Оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты қолдау көрсетті. Бұл қанатқақты жобаға қандастарымыз Ресейдің Орынбор, Саратов, Омбы, Астрахань, Алтай, Мәскеу, Екатеринбург, Челябі, Ярославль секілді әр шалғайынан қатысып, Абай өлеңдерін оқыды. Байқаудың шарты бойынша, олар Абай өлеңдерін бейне таспаға жазып, көпшілікке ұсыынп отырды.
«Мұндай байқау Ресей қазақтары арасында бұрын-соңды болған емес. Оның екі ерекшелігін атап айтқым келеді. Алдымен, біз өркениеттің жетістігін пайдаландық. Кең байтақ Ресейдің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан ағайындар Абайдың өлеңдерін бейне таспаға жазып, жіберді. Оны ресейлік және одан тыс жердегі қазақтар интернет арқылы көріп отырды. Екіншіден, қандастарымыз жинақы тұрып жатқан Орынбор, Саратов, Омбы секілді облыстардан қазақтар белсене қатысты, ауызбіршілік танытты. Қазылар алқасы да қорытынды шығарарда телефон байланысы арқылы көпшіліктің пікірін біліп, оларды ескере отырып, жеңімпазды анықтады» дейді Сәуле Совхозқызы.
Байқауға қатысу үшін жас ерекшелігіне шектеу болған жоқ. Аға ұрпақ өкілдерінен бастап, кішкентай балаларға дейін Абай өлеңдерін оқыды. Тіпті өзге ұлт өкілдері де Абай өлеңін айтпай тұра алмады. Соның ішінде Ярославль облысындағы Пошехонье селосына Қазақстаннан қоныс аударған Юрий Ткачевский деген жігіт Абай өлеңін оқығанда ұлы ақынның қандастарынан асып түсті.
«Бала кезімде Абайдың өлеңдерін атам ерекше ұнататын еді. Мен ұйқыға жатарда Абай өлеңдерімен көз ілетін едім» деп ақынның өлеңдерін мүлтіксіз оқи жөнелді. Байқау қорытындысында Мәскеу қаласында тұратын ақын Жарқын Өтешева бас болған қазылар алқасы Юрийді үздік деп таныды. Сонымен қатар Саратов, Орынбор, Омбы, Свердлов облыстарынан қатысқан талапкерлердің де еңбегі аталып өтті.
«Ресей қазақтары үшін бұл өнер жарысының маңызы ерекше болды. Бұл бәріміздің жеңісіміз! Осылай, бір кісінің баласындай әр істі бірге тындырсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Бауырларым, біз мықтымыз! Біз ана тілімізді сүйеміз! Осылай алға ұмтыла берейік!» деп ақын ағайынға ақжарма қуанышын жазып жатты. Байқау жүлдесіне тігілген Орынбордың түбіт шәлісі Ярославль қаласына жол тартты. Сонымен қатар белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылардың Құрмет грамотасы да пошта арқылы жіберілетін болды.
Орынбор облысы қазақтарының көшбасшысы Сәуле Тәйкешеваның айтуынша, алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табатын болады. Ендігі кезек «Батырлар жыры» эпостарына беріледі. «Батырлар жырынан» үзінді жаттап, оны бейне таспаға жазу, оны көрерменге ұсыну бір ай бойы жүреді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай