Қазақстан • 08 Қаңтар, 2019

Қостанайда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 18 мың адам мәртебесін рәсімдеуден бас тартқан

60 реткөрсетілді

Елімізде қаңтардың 1-нен бастап өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен адамдар үшін Біріңғай жиынтық төлем енгізілді.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың  мәлімдеуінше, облыс өңірінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар саны 38 мың болады. Соның ішінен 26 мың адам өзін-өзі жұмыспен бейресми қамтыған деп мойындалды. Осы адамдармен  Бірыңғай жиынтық төлем төлеуді енгізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ол үшін басқарма қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға құлаққағыс жасады, адамдар жиі жүретін орындарға билбордтар ілінді, әлеуметтік желілерге ақпараттық материалдар салынды.

Осы тақырып қозғалған мәжілісте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Бірыңғай жиынтық төлем туралы тұрғындар 100 процент ақпараттануы, оның кейбір тұстары жете түсіндірілуі керектігін айтты. Ол басқарма мамандарының шалғай ауылдарға жиі шығуын, адамдар арасында болып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, Қостанай облысы бойынша өзінің мәртебесін рәсімдеуден бас тартқандар саны басқа өңірлерге қарағанда тым көп.

«Облыста 18 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығаны туралы мәртебесін рәсімдеуден бас тартып отыр. Бұл өзге өңірлерге қарағанда көп. Санының көптігі жөнінен республикада екінші орында тұрмыз. Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш мың адамға да жетпейді, Түркістан облысында 2 миллион адамның 20 мыңы бас тартқан. Ал бізде 800 мың адамның 18 мыңы өзінің мәртебесін рәсімдеуге қарсы. Осының себебін анықтап, олармен түсінік жұмыстарына барынша мән беру керек» деді Архимед Бегежанұлы.

Еске сала кетсек, өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Бірыңғай жиынтық төлем енгізуді ұсынған болатын. Бұл төрт салық түрі: жеке табыс, әлеуметтік сақтандыру қорына, медициналық сақтандыру қорына, зейнетақы қорына аударылатын төлемдерді бір мезгілде төлеу тетігі болып табылады. Бұған Қазақстан тұрғындарының барлығы міндеттеледі. Бірақ, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар еңбек келісімшарты жоқ болғандықтан, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен халықтың біраз бөлігі әлеуметтік қамту мен сақтандыру, зейнетақымен қамту жүйесіне енбей қалады. Адамдардың әлеуметтік қамтудан тыс қалмауы үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін рәсімдеу және олардың бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеуі үшін түсінік жұмыстары барынша жүргізіледі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар