18 Маусым, 2012

Абайдың аманатын ақтадық па?

526 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Абайдың аманатын ақтадық па?

Дүйсенбі, 18 маусым 2012 0:31

Көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановпен сұхбат

– Қайым аға, Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өткеніміз  күні кеше ғана секілді еді, содан  бері де арада аттай жеті жыл өте шығыпты.  Ал енді екі жылдан соң “ақындардың пайғамбары” (Жамбыл), “қазақтың бас ақыны” (Ахмет), “хакім ақын” (Мағжан) атанған ұлы жүрек иесі – оның дүниеден өткеніне де бір ғасыр болады екен. Рас, Абай туралы бұған дейін де аз әңгіме айтылған жоқ. Бұдан кейін де ол туралы айтылар әңгіменің аз болмайтындығы сөзсіз. Солай дей тұрғанмен, алпыс жылдан астам уақыттан бері абайтанушы ғалымдардың алдыңғы легінде келе жатқан өзіңізбен еліміздің бас басылымы бетінде “Абайдың аманатын ақтадық па?” деген тақырыпта кеңінен бір сөз толғасақ деп едік …

 

Дүйсенбі, 18 маусым 2012 0:31

Көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановпен сұхбат

– Қайым аға, Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өткеніміз  күні кеше ғана секілді еді, содан  бері де арада аттай жеті жыл өте шығыпты.  Ал енді екі жылдан соң “ақындардың пайғамбары” (Жамбыл), “қазақтың бас ақыны” (Ахмет), “хакім ақын” (Мағжан) атанған ұлы жүрек иесі – оның дүниеден өткеніне де бір ғасыр болады екен. Рас, Абай туралы бұған дейін де аз әңгіме айтылған жоқ. Бұдан кейін де ол туралы айтылар әңгіменің аз болмайтындығы сөзсіз. Солай дей тұрғанмен, алпыс жылдан астам уақыттан бері абайтанушы ғалымдардың алдыңғы легінде келе жатқан өзіңізбен еліміздің бас басылымы бетінде “Абайдың аманатын ақтадық па?” деген тақырыпта кеңінен бір сөз толғасақ деп едік …

–       Ұлы Абай өмірден өткеннен бергі дәуірді үш кезеңге – патша, кеңес, тәуелсіздік кезеңдеріне бөле отырып сөз қозғайтын болсақ, соның бәрінде де ол туралы әңгіме аз айтылмағаны рас. Тіпті, оны айтасыз, халқымыздың рухани көсемі Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде оны орыстың оқырман қауымына таныстырып үлгерген болатын. Ал ақын қайтыс болған соң, тағы да осы Әлекең оның өмірбаянын орыс тілінде жазып,  Семейде шығып тұратын “Семипалатинский листок” атты газетте 1905 жылы жариялады. Содан екі жыл өткен соң, 1907 жылы “Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества” деп аталатын кітапта Абайдың өмірбаяны фотосуретімен бірге тағы басылып шықты. Ақынның  мұндағы өмірбаянын жазған Ә.Бөкейханов. Сол өмірбаянның шекесіне “некролог”, яғни  “қазанама” деген айдар тағылыпты. Демек: “Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,  өлмейтұғын артына сөз қалдырған”,– деп ақынның өзі айтқандай, Абайдың сол өлмес, өшпес сөз мұрасын, жан мұрасын сол шақта орыс жұртына дейін жеткізуге тырысып баққан Әлекеңнің бұл талпынысына қайтіп сүйсінбессің!

Әлекең демекші, менің әкем Мұхамедхан бұл кісімен түйдей құрдас, оның үстіне сырлас болған адам. Қазірде Жаңасемей, ертеректе Алаш аталған Семейдің сол сол жақ бөлігіндегі Мұхамедхан үйінде Әлихан өзінің идеялас серіктері Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт, жас Мұхтармен қона жатып, әңгіме-дүкен құрғандары да, әкемнің айтуынша, менің ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың тізесінде отырып өскенім де рас! Мұны бірақ құр мақтаныш үшін айтып  жатыр деп ойламағын. Әлгі ұлылардың мен түгіл менің әкеме де үлгі-өнеге болғандығы шындық. Өзі де ертеден Абай төңірегімен аралас-құралас болған Мұхамедхан бергі төңкеріс кезінде Семейде шыға бастаған Алаш үні “Сарыарқа”  газеті мен Жүсіпбек және Мұхтар шығарған “Абай” журналына демеушілік танытуы осы ұлылардың өнеге-тәрбиесі емес деп кім айтады?!

Ал өз басыма келетін болсақ, мектеп табал­дырығын аттаған беттен Ахмет Байтұрсынов құрастырған оқулықтан Абай есіміне одан әрі қаныға түстім. Сол тұста ағартушы ұстаздар, ерлі-зайыпты Құлжановтар Абайдың өмірден өткеніне жиырма жыл толуына орай әсерлі бір кеш өткізді. Соған жасым сегізге енді ғана толған мені әкемнің ілестіре барғаны да, содан бері сексен жылдай уақыт өтсе де, күні  бүгін­гідей есімде. Мұны енді алдыңғы толқынның елдігі, әрқайсысының өзінше бір кісілігі десек артық па! Қазір ойлап отырсам, сол алдыңғы толқын өкілдерінің бәрі “өлмейтұғын артына сөз қалдырған” Абай мұрасын алдыңғы ұрпаққа жеткізіп, аманаттауды алдарына асыл арман етіп қойған секілді ғой.

– Ал енді кешегі кеңес заманында Абай есімін қалай, қандай дәрежеде ұлықтай алдық? Абай аманаты бұл кезеңде қаншалықты ақталды?

– Көзі қарақты жан Кеңес үкіметінің арғы жиырмасыншы, отызыншы жылдар түгіл, бергі елуінші жылдардың ортасына дейін Абайға, оның асыл мұрасына көзқарасы соншалықты түзу болмағандығын жақсы біледі. Тіпті  одан бергі кеңестік дәуірде де Абайды мектеп оқулықтарында ағартушы ақын дәрежесінен асыра алмадық. Ау, кеңес заманында да және анау-мынау кезде емес, соғыстан кейін іле-шала Абайдың 100 жылдығы тойланып, республика­лық деңгейдегі мұражайы ашылып  жатты емес пе деп өзінше тоқмейілситіндер қателеседі. Мұның бәрі №1 абайтанушы Мұхаңның, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің жанкешті тірлігінің арқасы. Иә, бұл мәселеде ол кісінің жалғыз болмағаны да рас. Яғни, оның төңірегінде  Бейсекең (мен бұл арада Бейсембай Кенжебаев сынды өмірде арына кір жұқтырмай өткен асыл ағамды айтып отырмын) сынды тілектес, ниеттес рухани інілері аз болған жоқ. Десе де, Мұхаңның орны, жөні бөлек.

Мен осы орайда, коммунистік жүйенің, коммунистік идеологияның ұлы ақынға деген көзқарасына бір-екі-ақ мысал келтірейін. Жаңа, қырқыншы жылдары Абай мұражайы ашылды дедік қой. Ал сол мұражай төрінен Абайдың айналасында болған адамдар, яғни туыс-туғандары мен шәкірттері ескі заманның кертартпа өкілдері ретінде шеттетіліп, олардың орнына сол кезде Еңбек Ері атанған шопан-бақташылар туралы деректер жайғастырылғанын қайтерсіз!

Ал Мұхаңның тікелей ақыл-кеңесімен Абай мектебін зерттеуге кіріскен мен атқа теріс мінгізіліп, қуғын-сүргінге ұшырадым. “Марксизм-ленинизм мектебі дегенді білуші едік, Абай мектебі деген қайдан шықты?”– деп даурықты көкезу “данышпандар”. Іштен шыққан жау жаман дейді. Сөйтіп, елуінші жылдардың басында 25 жылға сотталып кете бардым. Мұндай жолсыз жазадан мені республика әнұранының авторы екендігім де қорғап қала алмады. Абайдың ақындық мектебі жөнінде Мұхаңның жетекшілігімен қорғаған кандидаттық атағымнан айырылып, Абай өлеңдерінің текстологиясы (мәтіні) жөнінде жазған кітабым пышаққа туралып, жойылды.

Мені де қойшы, атағы айдай әлемге тараған Мұхаңның өзі өле-өлгенше қуғын-сүргіннен көзін ашпады ғой. Соның айға­ғын­дай, үндеместер тарапынан оның желкесінен қойылған қарауыл бұл кісі Лениндік сыйлыққа ие болған соң ғана алынғанын жақсы білеміз. Сонда Мұхаңның өзі 60 жылдық ғұмырында бір-екі-ақ жыл тыныштықта болған. Сөйтіп, Абай аяусыз сын садағына алған қызғаныш, іштарлық кесірінен Әуезовті көзі тірісінде алақанымызға салып, төбемізге көтере алмағанымыз және рас. Маған Мұхаң бойын жайлаған үрей, қорқыныштан өмірбақи арыла алмай кеткен секілді көрінеді де тұрады. “Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты” деп арғы заманда Абай өмірден күңіреніп өтсе, бергі замандағы Әуезов бойындағы үрей, қорқыныш неден? Шындығында, бәтуәсіз, берекесіз, ең қатыгез халық бізбіз бе, жоқ әлде мұның сыр-сұмдығы басқа да ма?

Соның бәрін өз басым құлдық санадан көре­мін. Соңғы үш ғасырға жуық рухы әбден езіліп, жаншылған халықтың  ұлдары  шіміркен­бестен бірін-бірі сатып, бірін-бірі атып жүре беретін болды. “Арымнан малым, малымнан жаным садаға”,– деген ұлағатты сөз далада қалды. Ендігі жерде Абай айтқандай: “Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?”– деп сөздің “турасына” көштік.

