаны елдегі макро­эко­номикалық жағдайдың тұрақты­лығын көрсететін жақсы индикатор деп бағалауға болады. 

̶ Жаһандық ахуалды ескерсек, көптеген елдердің даму көрсет­кішінде проблемалар бар. Бұл тұр­ғыда Қазақстан біршама жетістік­терге жетті. «Doing Business» рей­тингіндегі «адами капитал» и­н­дексінде өзінің позицияларын жақ­сартты. Бүгінде әлем күрделі жағ­дайда екенін түсіну керек, осы орайда санкциялық мәселелердің салдары бар. Бұл ахуал аясында тиісті кедергілер туындайтыны анық. Бірақ дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты үшін 2019 жылы ішкі реформаларды күшейткен абзал. Әсіресе Қазақстанға өнімді­лік бағытына екпін қою керек, өнім­ділікті арттыру арқылы табыс көлемі өсіп, адамдарға жаңа мүмкіндіктер пайда болады, − деді Ато Браун. Дүниежүзіліктің банк өкілі 2019 жылы ел Үкіметі назарға алатын ба­ғыттардың бірі банк секторы болуы тиіс екенін де айтқан болатын. Оның ішін­де шағын бизнеске қажетті мүм­кіндіктерді ұсыну үшін банк секторын реформалау маңызды бол­мақ. Бүгінде мемлекеттің жеке секторға қатысуын төмендету тұрғысында Үкі­метте тиісті бағдарлама бар. Бұл ретте жеке сектор нарықтық жағ­­­дайда дамып, шағын және орта биз­нес пен ірі кәсіпорындарды іл­гері­­летуге мүмкіндік тумақ. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, бюджеттік ұйым­дар қызметкерлерінің жалақысын орташа алғанда 35%-ға көтеру, қо­сымша әлеуметтік жәрдемақылар енгізу көзделіп отыр. Бұл өсім хал­ық­тың тұрмыстық деңгейін тұ­рақ­тан­дырып, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. 

Азия даму банкінің келтір­ген мәлі­метіне сәйкес, Қазақстан эконо­микасының өсімі 2019 жылы 3,5% мөлшерінде болады. Бұған дейін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2019 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсуі 3,8% болатынын хабарлады. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім биыл 9,4 мың АҚШ долларын құрап, 2023 жылы 12,1 мың АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Ал өңдеу өнеркәсібі – 4,1%, тау-кен өндіру саласы  – 3%, ауыл шаруашылығы – 6,4%, құрылыс саласы – 4,1%, сауда – 4,4% өсім көрсетпек. 2019 жылы экспорт көлемі − 54,1 миллиард АҚШ долларын, импорт көлемі – 32,9 миллиард АҚШ долларын құрамақ. Ал елімізде 88 миллион тонна мұнай өндірілмек. Инфляция деңгейі бұған дейінгі жоспарға сәйкес 4-6% мөлшерінде сақталады. 

Елдің макроэкономика­лық көр­сет­кіштеріне әсер етерін факторлар мен қандай тәуекелдер­ге баруға тура келетінін, нақты қандай салалар экономика тізгінін ұстайтынын сақа сарапшылардан сұрап көрген едік. Солардың бір легін назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Мақсат ХАЛЫҚ, «Pro gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист: 

– Әлемдегі қаржылық  шиеленіс­тердің артып, сауда соғысына ұласып жатқан елдердің бір-біріне салып жатқан санкциялары жаһандық экономиканың тұралауына тікелей әсер етіп отыр. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан экономикасы былтырғы көрсеткішті сақтаса, биыл біз үшін тұрақты болар еді. Дамушы елдердің экономикасына талдау жасаған Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Қазақстан экономикасының өсімі – 3,1 пайыздың көлемінде болмақ. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы 3,5 пайыздық көрсеткішке саяды. Елдегі Ұлттық экономика министрлігігінің жоспарына сәй­кес ІЖӨ 3,8 пайыз болмақ. Бұған дейінгі 2 жылда, яғни 2017-2018 жылдары Қазақстан экономикасы 4 пайыздық деңгейінде сақталған болатын. Осы тұрақтылық 2019 жылы да сақталатын болса, экономика үшін жақсы көрсеткіш болар еді. Айта кетерлігі, теңге еркін айналымға енгеннен бері елдің ІЖӨ-сі АҚШ долларымен есептегенде 2 есе түс­кендігін көріп отырмыз. 2013 жыл­дың қорытындысы бойынша ІЖӨ 13 600 АҚШ долларын құраса, 2015-2017 жылдар аралығында 10 мың доллардан төмендеген. Келер жылы Қазақстан экономикасы табысы орташа деңгейді құрайтын дамушы елдердің қатарына қосылады деген үміт бар. 

