Қазақстан • 09 Қаңтар, 2019

«Қайырымдылық керуені» жолға шықты

1534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы жай-күйі төмен отбасыларға көмек беру мақсатында қайырымдылық акциясын бастады. Нақтылай айтқанда «Қайырымдылық керуені» 5 қаңтар күні жолға шықты. Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасарлары Л.Прокопенко, И.Салжанов бастаған Ассамблея мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен қорлар және этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

«Қайырымдылық керуені» жолға шықты

Акция аясында «достық дас­тарқанына» жиналған түрлі этнос өкілдерінің ақсақалдары мен ел ағалары Астанадағы «Қо­ғамдық келісім» үйінде бас қосты. Жиналған қонақтар үшін қазақ халқының салт-дәс­түрінен көріністер қойылды. Ақ жаулықты әжелер «Бесікке са­лу», «Тұсау кесу» рәсімдерін әуез­ді әнмен әрлеп, сахналық қо­йылым ұсынды. Мұның бәрі республикалық «Сарқыт» қайы­рымдылық акциясына келуші­лер­дің көңіл күйін көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу үшін жасалып отыр. Шара барысында «Сарқыт» сөзінің мән-маңызы мен ма­ғы­насы жайлы айтылып, қайырым­дылық шараға негіз болу себе­бі түсіндірілді. Со­дан соң ҚХА-ның «Жаңғыру жо­лы» репуб­ликалық жастар қоз­ғалысының бел­сенділері көмекке мұқтаж отба­сыларға сарқыт ре­тінде азық-түлік дорбаларын таратты. Ай­та кету керек, бұл акция жыл бойы еліміздің әр өңірінде жалға­сатын болады. Ассамблея мүше­лерінің айтуынша, мұндай жұмыстардың нәтижесі жақсы.

– Осы жоба аясында 2018 жыл­дың өзінде 8 700 іс-шара ұйым­­­дастырылып, 2,5 млрд теңге кө­­лемінде 400 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. 2017-2018 жылдар аралығында ҚХА-ның «Жомарт жан» төсбелгісімен 78 демеуші марапатталды. Ал бү­­гін­гі акция 2019 жылдағы ал­ғаш­қы ұйымдастырылып отырған іс-шарамыз. Мұндай жаңа фор­мат­тағы жүйелі қайырымдылық жо­ба­сы бұған дейін Атырау қала­сында өткен меценаттар съезінде қа­был­данған болатын, – дейді ҚХА Төр­ағасының орынбасары Л.Про­ко­пенко.

Жыл бойы әр айда әртүрлі атау­мен еліміздің барлық қала­лар­ындағы Достық үйлері базасында дәл осы қайырымдылық шаралары жалғасады. Күнтізбеде  әлі де «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор» сияқты тағы басқа атаумен қайырымдылық ісі кезек күтіп тұр. Демек, еліміздегі жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созу мүмкіндігі үздіксіз жалғаса бермек.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»