Тренд
Соңғы 2-3 жылда әлемдік саясатта ортақ трендтер аз емес. Соның бірі – популизмге жақын идеялардың электорат арасында кең тарап, ұраншыл саясаткерлердің билікке келуі. Мысалы, ЕуроОдақ құрамынан шықсақ, ақша үнемдеп, мигранттарды шектейміз деген «Брексит» процесінің Ұлыбританияда қолдау табуы. Билікке келсем, мигранттардан қорғану үшін Мексиканың ақшасына шекарада қабырға саламын деп уәде берген кәсіпкер Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы. Италияда Джузеппе Конте бастаған алғашқы популистік үкіметтің құрылуы. Елде жемқорлықты жоямын деп жар салған Андрес Обрадордың Мексика президенті атануы (Мексикадағы сайлау кампаниясы барысында 120 саясаткер өлтірілді). Бразилияда әскери диктатураны жаны сүйетін Жаир Болсанурдың билікке келуі.
Бұл популизмнің де көптеген елдерде ұқсас ортақ элементтері бар. Популистік ұрандарды жалаулатушы негізінен ұлтшылдар және олар мигранттарға қарсы бағытталған. Алайда аталған трендтің қалыптасуына өзге де себептер болуы мүмкін. Мәселен, құндылықтардың жылдам өзгеруі. 2000-шы жылдардан бері өркениетті әлемнің өзі шектен тыс либералды өзгерістерден шаршағандай (біржынысты некеге рұқсат, эвтаназияға рұқсат, жаппай феминизация, мигранттарға әлеуметтік көмек, т.б). Олар дәстүрлі отбасы құндылықтарын, консервативті көзқарастарын сақтағысы келеді. Алайда азамат пікірін ашық айтса, оны енді расизмге, ұлтшылдыққа айыптауы әбден мүмкін. Сол үшін электорат қоғамдық жерде ашық айта алмайтын, тек асүйде талқыға түсетін құндылықтарын қорғайтын популист саясаткерді жақтай бастағандай. Міне, дәл осы әдіспен билікке келген саясаткерлер басшылыққа 2019 жылы кіріседі немесе билігінің шарықтау фазасына шығады. Бұдан бөлек, 2019 жылы халықаралық қатынаста басқа қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Экономика
Халықаралық валюта қоры келесі жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,7% құрайды деп отыр. Жазда 3,9% болар деп болжаған еді. АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы тек өздеріне ғана емес, жаһандық саудаға да кесірін тигізгендей. Ал АҚШ экономикасының өсімі 2,5% деңгейінде болса, Қытай әдеттегідей жоғарырақ нәтиже көрсетуі мүмкін, 6,2%.
Әлемдік экономиканың нашарлауына, сондай-ақ, Түркия, Бразилия, Аргентина секілді ірі дамушы елдердің экономикасындағы қиындықтар да әсер етеді. Нақтырақ айтсақ, АҚШ әлемдік айналымдағы доллардың үлесін азайту саясатын ұстанып отыр, сәйкесінше, бұл доллардың қымбаттап, өзге ұлттық валюталардың арзандуына әкелді. Нәтижесінде, капитал тұрақсыз дамушы елдерден қауіпсіз дамыған елдерге «көше» бастады. Ал Қазақстан ше? Бүкіл әлемдік банктың өкілі Хулио Ревилла былтыр қараша айында 2019 жылы республиканың экономикалық өсімі 3,5% болады деген еді. Халықаралық валюта қоры өзінің ресми сайтында Қазақстанның ЖІӨ шынайы өсімі 3,7% болады деп жазыпты.
Брексит
Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу процесі 2016 жылдан бері жалғасып келеді. Енді ресми түрде бұл ел одақты 2019 жылдың 29 наурызында тастап шығады. Брексит келісімі қараша айында жасалды. Алайда премьер-министр Тереза Мэй сол келісімді Бюрюссель өкілдерімен жасау арқылы екі оттың ортасында қалды.
Бір жағында ол құжатта жазылған тармақтарға көңілі толмаған өз Парламентті. Екінші жағында қарашадағы келісім талаптары өзгермейді деп отырған ЕуроОдақтың атынан сөз сөйлейтін А.Меркель, Э.Макрон, Ж.Юнкер секілді саясаткерлер. Сол үшін Мэй ханым құжатты Парламентте дауысқа салу күнін желтоқсан айынан қаңтарға ауыстырды.
Енді жағдай қалай өзгеруі мүмкін? Егер Британ Парламенті Брексит келісімін қаңтар айында қолдамаса, онда мүлдем жаңа келісімді жасауға үкіметке 3 апта беріледі. Әрине, мұндай қысқа уақытта жаңа келісім жасау өте қиын. Еуропалықтар аяқ тарта қоймас. Қазіргісін жазуға 2 жыл кетті. Сондықтан не қосымша келсіссөз жүреді, не премьер – министр Мэй орнынан кетеді немесе кезектен тыс сайлау жарияланады. Кейбір сарапшылар Брексит бойынша екінші референдум қайта өтуі ғажап емес дейді. Жалпы Брексит Ұлыбританияда саяси дағдарыс тудырды десек болады. Қаншама министр Мэй ханымның ұстанымына келіспей, қызметінен кетті. Оның қатарында белгілі Борис Джонсон да бар. Осы бір қиын сәтте кезектен тыс сайлау өте қалса, «үнемі оппозицияда жүретін» Лейбористер партиясының жетекшісі Джереми Корбин жаңа премьер-министр атануы әбден мүмкін. Бұл болжамды Данияның белгілі Saxo Bank да қолдайды. Себебі консерваторлар Брексит-үмітті толық ақтамағандай.
Алайда Брексит процесі Ұлыбритания королдігінің ыдырауының бастауы болса, жеке өзім таң қалмаймын. Неге? Себебі Брексит мәселесіне корольдік құрамындағы ағылшындар, шотландықтар, уэльстіктер мен ирландықтардың аталған мәселеге қатысты көзқарасы сай келмеді. Мәселен, Шотландия ЕуроОдақ құрамында қалғысы келеді. Ал ЕуроОдақ қос Ирландия арасында шекара болмасын деп талап қойып отыр. Егер Лондон бұл талапқа келіссе, онда корольдік құрамындағы Солтүстік Ирландия британ юрисдикциясына бағынбайды дегенді білдіреді. Яғни, Тереза Мэйдің қаңтарда екі жолы бар. Біріншісі, ол бар абыройын салып, Британ Парламенттін қазіргі Брексит келісімін қолдауға көндіреді (қазіргі жағдайда ол өте қиын). Екіншісі, көндіре алмаса, премьер қызметінен кетуі мүмкін. Жақында ғана Парламентте Тереза Мэйге сенімсіздік жариялау мәселесі көтерлігенін ескерсек, онда Мэй ханымның орынтақты босатуын күтіп жүргендер аз емес.
Сирия
Шам еліндегі соғыста 2018 жыл шешуші кезеңге айналғандай. Башар Асад армиясы Ресей әскерінің көмегімен Сирияның 60% жерін бақылауға алды. Тек атышулы Идлиб провинциясында түрлі террористік ұйымдардың жендеттері шоғырланған. Қалған жер өзін демократиялық оппозиция деп атайтын күрд жасақтарының қолында. «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы бақылайтын жер де тарылып келеді. Алайда былтыр Ресей-Түркия-Иран үштігі Сирия жерінде шешуші рөлді атқара бастады. Оған Тегеранда, Стамбулда өткен саммиттер дәлел.
