Сондай-ақ қаңтарда қала маңындағы бағыттар қатарын арттыра түскен «Түркістан-Шымкент» жүрдек пойызы жолға шықты. Яғни Елбасы тапсырмалары шеңберінде жаңа облыс орталығымен жол-көлік байланысы жақсара түсуде.
Жүрдек пойыздың алғашқы сапарына арналған салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов пойыз Шымкент қаласынан қоныс аударып, еңбек етіп келе жатқан облыстық басқармалар мен департаменттер қызметкерлерінің қатынауын жеңілдететінін атап өтті. Түркістан мен үшінші мегаполис арасындағы байланысты нығайтып, сондай-ақ туризмнің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді. Жүрдек пойыз әзірге аптасына 2 рет, дүйсенбі мен жұма күндері қатынайды. Жол жүру уақыты – 2 сағат 15 минут. Пойыздағы жалпы орын саны – 175. Вагондар қазіргі заманғы жылыту және салқындату жүйесімен, мүгедектерге арналған көтергіш құрылғылар және орындармен жабдықталған. Жолақысы - 609 теңге, жедел пойыз Арыс стансасына ғана тоқтайды.
«Қала маңындағы тасымал» АҚ-ның бас директоры Мұхтарбек Сүлейменовтің айтуынша, осы жылдан бастап аптасына 5 рет қатынайтын әлеуметтік маңызы бар Түркістан–Бадам және Түркістан–Сарыағаш бағыттары іске қосылып отыр. Түркістан–Бадам пойызының жол жүру уақыты 3 сағат, компания бұл бағытты Шымкент қаласына дейін ұзартуды жоспарлауда. Ал Түркістан–Сарыағаш бағыты жаңа әкімшілік орталықты облыстың оңтүстік аудандарымен байланыстырады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы