«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы 2016 жылдың желтоқсанында қабылданды. 2018 жылдың маусым айында ол мемлекеттік бағдарлама болып қайта бекітілді. Бағдарламаның мақсаты — халық үшін тұрғын үй қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жыл сайынғы Жолдауында бағдарламаға оң баға берді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2017 және 2018 жылдың 11 айында барлық қаржыландыру көздерінен 22 161 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде 197 573 отбасы өз тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алған. Оның ішінде 2017 жылы — 11 168 мың м² (100 812 баспана), 2018 жылдың 11 айында — 10 993 мың м² (96 761 баспана) берілген.
2018 жылы жалпы 12,1 млн м² тұрғын үйді (немесе 100 мыңға жуық баспана) пайдалануға беру керек болатын, оның ішінде 1,3 млн м² тұрғын үйі — мемлекеттік инвестициялар есебінен. 2018 жылдың 11 айында 11 млн м² пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың 91%-ы. 96 731 баспана салынды немесе жылдық жоспардың 97%-ы орындалды. Жылдық жоспарды 12 айдың қорытындысы бойынша толық көлемде орындау көзделген.
Мемлекеттік бағдарлама басталған 2 жыл ішінде қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі бойынша алдыңғы қатарда Астана қаласы (4,7 млн м²), Алматы қаласы (2,6 млн м²), Маңғыстау (1,8 млн м²), Ақтөбе (1,5 млн м²), Атырау (1,3 млн м²), Алматы (1,3 млн м²) және Қызылорда (1,2 млн м²) облыстары тұр.
Жалпы, 11 айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда республиканың барлық өңірлерінде тұрғын үй құрылысы көлемінің ұлғайғаны байқалады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бұл көрсеткіш ең жоғары Астана қаласында — 2,3 млн м² (22 565 пәтер), Алматы қаласында — 1,7 млн м² (15 020 пәтер), Маңғыстау облысында — 978,8 мың м² (8 367 пәтер), Ақтөбе облысында — 707,1 мың м² (5 941 пәтер) және Алматы облысында 682,7 мың м² (4 824 пәтер) болды.
2017 жыл және 2018 жылғы 11 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 2044,8 млрд теңге инвестиция салынды (2017 жылы – 1022,5 млрд теңге, 2018 жылдың 11 айында – 1022,3 млрд теңге).
Осы кезең ішінде мемлекеттің жұмсалған 1 теңге қаражатына 5,5 теңге жеке инвестциялар тартылды (315,4 млрд теңге/1729,4 млрд теңге).
Бағдарламаның басым бағыттары
Тұрғын үй қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет халыққа көмек көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп отырады. Соның бірі — күн санап артып келе жатқан сұраныс жағдайында халықты өз тұрғын үйімен қамтамасыз етуді көздейтін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаның негізгі бағыттары: ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру; тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу; халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы тұрғын үй қорын құру; жеке тұрғын үй құрылысын дамыту; жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру; бұрын қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру. Бағдарламаның бұл бағыттары бойынша қаржыландыру және субсидиялау тұрғын үй сатып алғысы келетін азаматтарға ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй салушы компаниялар ме ипотекалық несие беретін екінші деңгейлі банктерге де ұсынылады.
Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасында тұрғын үй нарығын дамыту бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Бұл «Даму» АҚ-ның мемлекеттік субсидиялары арқылы банктік несиелердің құнын төмендету.
ҚР ИИДМ мәліметі бойынша, бүгінде қатысушы-банктерге жеке құрылыс салушылардан 72,6 млрд теңгеге 84 өтінім түскен. Оның ішінде «Даму» АҚ арқылы 45,2 млрд теңгеге субсидияланған несиелерді беру туралы 51 келісімге қол қойылды. 2020 жылға дейін барлыы 152 млрд теңгеге субсидияланған несие берліп, 600 мың м² коммерциялық тұрғын үй салу жоспарланып отыр, оның ішінде 199,6 мың м² салынып болды.
«7-20-25» бағдарламасының енгізілуіне байланысты (Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясында) «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасынан «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ арқылы халықтың бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық несиелерін субсидиялау бағыты алынып тасталды. Сонымен қатар, жүзеге асырылған барлық кезең ішінде екінші деңгейлі банктер халықпен 34,5 млрд теңгеге 3336 субсидиялау келісімшартын жасасқан (2017 жылы – 919 келісім, 2018 жылы – 2417 келісім).
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері 876,9 мың м² несиелік тұрғын үй немесе 14658 пәтер салынды (2017 жылы – 570,4 мың м² немесе 9010 пәтер, 2018 жылдың 11 айында – 306,5 мың м² немесе 5648 пәтер). Жыл соңына дейін 500 мыңнан астам м² тұрғын үй (9 мыңнан аса пәтер) салынады деп күтілуде.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы 248,1 мың м² жалдамалы тұрғын үй немесе 4592 пәтер салынды (2017 жылы – 146,5 мың м² немесе 2620 пәтер, 2018 жылдың 11 айында – 101,6 мың м² немесе 1972 пәтер). Жыл соңына дейін 185 мың м² (3 мыңнан астам пәтер) салынады деп күтілуде.
2018 жылы тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарға инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге 42,1 млрд теңге қарастырылған.
Жеке тұрғын үйлер құрылысы
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында қазақстандықтардың жеке тұрғын үй құрылысына қызығушылығы артты. Бұл бағытқа жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. 2017 жылы облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысын жалғыз сәулеттік стильде салу үшін пилоттық жоба іске қосылған болатын. Ол бір құрылыс салушы арқылы жергілікті құрылыс материалдары мен үй құрылысы комбинатының технологиясын қолдануды көздейді. Аталмыш технологияларды типтік құрылыс жобаларына қолдану 1м² тұрғын үй құрылысының құнын 120 мың теңгеден асырмауға мүмкіндік береді.
Әкімдіктерде жер телімін алуға кезекте тұрғандар пилоттық жобаға қатысуға және инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын үйді жер телімімен сатып алуға, сонымен қатар, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген несие алуға құқылы.
Осындай тәсілдер арқылы кезекте тұрғандар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда — 70 мың теңге, кейінгі 10 жылда — 56 мың теңге болады. Бұл шаралар жыл сайын шамамен 40 мың үйді (4 млн м²) енгізуге мүмкіндік береді. Мәселен, 2017 жылы 184 үй пайдалануға берілді.
2018 жылы бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобалары жалғасын тапты. Республикалық бюджет есебінен сумен және электрмен жабдықтау желілері салынып жатыр. Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылы 160 үй пайдалануға берілген. Бұдан өзге, 179 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 20 үйдің жобалық-қаржылық құжаттары дайындалды. 5,08 мың м²болатын 54 ЖТҚ-ның сараптама қорытындысы келіп, құрылыс жұмыстарына байқау жарияланды.
Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында 2018 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 40 мыңға жуық жер телімі инженерлік коммуникациямен жабдықталды.
Қорытындылай келе, Қазақстан Президенті қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге әрдайым баса назар аударатынын атап өткен жөн. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары сапалы әлеуметтік қызметтер тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздің кез-келген елді мекенінде жайлы және қауіпсіз өмір сүру үшін кең мүмкіндіктер туғызумен сабақтасу керектігі айтылды.
Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, тұрғын үй құрылысы және қаражаттың игерілуі ведомствоның тұрақты бақылауында. Тұрғын үй құрылысы белсенді дамып келеді, бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартуға, құрылыс қарқынын өсіруге, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға ықпал етеді. 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 13 млн м² астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал, бұл — 100 мыңнан астам тұрғын үй.