Желтоқсанда Дональд Трамптың АҚШ армиясын Сириядан шығару туралы шешімі енді бұл елдегі процестің биыл жылдам жүруіне ықпал етері сөзсіз. Жоспар бойынша әскер 60-100 күнде шығарылуы керек. Сөз жоқ, АҚШ әскерінің Сириядан кетуі Батыс коалициясының онсыз да әлсіз жағдайын нашарлатпақ. Ең бастысы – АҚШ осы күнге дейін өздері қолдап келген күрд жасақтарын жалғыз қалдырып барады. 2019 жылдан бастап Сирия, Ресей, Түркия әскері оларға қарсы шабуыл жасайтыны белгілі десек, артық емес. Әр тараптың өз себебі бар. Алайда Сирияның іргесіндегі Иракта Американың 5200 әскері тұрғанын ескерсек, күрд күштеріне көмек көрші елден келуі мүмкін.
Триумф жақындаған сайын енді одақстар арасында көзқарастар әртүрлі болуы мүмкін. Ресей Сирияны толық Б.Асадтың бақылауына өткізіп, сол арқылы елдегі доминаттығын сақтап, қазіргі әскери-қаржы шығынын азайтқысы келеді. Яғни, Иран мен Түркияның әскерін шығаруды сұрайтн шығар. Дегенмен, Сирияға сарбаздарын кіргізіп үлгерген Түркия мен Иранның енді елден кетуі екіталай. Әсіресе, күрдтерді террористік қауіп көретін Түркия. Оларды бақылауында ұстауы үшін Р.Т.Ердоғанның кері шегінуі өте қиын. Шам еліне көрші елдерден тәулігіне жүздеген сириялықтар оралып жатыр. Кезінде БҰҰ Сирия мәселесі бойынша өкілі Стаффан де Мистура Сирияны қалпына келтіру үшін 250 млрд доллар қажет деген еді. 2019 жыл бұл елге қатысты негізгі үш мәселе халықаралық аренада талқыланатын шығар: 1) ДАИШ күштері толық жойылды ма? 2) Күрд жасақтарының тағдыры 3) Сирияның инфрақұрылымын қайта қалпына келтіруге қажет қаражатты кім төлейді?
АҚШ пен Қытай
2018 жылы әлемнің қос ең ірі экономикасының бір-біріне баж салығының тарифтерін көтеріп, сауда соғысын жариялауы – әлемдік экономикаға да кері әсерін тигізе бастады. АҚШ сәуір айында Қытайдың 50 млрд доллар тұратын 1300 тауар түріне баж салығын 25%-ға көтерді. Кейін салық өсімі 200 млрд долларлық тауарға жетті. Қытайда шама-шарқы келгенше жауап беріп жатты. Алайда екі елдің басшысы желтоқсанда жаңа тарифтерді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізбеуге келісті..... егер 90 күннің ішінде келісе алса.
Дональд Трамптың пікірінше Қытаймен сауда дефициті 335 млрд долларға жеткен, ал Қытай компаниялары АҚШ-тың ғылыми патенттерін, зияткерлік меншігін ұрлау арқылы 220-600 млрд доллар аралығында шығын келтіріп отыр. Сол үшін 2018 жылы АҚШ жерінде қытайлық Huawei, ZTE брендтерінің смартфондарын сатуға, оларға процессор жеткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, Қытайдың Sino IC Capital, HNA, Alibaba секілді компанияларына Американың бірнеше компаниясын сатып алуға жол бермеді. Қытай жауап ретінде Apple-дың саудасын сот арқылы шектей бастады. Енді 2019 жылы АҚШ өзінің зияткерлік меншігін қорғау үшін Қытайдан келетін технология саласында зерттеу жүргізетін PhD студентеріне беретін визаны шектемек. Трамп Қытайдың қарқынды дамуын құрықтау үшін осы стратегиясын 2019 жылы да жалғастыра берер. Азия алыбының индустриялық мүмкіндігі қанша мол десек те, АҚШ-пен көп салада бәсекелесе алмайды екен. Stratfor басылымы АҚШ 2019 жылы Қытайды екіжақты сауда да ғана емес, енді басқа мемлекеттер арқылы қыспаққа алады. Яғни, Еуропа, Жапония, Австралия, Канада, Оңтүстік Корея, Тайвань елдерінен Қытай инвестициясын шектеуді талап етуі әбдем мүмкін деп жазады. Сөз жоқ, бұл елдер екі оттың ортасында қалады. Бір жағы Қытайдың арзан несиесі көбіне қажет, бірақ екінші жағынан АҚШ-тың санкция атты құрығы ұзын.