Ел экономикасының негізгі даму көрсеткіштері саналатын мұнай-газ, тау-кен саласы десек, алдағы уақыт­та бұл қатарға индустриялан­дыру бағдарламасы аясында басым бағыттар ретінде танылған ауыл шаруашылығы саласын да жат­қызуға толық мүмкіндік туып отыр. Бір ғана мысал, көрші Қытай мем­лекеті Қазақстанның азық-түлік өнім­д­еріне сұранысын арттыруда. Расымен, елімізден шығатын ет, ұн, сүт, май өнімдері Қытайда айтарлықтай сұранысқа ие. Келер жылы бұл саланың екінші тынысын ашу үшін арнайы көрмелер ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл да мемлекеттің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару көле­мін арттыру­ды көздеп отырға­нының белгісі. Сонымен қатар логис­тика саласын да атап өткен жөн. Мы­салы, Ұлы Жібек жолы идеясын жаң­ғыртып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі салынуының өзі аталған саланың жандануы­на тікелей ықпал етпек. Елдегі логистика саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде айтарлықтай ілгерілеушілік болады деп ойлаймын.  

Бауыржан ИСКАКОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Әрбір нарықтық қатынас­тар­дағы мемлекеттің алға қойған мақ­саты − елдің сыртқы импортқа тәуел­ділігін арттыру, шығарылатын өнім­дер көлемінің артуына жағ­дай жасау. Осыған байланысты үдеме­лі инновациялық даму жолын­дағы мемлекет үшін келешек­те Индустриалды даму мемлекет­тік бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру, Агроөнер­кәсіп кешенін дамыту, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламаларын іске асыруды жал­ғастыру өзекті болмақ. Сон­дық­тан да осы бағдарламалар есебі­нен өңдеуші өнеркәсібі − 4,2%, ауыл шаруашылығы – 5,7%, құры­лыс саласы – 4,0%, көлік – 5,1%, сау­да 3,5% деңгейінде неғұр­лым жоғары өсу қарқыны күтілу­де деп айтуға болады. Егер осы бағ­дар­ламалар қалыпты дамитын болса, сыртқы экономикалық дағдарыс­тардың ел экономикасына тигізер зардаптарының алдын алуға болады.

Ажар БЕЙСЕНБАЕВА, экономика ғылымдарының кандидаты: 

− Ел экономикасының дамуы әлемдік экономиканың өсу қарқы­ны, сұраныстың қалыпты жағдайы, шикі­заттың орташа бағасының тұ­рақ­ты деңгейіне тәуелді болады. Дегенмен, халықтың тұтыну және экс­порттың бірқалыпты және тұ­рақты өсуі есебінен ішкі жалпы өнім көрсеткішінің жоғары­лауын­да орнықты және үдемелі экономикалық серпін күтуге болады. 2019 жылы экономиканың өсу қарқыны 3,9-4,2 пайызды құрауы мүмкін. Экономикалық дамудың жаңа драйвері ретінде аграрлық секторды атауға болады. Себебі мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамыту­ға қолдау көрсетіліп отыр. Ауыл шаруашылығы кеше­нін цифрландыру мақсатында,  био­ло­гиялық активтердің сапасын арттыру үшін үй шаруашылығы мен фермерлерді кооперативтерге біріктіру, тиімді жаңа құралдар пай­­­далану арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған іс-шаралар атқарылуда.

Мұнай бағасының құлды­рауына келер болсақ, әрине бұл өз кезегінде ел экономикасына теріс әсер етіп, шикі мұнайды экс­порт­тау бойынша бюджетке түсе­тін түсім азаяды. Сонымен қатар мұнай бағасы ұлттық валю­таға айтарлықтай әсе­рін тигі­зеді. Теңгенің құлдырауы өнді­ріс секторымен байланысты бол­ған­дықтан еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытудың меха­низ­мін күшейту ауадай қажет. Мем­лекет экономиканың осындай бағыттарына басымдық беруде.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан