Қазақстан • 08 Қаңтар, 2019

Ішкі істер органдарында 450 басшылық лауазым қысқартылады

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ішкі істер органдарын реформалаудың 2018-2021 жылдарға арналған Жол картасы қабылданып, негізгі тоғыз бағыт белгіленді.

Ішкі істер органдарында 450 басшылық лауазым қысқартылады

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы деректерді келтіре отырып, биыл полицияға қатысты жүзеге асырылатын жаңашылдықтарды таныстырды. Оның айтуынша, бірінші кезекте ішкі істер органдарының ұйымдастыру-штаттық құрылымын жаңғырту мәселесі тұр. Нақтырақ айтқанда, биыл полицияның басқарушы лауазымдарын 10 пайызға немесе 450 бірлікке азайту көзделген.

– Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, жалақысын көтеру мәселесі де негізгі міндеттердің бірі. Жалақы көтеру қызметкерлерді қысқарту арқылы үнемделген 16 млрд теңге және қосымша бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылады. Оның ішінде патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысы – 65 пайызға, шұғыл әрекет ету-тергеу құрылымдары қызметкерлерінің жалақысы – 55 пайызға, учаскелік инспекторлардың жалақысы – 25 пайызға және басқа қызметкерлердің еңбекақылары 20 пайызға көбейтіледі, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Сонымен қатар биылдан бастап ведомстволық оқу орындарын оңтайландырып, қазіргі  12 оқу орнының тек бесеуі ғана қалдырылады. Осы айдың соңына таяу полиция қатарына жоғары заңгерлік білімі бар 1200 қызметкерді жұмысқа қабылдау шаралары басталмақ. Олар алдымен 3 айлық даярлықтан өткізіледі.

Жанат Сүлейменовтың айтуына қарағанда, жоғарыда аталған Жол картасына байланысты ішкі істер саласы кейбір функциялардан азат етілмек. Оның аясында күзет қызметін басқа мемлекеттік органдарға немесе бәсекелестік ортаға беруге дайындық басталған. Бұл шара саптағы полицейлер санын қысқартуға жол ашады. Дәлірек айтқанда, қазір полицейлер күзетуге міндеттелген 748 нысанды күзетуден босатылып, 4,5 мың қызметкер қысқартылып, 5,5 млрд теңге үнемделмек.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай аудандық және қалалық, облыстық полиция ғимараттарында халықтың арыз-шағым қабылдауға арналған фронт-кеңселердің ашылып жатқандығынан да хабардар етті. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдың алғашқы жартысында толық жүзеге асырылмақшы.

Сондай-ақ қазір полиция қызметкерлерін  кезектен тыс аттестациядан өткізудің қамы жасалуда.

Ж.Сүлейменов аталған реформаның қылмыстық атқару жүйесі мен төтенше жағдайлар саласын да қамтитындығын атап өтті.

Жалпы, 2018 жылдың қорытындысын да жария еткен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары былтыр елімізде қылмыс деңгейінің азайғандығын да атап өтті. Оның ішінде ауыр қылмыс 22 пайызға және аса ауыр қылмыс 12 пайызға төмендеген. Ал орташа дәрежелі қылмыс – 66 пайызға, аса ауыр емес қылмыстар 10 пайызға азайған.

Ж. Сүлейменов тонау қылмысы – 14 пайызға, бұзақылық – 23 пайызға, ұрлық – 6 пайызға, сондай-ақ қарақшылық шабуыл 15 пайызға төмендеген айтты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»