Желтоқсандағы келісімге қарамай, 2019 жылы АҚШ пен Қытай қарсылығы өрши түсетін секілді. Себебі Пекин Вашингтонның №1 әлемдік держава атағына ашық таласа бастады. Оған қоса, Қытай енді америкалық компаниялар үшін бұрынғыдай жай үлкен нарық емес, көп салада басты бәсекелеске айналды. Әдетте, мұндай процесте нақты бір себеп қарама – қайшылықтың сахнасына айналады. 2019 жылы ол – Тайвань мәселесі болуы мүмкін. Жақында ғана Қытай төрағасы Си Цзиньпин қажет болса, Тайваньды күшпен қосып аламын деді. Әрине, Қытай оған бара қоймас. Алайда Дональд Трамп енді принціп ретінде Тайваньді бар күшін салып қорғауы ғажап емес. Сондай-ақ, қарсылық енді ғарыш саласында да жалғасуы мүмкін. 2018 жылы тыңшы-спутниктерді ұшыру, АҚШ-тың ғарыш әскери күштерін құруы, Қытайдың оған қарсы шығып, өз зымырандарын жаппай ұшыра бастауы – барлығы жоғарыдағы болжамға негіз. Бұдан бөлек, 2019 жылы АҚШ пен Қытай қарсылығы Оңтүстік Қытай теңізінде жалғасуы мүмкін. Америка ара-тұра ол теңізге эсминецтерін жаттығу аясында жіберіп тұрады. Ал Пекин аталған теңізде жасанды аралдар салып, флотының тұрағына айналдырды. Былтыр қазан айында Қытайдың Luyang әскери кемесі АҚШ-тың Decatur әскери кемесін сол аймақтан ығыстырған еді. Яғни, 2019 жылы мұндай жайттар қайталануы бек мүмкін. Себебі бұл теңіз екі ел үшін де сауда, әскери тұрғыдан аса маңызды. Вашингтон, бұдан бөлек, Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерлер мәселесін БҰҰ деңгейінде бірнеше рет көтеріп, Бейжіңге саяси соққы беруге тырысар.
Батыс пен Ресей
2014 жылғы Қырым аннексиясынан басталған Батыс елдерінің Ресейге жариялаған экономикалық санкцияларының зардабы аз емес екен. Bloomberg агенттігінің есебі бойынша сол санкциялардан Ресей экономикасының өсімі 6%-ға, ал ЖІӨ 10%-ға кеміген, яғни жүздеген млрд доллар. 2019 жылы да Ресей мен Батыс елдерінің қарым-қатынасы жақсара қоймайтыны айқын көріне бастады. ЕуроОдақ санкцияларын 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартты. АҚШ Ресейге қарсы экономикалық қысымын тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Соңғысы 2018 жылдың қыркүйегінде жарияланды. Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында Ресейден көмек алды деп айыпталған еді. Енді ол осы айыпты қарсыластары өршітпес үшін Ресейге қарсы санкцияларды тоқтатпайтыны анық. Оған қоса, АҚШ-та 2020 жылы кезекті президенттік сайлау келе жатыр. Екіжақты текетіресті 2019 жылы екі мәселе өршіте түсетін шығар: Ресейдің былтыр қарашада Азов теңізінде Украинаның 23 теңізшісін құрықтап, сотқа тартқаны және Сирияда Ресейге үстемдігінің артқаны.
Халықаралық қатынас саласының мамандары Батыс пен Ресей қарсылығы келер жылы жаңа деңгейге шығуы мүмкін дейді. Былтыр Д.Трамптың 1987 жылы АҚШ пен КСРО қол қойған «Орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімінен» елін шығару туралы мәлімдемесі отқа май құйғандай болды. Себебі егер АҚШ шынымен аталған келісімнің талаптарын орындаудан бас тартса, онда 2019 жылы «қару-жарақ жарысы» қайта басталуы мүмкін. Себебі сөз болған құжат соңғы 30 жылда екі елді орта және шағын қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануға шектеу болып келген еді. Оған қоса, бұл келісім тоқтаса, онда 2010 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведев 2010 жылы қол қойған «Шабуылдаушы қаруларды қысқарту туралы келісімнің» тағдыры күмәндң, нақтырақ айтсақ, ол келісім де одан әрі ұзармауы мүмкін. Себебі оның мерзімі 2021 жылы аяқталмақ.
«Қару – жарақ сайысы» басталуы мүмкін деген болжамға былтыр Ресей президенті наурыз айында бірнеше қарудың видеосын Федералды жиында жария көрсетуі, желтоқсан айында «Пересвет» лазер қаруын Ресей армиясына жеткізуі – қосымша аргумент. Бұл АҚШ алаңдайтын факторлар. Олар да қару өндірісі саласында қарап қалмас. Д. Трамп армияға көп қаражатты бөлуді жақтайтын басшы. Ендігі қарудың бәсеке алаңы ғарыш боларын көпшілігі сезіп отыр. Айтпақшы, енді қару-жарақ жарысына екі елмен қатар Қытай да қатысуы әбден мүмкін.
Иранға қарсы санкциялар және мұнай бағасы
АҚШ 2018 жылы Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға бағытталған 6 жақты келісімнен шығып, оған экономикалық санкциялар жариялауы – былтырғы жылдың негізгі жаһандық қатерлерінің қатарында, тіпті, сол тізімнің көшбасында. Иран былтыр сәуір айында күніне 2,7 млн баррель мұнай экспорттаса, оны жыл соңында амалсыздан 1 млн баррельге түсірді. Сұраныс азайған. Оның азаюйына АҚШ-тың кешенді санкциялары сеп болды. 2018 жылы 5 қарашада жарияланған санкцияның екінші кезеңіне Иранның 700 азаматы, ұйымы, ұшағы, кемесі, мұнай, транспорт компаниялары кірді. Вашингтон Иран мұнайын үлкен көлемде қолданатын Үндістан, Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан парсы қара алтынын сатып алуды азайтуды не мүлдем тоқтатуды талап етті. Сескенгендері көніп жатты (тіпті, Қытайдың өзі 34%-ға азайтты). АҚШ санкциялар алынып тасталуы үшін ядролық бағдарламаны тоқтату, баллистикалық зымырандарды таратуды тоқтату, Таяу Шығыста Хаммас, Талибан, хусит күштерін қолдауды тоқтату, Сириядан барлық әскерін алып кету, Ирактың жаңа үкіметін мойындау секілді 12 талап қойды. Әрине, Иранның саяси және діни басшылығы оған келіспесі анық. Сол үшін санкция 2019 жылы да жалғаса береді.
Иран 2015 жылғы 6 жақты келісімнен шықпау үшін ЕуроОдақ АҚШ санкцияларын айналып өтетін қаржылық механизмді (SVP) жасауға уәде берген еді. Алайда ол уәдесін әлі орындаған жоқ. Иранның ресми өкілі қаңтар айында сол үшін еуропалықтарды сынға алды. Себебі Иран енді құны 300 млрд еуродан жоғары тұратын келісім-шарттарын долларда емес, тек еурода жүзеге асырмақ. Еуропалықтар уәде еткен баламалы қаржы механизмі (SVP) 2019 жылы да іске қосылмауы мүмкін. Себебі ол жағдайда Брюссель Вашингтонмен ашық текетіреске шығып, бір-біріне санкциялар жариялауы мүмкін. ЕуроОдақ құрамында 28 ел болса да, одақ мұндай тәуекелге баруды қаламас. Ал бұл жағдайда Иран жоғарыдағы келісімнен шығады.
Иран мұнайы әлемдік нарықта 1 млн баррельге азайса, онда оған сұраныс артып, мұнай құны 2019 жылы 100 долларға жетеді деп болжамдар аз болмады. Соның бірі – Commerzbank сарапшылары еді. Осындай болжамдарға иланған инвесторлар мұнай саласына инвестицияны көбейтіп, қазан айында оның бағасын 85 долларға жеткізді. Дегенмен 2019 жылдың қаңтар айында мұнай баррелінің құны 57 доллар. Бағаның төмендеуіне АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресейдің мұнай өндірісін ұлғайтуы әсер еткен болар. Алайда үш ел 2019 жылы бұл көрсеткішті ұстай алмай, әлемдік нарықта Иран мұнайы жетіспей, мұнай бағасы қайта өсуі мүмкін.
2019 жылғы сайлаулар
2019 жылы әлемнің 80-нен астам елінде түрлі деңгейдегі сайлаулар өтеді. Негізінен, парламенттік және президенттік. Time журналы оның тек 5-і әлемдік деңгейде маңызды дейді. Нигерия мен Украинадағы президент сайлауы.
Үндістан, Израиль және Еуропалық Одақтағы парламент сайлауы. Украинада 31 наурызда жоспарланған президент сайлауының маңызы зор. Қазіргі президент Петр Порошенконың былтыр жыл соңында елінде әскер жағдай енгізуі, күзгі саяси рейтингте Порошенконы актер, комик Владимир Зеленскийдің озып кетуі, оппозиционер Юлия Тимошенконың бас кандидат атануы – барлығы осы саяси додаға назарды тартып тұр. Кейбір сарапшылар ешбір кандидат 1 кезеңде қажет 50% дауыс жинай алмайды және 2-ші кезеңге негізгі екі кандидат өтеді деп болжайды. Бірақ ол екі үміткер кім болуы мүмкін: Тимошенко, Зеленский, Порошенко?
2019 жылғы самиттер
G20 форумының кезекті 14-ші саммиті 28-29 маусым күндері Жапонияның Осака қаласында өтпек. Форум құрамындағы 20 ел басшысынан бөлек арнайы қонақ ретінде Чили, Мысыр, Нидерланды, Сенегал, Сингапур, Испания, Тайланд, Вьетнам басшылары шақырылуы мүмкін. Осы саммитте көтерілуі мүмкін деген тақырыптардың қатарында еркін сауда, технологиялық инновация, роботоехника, жасанды интеллект, жаһандық денсаулық сақтау жүйесі және әлемдік экология бар.
Ал G7 тобының 2019 жылы 45-ші саммиті 25-27 тамызда Францияның Биарриц қаласында өтпек. Франция саммиттің қожайыны ретінде 3 мәселеге басымдық беруі мүмкін. Біріншісі экологияның өзгеруі, екіншісі адам капиталының дамуы (білім) және үшіншісі қауіпсіздік, терроризммен күрес, миграция Сириядағы жағдай.
2019 жылғы болуы мүмкін маңызды саммиттің бірі – Солтүстік Корея мен АҚШ саммиті. Осы кездесуді ұйымдастыру үшін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пампео 2018 жылы қазанда Солтүстік Кореяның төрағасы Кин Чен Ынмен кездескен еді. Қос тарап та 2-ші саммит қажет екендігіне келіскен. Бірақ саммит қашан және қай жерде өтері белгісіз. Тек 2019 жылдың басында деген мәлімет бар. Алғашқы саммит Сингапурда 2018 жылдың маусым айында өткен еді.
Нұрмұхамед Байғараев