Тағы да сол Абайдың қорқақ та жалтақ ел “жақсыларынан” мейлінше түңіліп: “Бас-басыңа би болған өңкей қиқым, мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын. Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың”,– дейтіні бар емес пе! Ал кешегі кеңестік кезеңде, коммунистік жүйе тұсында өз ырқымыз өз қолымызға қайтып келіп пе еді? Әрине, жоқ. Сондықтан да “күштілеріміз сөз айтса, бас изедік шыбындап”. Осы себептен де, тым қатты айтты десеңіздер өздеріңіз біліңіздер, кешегі болыстан кеңестік қызыл директор, яки кешегі  ояздан аупартком хатшыларының мінез-құлқында айтарлықтай көп өзгеріс бола қойған жоқ. Яғни, бұлардың көпшілігі алладан, адамнан емес, жоғарыдағы ұлықтан, немесе басқаша айтқанда, кеуде тұсындағы қызыл билеттен ғана қорықты. Солайша халқын қараңғылықтан жарыққа, қызғаныштан бауырмалдылыққа, қатыгездіктен ізгілікке үндеген Абай өсиеті, ақын аманаты жайына қалды. Абайды оның 100, 125 жылдығында ғана, әрі кетсе жүйесіз ұйымдастырылып келген оның поэзия күндерінде ғана еске алдық. Яғни, Абай өсиеті, Абай өлеңдері ұлттық идеологиямыздың алтын діңгегіне айнала алмады. Оған, тағы да қайталап айтайын, коммунистік идеология жол да берген жоқ.

– Ойланып көрелікші, егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде Абай аманатына адалдық таныта алып келеміз бе? Біріншіден оның асыл мұрасын өзімізге де, өзгеге де жарқыратып көрсете білдік пе? Екіншіден бүгінгі ұрпақ Абай мұрасын қандайлық дәрежеде қабылдап отыр деп ойлаймыз? Бір сөзбен айтқанда ұлт болып ұйыса түсу үшін Абайды, Абай шығар­ма­ларын қалайша керегімізге жаратып жатырмыз?

– Қарағым, сен: “Абайдың аманатын ақтадық па?”– деген сауалыңды  алдыма бір емес, бірнеше қайтара көлденең тартып отырсың. Оған бір сөзбен ғана иә ақтадық, иә ақтамадық деп кесіп айта салсақ дұрыс болмас. Яғни, кейде тәубаны  да ұмытпағанымыз жөн.

Айталық, ұлы Абайдың 150 жылдық мерей­тойына дайындық еліміз егемендікке қол жеткізген беттен басталып кетті. Сөйтіп,  ол әзірлік аз кемі жоқ 4-5 жылға созылды. Ал бұл кездегі еліміздегі экономикалық қиыншылықтардың қандай болғандығын айтып жату басы артық шаруа. Оның үстіне көп ұлтты мемлекетте бірлікті сақтап, тыныштықты  қалыптастыру да аса бір үлкен міндет еді. Өзіне жүктелген осы міндетті еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев абыроймен ақтай біліп, “бас басына би  болғысы келген кейбір қиқымдардың елдің сиқын кетіруіне” жол бермеді. Ал Нұрекеңнің әлемдік деңгейдегі абыройын орнымен пайдалана отырып, ұлы Абай тойын дүниежүзілік деңгейге шығара білуі оңды шаруа болды. Кейде біз сыншыл да міншіл, ол аз десеңіз күншіл де халықпыз. Ал енді кейбір ұсақ-түйектерге  көз жұма қарайтын болсақ, ұлы Абайдың ұлы дүбірлі тойы өз деңгейінде өтті деп ұялмай айтуға болады. Соның айғағындай, осы тойдың финалы іспеттес сан жүздеген үйлер тігіліп, ондаған мың адам жиналған Жидебайда салтанаттың ешбір ың-шыңсыз, өкпе-ренішсіз өтуін ұлтымыздың ұйыса бастағанына мысал етіп, тәуба деген дұрыс болар. Сондық­тан да бұл тойды егемен елдің басты тойы болды десек, артық айтқандық болмас. Ал ондай той Абай үшін емес, өзіміз үшін керек еді. Абай тойы артынша-ақ ұлы Жамбыл, ғұлама Мұхтар, кемеңгер Қаныш тойларына жалғаса түскені де жарасып жатты.

Ең бастысы сол, ұлы дүбірлі тойдың соңында белгі қалды. Ол қандай белгі деген сауалға жауап іздейтін болсақ, Абайдың екі томдық академиялық жинағы мен “Жалын” баспасынан  “Қалың елім, қазағым” деген атпен шыққан бір томдығын айт­қан дұрыс болар. “Абай” энциклопедиясын шыға­ру да елдігіміздің белгісі. Мұның сыртында Семей­де кезінде жоғарыда айтқандай, Жүсіпбек пен Мұхтар негізін қалаған “Абай” журналы қайтадан жарық көрді. Ол бүгінде де шығып жатыр.

Өз басыма келетін болсам, сол жылдары “Абайдың ақындық мектебі” атты төрт томдық және “Абай  мұрагерлері” атты Алаштың игі жақсылары туралы зерттеу еңбегімді жарыққа шығардым. Азды-көпті еңбегім бағаланып, республика Мемлекеттік сыйлығының иегері атандық.  Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болған шаруа. Сондықтан кешке дейін ауызды құрғақ шөппен сүрте бермей, Абай аманаты қайсыбір мәселеде рет-ретімен ақталып та жатқанын айта кеткен жөн болар.

Абайдың аманатын ақтау үшін ең алдымен сол аманатты “қалың елі, қазағына” жеткізіп табыстай білуіміз керек. Ал  ол қалай табысталуда, содан шыққан нәтиже қандай деген әңгіме бір басқа. Енді сол жайында сөз қозғап көрелік.

Бұл тұрғыдан алғанда мен өз сөзіме өзім керағар келемін бе деп қауіптенемін. Өйткені, еш мәймөңкелемей сөздің турасын айтсақ, қанша ұлы дүбірлі той өткіздік десек те, “соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен, мыңменен жалғыз алысқан” ақын жүрегіне терең бойлап, Абай жұмбағын біржола шешіп болдық деп айта алмасақ керек. Соның салдарынан, қайсыбіріміз әсіре білгішсініп Абайды толық болмаса да жарты құдай дәрежесіне көтеріп бақсақ, екіншіміз бәз баяғы көрсоқыр, топастықпен сол дүбірлі той қарсаңының өзінде оны мойындағымыз  келмеген. Сол себептен де қайсыбір мәртебелі шенеуніктер тарапынан: “Абайдың әр тоқалының басын көтеруге үкіметте шашылып жатқан қаржы жоқ” деп кергігенін де естігенбіз.

Сонсоң мына бір кереғарлықпен қайтіп келісерсің! Яғни, ана заманда Абайды қолдан атеист жасап бақсақ, енді келіп бүгінде оны тым діндар жан етіп көрсеткісі келетіндер де аз емес. Рас, әлем ойшылдарының сүбелі еңбектерімен жан-жақты таныса келе  “шығысым батыс, ба­ты­сым шығыс болып кетті” дейтін Абайдың сонымен бірге дүниенің тылсым жұмбағын да, діни ілімді де өте терең меңгергені рас. Бірақ оны: “Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас”,– деп айтты деп өзі оқыған құранның мазмұнын түсінбей құр босқа мүлгіген дүмше молданың қатарына төмендетіп  қойғанымыз жараспас.  Яғни, Абай бір аллаға көрсоқырлықпен  табынған жан емес. Ал сол алланы мойындаған Абайды көбіміздің танып, түсінуге ой-өрісіміздің жетпей жатқандығын неге мойындамасқа!

– Қайым аға, жоғарыда өзіңіз айтқандай, Мұхаңның  ақыл-кеңесімен сіз Абайдың ақындық мектебін және  оған қосымша Абай өлеңдерінің текстологиясын зерттеумен өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бері айналысып келе жатқан адамсыз. Осы  орайда басқасы басқа, ең алдымен Абай сөзін оқырманға өз қалпында жеткізе алдық па деген сауалға не дер едіңіз?

— Иә, бір сәт сөздің дертімен ауырған Абайдың жанына үңіліп көрелік. Оған дейін қазақта сөз құдыретін дәл ондай түсінген жан болған жоқ десек артық айтқандық болмас. Рас, сөздің  қадірін білгендіктен сөзге тоқтаған халықпыз деп өзімізді-өзіміз көтермелеп жатамыз ғой. Солай дей тұрсақ та, “сөз патшасы, сөз сарасы” өлеңнің құдіретін көтеріп кеткен адам Абайдай-ақ болар. “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқты-барды, ертегіні термек үшін. Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін”– дейді және Абай. Ал енді “әзірет әлі, айдаһарсыз”, “алтын иек, сары ала қызсыз” жазылған сол ақын мұрасын, өсиет-ғибратын кейінгі ұрпаққа қалай жеткізудеміз деген сұрақ алдымызға көлденең тартылғанда, әлі күнге дейін көзімізбен жер шұқитынымыз қалай?

Өзі Абайдың артына тастап кеткен өсиет-аманатын орындау үшін ең алдымен оның сөзін қалың бұқараға ақынның “іші алтын, сырты жақсы сөздерінің жақсысын” бұрмаламай жеткізе білуіміз керек. Рас, ақынның ұлы дүбір тойы  қарсаңында соған талпыныс жасалғанын жоққа шығаруға болмас. Соған орай, М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында бұрын жабылып қалған абайтану бөлімі қайта ашылды. Осы бөлім ақын­ның екі томдық академиялық жинағын  шығаруға кірісіп кетті. Бұл іске Семейде жатқан мен де шақырылдым. Абайдың бұл жолғы академиялық жинағы екеу емес, төрт томдық болып шығуы керек еді. Амалсыз осы екі томмен қанағат етуге тура келді. Ал енді бүгінде соның өзіне көңілім толмайтынын несіне жасырайын!

Тегінде біздің академиялық жинақ туралы түсінігіміз қызық. Бұрын да ұлы ақын шығарма­ларында қате кеткен сөздер тағы да қайталанып жататын-ды. Сөйтсек, әлгі академиялық жинақтың редакциялық алқасына енгендер шидің басын сындыруға ерініп, бұрынғы жинақтың парақтарын ақ қағазға желімдеп, баспаханаға сол күйі жібере салудан да тайынбапты. Кейбір “білгіштер” ақынның 1909 жылы шыққан жинағын  қолына ұстап көрмесе де, сенімен ақын өлеңдерінің текстологиясы қақында айтысқысы, салғыласқысы келсе, екіншісі: “Кәке, көз үйренген, қалыптасып кеткен сөзді өзгертіп қайтеміз”,– деп сырғақсиды. Сонда деймін-ау, Татьянаның атынан айтылатын “Кепілім менің бір өзің, Бөтен жан тесік таба алмас” деген өлең жолдарына қалыптасқан ұғым деп қарауымыз керек пе? Алдымен, мұның бірінші шумағы “Кепілім сенің бір өзің” болып оқылуы керек. Екіншіден “тесік” деген сөзге  келетін болсақ, арабшада “н”! әрпінде бір ноқат қойылады. Оның жанына бір ноқат түсіп кетсе, ол “т” болып оқылады. Сөйтіп, алғашқы жинақта әріп терушілер кінәсінен қате кеткен. Сондықтан мен бұл “тесік” деген сөзді “нәсіп” деп оқу дұрыс деп санаймын. Оған екінші бір дәлелім Татьяна өзінің екінші хатында: “Мен сорлы нәсібімнен, жатқа тидім “алшы” деп”,— демеуші ме еді?! Яғни, Абай Татьянаның аузына нәсіп деген сөзді бекер салып отырған жоқ. Өкінішке қарай, осының алдындағы жинақта мен қанша шырылдасам да, оған құлақ аспаған  шіркіндер әлгі сөзді “тетік” деп өздерінше өзгертіпті. Бұл сөздің орысшасы – “деталь”. Сонда деймін, бұл арада тетіктің қатысы қанша?

Сондай-ақ ақынның хас (қас емес) тұлпар туралы өлеңіндегі “Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы, Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы. Күлте құйрық, қыл түбі  әлді келіп, көтендігі шығыңқы, аламайлы”, – деп келетін соңғы жолдағы  “көтендігі шығыңқы” деген сөзді де түзей алмай-ақ қойдық. 1909 жылғы шыққан алғашқы жинақта ол “Көтендігі сығыңқы” деп тайға таңба басқандай-ақ жазылған. Ал “шығыңқы” деген сөз қайдан шыққан дейсіз ғой. Айтайын. Ақынның 1933 жылы шыққан өлеңдер жинағы латын әрпімен басылған. Латынша “s” әрпі орысша “ш” болып оқылады. Яғни, әліппеміз кирилицаға көшірілгенде соны ескермегендіктен бір сөздің мағынасы өзгеріп шыға келген. Ал “шығыңқы” деген сөз әбден ертоқым батып, көтерем бола бастаған аттың кейпін береді.

Тағы бір мысал. Абайда: “Ері мен екеуінің махаббаты жарасса, райыс үстіндегі үй” деген өлең жолдары бар. Райыс парсы тілінде “өнім” деген мағына береді. Ендеше бұл өлең  жолдарын түсініп көр. Ал бұған қалыптасқан ұғым деп қайтіп көз жұмбайлықпен қарауға болады. Әрине, ерініп бәріне қол сілтей салған оңай. Оған керісінше еңбектеніп, ізденсең, оның жемісін көресің. Тегінде Абай парсы, араб сөздерін көп қолданған ғой. Ал бұл тілдердегі көп сөз көп мағыналы болып келеді. Ізденіп жүріп парсы тілінен “рияз” деген сөзді кезіктірдім. Бұл сөз “гүлбақша” деген мағынаны білдіреді. Сондықтан мен жоғарыдағы “райысты” рияз деп оқу керек деп білемін,

Рас, сол жолы ақын өлеңдерінде бұрмаланып, қате басылып жүрген 250 сөзді түзетіп, 120 сөзге түсінік бердім. Ақынның мен жаңадан тапқан сегіз өлеңі әлгі екі томдықтың түсініктеме бөліміне болса да кіргізілді. Соған да шүкіршілік еттім. Ал енді Абайдың 100 жылдығына орай 1945 жылы шыққан жинаққа мен тауып әкелген 8-9 өлеңді Мұхаң  ешбір секем, күдіксіз кіргізгені еске түскенде еріксіз қынжыласың. Бұл орайда оқырман мені дұрыс түсінуін өтінемін. Яғни, мәселе менде емес, Абайда. Ғылым жолында жүрген қай-қайсымыз болсын Абайға қызмет ете білуіміз керек! Армансыз адам болмайды дейді. Жасым тоқсанға тақай түсіп келе жатқан менде де арман жоқ емес. Сол басты арманымның бірі Абай өлеңдері текстологиясының толықтырылған жаңа нұсқасын шығару болып табылады.

– Солақай көзқарас салдарынан өткен ғасырдың 30-шы жылдары Абайға жасалған шабуылдың бүгінгі күнге дейін толастамай отырғандығына байланысты не дейсіз? Бүгінгі жас ұрпақ ұлы ақын қадірін біліп отыр деп ойлайсыз ба? Олай болмаған күнде не істемек керек?

— Меніңше, бүгінгі күні де Абайды қорғап, қолдап отырмаса болмайды деп білемін. Бұл өзіміз үшін керек, болашақ ұрпақ үшін керек. Ара-тұра қайсы біреулердің мерзімдік баспасөз арқылы әлін білмей әлек болып Абайға, оның шығармалары мен көзқарасына шүйлігуге тырысатынын қайтер­сің! “Дүниенің кілті – орыста” деді, орысшыл болды дейді әлгілердің бірі ақынды орынсыз күс­тәналап. Енді біреулері Абай өлеңдерінің ұйқасы нашар дейді өзінше білгішсініп. Үшінші біреулер Абайды алдыға ұстана отырып, өз ұлтының жер-жебіріне тиісіп жататынын қайтерсің!

Сонда өз  заманына, ортасына орай халқын әлемдік  өркениетке “орыс кілті” арқылы үндеге­ніне бола Абайды жазғырудың жөні қайсы?!  За­маннан заман өткенде қазақ тілі де, орыс тілі де біртіндеп адыра қалып, ағылшын тілі алдыға шыға­тынын неғып  білмегенсің деп Абайға шүйлігуіміз қай сасқанымыз? Одан да Абайды кінәлағанша өз бойымыздағы құбылмалыққа неге сын көзімізбен қарамасқа! Айталық,  күні кеше ана тілінің болашағына сенбей балаларын орыс мектебіне сүйрегендердің  бүгін  немерелерін ағылшынша оқыта бастағанына, осындай әсіре ниеттен соң қай қалада, қай елде жүргенің белгісіздеу болып бара жатқанына тағы да Абай кінәлі ме? Түлкі заманды тазы болып қууға бейім тұратын мұндайлар туралы ұлы ақын аз жазып па еді?! “Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың, шенді-шекпен жапқанға” дейді әлгі “орысшыл” Абайың. Ендеше ұлттық мүддеден қалта мүддесін жоғары қоятын бүгінгі кейбір алпауыт кәсіп­кер­лердің тірлігіне бола ақынды орынсыз күстана­лаудың реті жоқ. Пушкин заманында орыстардың көзі ашық алдыңғы толқын өкілдері де өздерінің ана тілін, әдет-ғұрпын қорашсынғандары рас. Бірақ олар көп ұзамай-ақ естерін жиып ала қойды ғой. Ал біздің кешегі кеңес заманында да, бүгінгі егемен ел атанған жағдайда да әлі күнге дейін есімізді жия алмай, бір қиырдан екінші қиырға сырғақтай беретініміз қалай?

Пушкин демекші, оның талантында шек жоқ. Әлемдік деңгейдегі бас ақындардың бірі де бірегейі. Абайдың оның шығармаларын аударуға ден қоюы да сондықтан. Солай дей отырып, Абайдың онымен ақындығы теңдес, ал хакімдігі жоғары десек, асыра  айтқандық болмас. Рас, Абай, Мағжан айтпақшы “хакім ақын”. Ал: “Ғалымның бәрі хакім емес, хакімнің бәрі ғалым”,– деген сөз бар. Соның бәрі айналып келгенде Абайдың данышпандығын, кемеңгерлігін айғақтайды. Ол неге жасы қырыққа келгенше ақындық атақтан қашқақтап, тек содан кейін ғана Көкбайдан оны өзіне қайтарып алды. Рас, жуан атаның баласы соған дейін сөз қуған ақын атануды  өзіне ар да санаған болар. Ал кемеліне келгенде бойын кернеген кемеңгерлік сөздері өлең жолдары болып төгілмеді ме? Абай маған ақындықты туған халқын  жақсылыққа, жарыққа, ізгілікке үндеу үшін таңдаған секілді көрінеді де тұрады. Ал оның өлеңдеріндегі сол ой ағынын түсіне алмаған, яки түсінгісі келмеген әлдекімдердің одан әсіре жылтырақ ұйқасты ғана іздестіруі бейшара, көрсоқырлық деп білемін. “Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан”,– деген Абай сөзін ұқпайтындарға дауа жоқ.

Сонсоң жоғарыда Абайды алдыға ұстана отырып, өз ұлтына кіжініп, жұдырығын ала жөнелетіндер көп дедік. Бұл жерде Абайдың жөні басқа. Әрі беріден соң Абайдың халыққа сыны жанашырлықтан туындаған. Ал әрқайсымыз көрпемізге қарап көсілмей,  халықты көзіне шұқи берсек, онсыз да соңғы екі-үш ғасыр төмен түсіп кеткен рухымыз қашан аспандап көкке көтеріл­мек?! Және бұл арада әлгіндей “данышпандар” өктем пиғылдағы басқа ұлт білгіштеріне көзірдің тұзын ұстатып жүргендерін сезінбейтіні өкінішті. Өйткені, онсыз да “бұл халыққа Абайдың өзі де разы” болмаған деп аузына келгенін көкіп жүрген көкезулер аз ба?! Ал Абайдың өзі болса, өз ұлтына орысты да, сартты да, татарды да және басқаны да орынсыз кінәламай, солармен тең қатарлас халық болайық деп үндеді емес пе?! Яғни, халықты орынсыз боқтаудың да, мақтаудың қажеті жоқ. Ал осы орайда, орынсыз бос мақтан да етек алып бара жатқаны рас. Соның айғағындай, әр ру, әр атаның өз батыры, өз биін қаптатып жібердік.  Солардың қайсысы мықты деп өзара салыстырып, өзара бәсекелесіп жатқанымыз да өтірік емес. Бұдан гөрі “саналылардың” өз ұлтымызды қисыны келсін, келмесін мадақтап, өзгені төмендетуге тырысатыны және бар. Сонда Абайдың екінші қарасөзіндегі: “…  ей, құдай-ай бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім … Енді қарап тұрсам … бағанағы қайда?”– деп  аһ ұрып күрсінгенін енді неғып тез ұмыта қалдық. Бір алла жар болып, егемен ел атанғаннан бергі мезгілде әлі де етек-жеңімізді жинап ала алмай жатсақ, ертең кеш болмасына кім кепіл?! Елбасымыз күнде айтып жүргендей ендігі жерде елдігімізді танытып, басқаға үлгі көрсете білуіміз керек. Кезінде рухы түсіп кеткен тұтас бір ұлтты тізерлеп қалған жерінен тік тұрғызған Ататүрік олардың намысын: “Түрік болып туғаныңа мақтан”,– деп қамшылаған екен.

Ал біз Абайдай данышпандардың ұрпағы екендігімізге неге мақтанбаймыз? Оның орнына баяғы қазақы мінезбен бірімізді біріміз етектен тартумен шектелмей, жоғарыда айтқандай кейде тіпті сол данышпандардың өзіне соқтығып жататынымызды қайтерсің! Ауруын жасырған өледі дейді халқымыз. Сондықтан айтпасқа болмайды, қазірде Семей өңірінде, одан асып ел көлеміндегі әдеби ортада мынадай мазмұндағы бір айтыстың шеті әлсін-әлсін көтеріліп қалып жүр. Бұлардың алғашқылары Дулат Бабатайұлын Абайдың бірден бір ұстазы етіп көрсеткілері келіп жанықса, екіншілері: “Оу, Абайдың өзі Шортанбай, Дулат, Бұқар жыраудың өлеңдерін бірі құрау, бірі жамау деп сөкпеп пе еді”,– деп, ертоқымдарын бауырларына алып, тулай жөнеледі.

Ал осындай айтыс кімге керек, одан кімге не пайда? Рас, қанша данышпан десек те, Абай аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ. Яғни, оның алдында да қолына қалам алып,  дертпен тең сөз өнерімен  ауырған небір ақындар мен ділмарлар, көсемдер мен шешендер халқымызда аз болмаған. Солай дей тұрғанмен, солардың бірде бірі Абай жеткен биікке көтеріле алмаған. Әбден кемеліне келгенде Абайдың олардың шығармаларына көңілі толмағаны да шындық. Мұның: “Мен боламын демеңдер, Аяқты алшаң басқанға”,– деуінде астамшылық жоқ, өз күшін білгендік бар. Өйткені, Абай “бір ғылымнан басқаның, бәрі кесел  асқанға” екенін бек түсінген. Ал оған дейінгі ақын-жырауларымызды қанша қадірлеп-құрметтесек те, олардың ғылым жолына түсіп, асқар шыңға көтеріле алмағандары шындық қой. Сондықтан әркімнің өмірде де,  әдебиетте де өзіндік орны бар. Соның бірі жоғарыда есімі аталған – Дулат ақын. Соңғы бір-екі жылда зираты табылып, басы қарайтылып,  кітаптары жарық көріп жатқан Дулат Бабатайұлының келер жылға белгіленіп отырған 200 жылдығын жоғарыдағыдай дау-дамайсыз-ақ қал-қадірінше өткізсек жеткілікті емес пе?!

Сонсоң әр тойдан рухани бір ізгілік қалуы керек. Ал мен мұны неге айтып  жатырмын дегенге келетін болсақ, бізде қандай той болмасын бәз-баяғы ұраншылдықпен өтіп келе жатқанын мойындамасқа болмайды. Мәселен, жоғарыда айтқандай ұлы ақынның 150 жылдық дүбірлі тойы қарсаңында академиямызда абайтану бөлімі ашыла қалды. Ал ол бұрын неге жабылып қалды? Яки,  сол бөлім қай кезде болмасын неге тұрақты түрде жұмыс істемейді?

Немесе тағы бір мысал. Осы тойда Жидебайда Абайдың рухани інісі, ойшыл ақын Шәкәрім қажының да айшықты күмбезі бой көтерді. Және ол бір оңды шаруа болды. Одан бертініректе Елбасының араласуымен, тікелей қамқорлығымен Жидебайда Шәкәрім мұражайына арналған ғимарат және бой көтерді. Бірақ, өкінішке қарай, содан бері екі жылдай уақыт өтсе де ол әлі ашылған жоқ.  Ал бұл мәселе жергілікті басшылар үшін бірінші кезектегі міндет болуы керек еді. Сонда  әлгі мұражайды ашуға міндетті түрде Шәкәрімнің 2008 жылы  толатын 150 жылдық тойын күтуіміз керек пе?!

Бұған керісінше үлгі боларлық бір ұлағатты істі атап кетейін. Ана бір жылдары Мақаншы өңірінде әнші Әсет, ақын Әсеттің кезекті бір мерейтойында оның мұражайы қоса ашылды. Қазірде ол іргелі орынға айнала түсуде. Мұның сыртында сол өңірдегі әр мектепте Әсет шығармалары тереңдетіліп оқытылуда. Абай ауданының бұрынғы басшысының  бастамасымен Жидебайда  жыл сайын мектеп оқушылары арасында алдымен аудандық, облыстық, соңынан республикалық деңгейде Абай-Шәкәрім күндері өткізіліп келе жатқандығы да  өнегелі іс деп білеміз.

Бірақ, өкінішке қарай, мұндай жарқын мысалдар аз. Басқаны айтпағанда, қазақ мектептері түлектерінің өзі Абай өлеңдерін жетік білмейді. Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің ұлы ақын туралы әйгілі эпопеясын қолына алмайтындар жеткілікті. Сөйтіп, 50-60-шы жылдары қыз жасауы ретінде ұсынылатын асыл әдеби қазынамыздың құнын кейінгі ұрпақ сезініп, түсінбейтін болды. “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа, Аларында шара жоқ алдамасқа … Мал жияды мақтанып білдірмекке, көзге шұқып, малменен күйдірмекке”,– деп Абай айтқандай, кейінгі ұрпақ көбісі үй болып, шаңырақ көтергенде  қыз жасауына айналған рухани  байлықтан жерініп, жеңіл мәшине, жайлы пәтермен ғана алданатын болды. Ал шынтуайтына келгенде ешқандай дүние-мүліктің мәңгілік алданыш бола алмайтындығы бесенеден белгілі жай. Соны сезгендей, ұлы ақынның сонау арғы заманда: “Заман ақыр жастары, қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа, қойнына тыққан тастары … Күлмеңдеп келер көздері, қалжыңбас келер өздері. Кекектеп, секек етем деп, шошқа туар сөздері”,– деуі көрегендік емей немене !

Бірақ Абай солай айтқан екен деп оны кешегі  кеңестік кезеңде ат қойып, айдар тағылған “зар заман  ақындары” қатарына қоса салмасақ керек. Ұлы ақынның: “Ғылым  таппай мақтанба, Орын таппай баптанба”,– дей келіп, кейінгі ұрпақты “бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болуға” үндеуі жай қыздырма сөз үшін айтыла салған аманат емес. Сол Абай аманатын ақтау үшін ең алдымен Мұхаң айтқандай бесігімізді түзеуіміз керек. Ол үшін әдеттегідей жайбасарлығымызбен “қолымызды мезгілінен кеш сермемей” бала, ұрпақ тәрбиесімен дер уағында айналысуымыз қажет. Абайдың өзі айтқандай біз кежегесі кері кеткен халықпыз деп өтірік, алдамшы тұжырым жасаудың ендігі жерде рет-жөні жоқ. Абай ондай сөзді халқының намысын  қамшылап, жігерін қайрау үшін айтты. “Сен лапылдап жанбасаң, мен лапылдап жанбасам, Серпілер түнек түн қашан”,– демекші алдағы жарқын күндер мен тыныш түндер қай-қайсымыздың болмасын жеке белсенділігімізге байланысты. Сан ғасыр бабалар армандаған ел тәуелсіздігіне қол жеткен шақта: “Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла, толғанып. Жұртым деуге  арлымын, өзге жұрттан ұялып”,– деп кеше сол жұртының болашағына алаң көңілмен күңіренген Абай аруағын ендігі жерде  жұбата білейік,  ағайын!

– Әңгімеңізге рахмет.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
“Егемен Қазақстан”.

27 желтоқсан 2002 жыл.