Қазақстан • 09 Қаңтар, 2019

Ұлтты ұлықтауға ұйыстырады - Гаухар Алдамбергенова

771 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз сынаптай сырғыған уақытта, жаңалығы желмен жарысқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандану һәм бұралаңы көп заман иммунитеті мықты, тіні берік, мақсаты зор ұлттың ғана өзіндік болмыс-бітімін сақтайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Ұлтты ұлықтауға ұйыстырады - Гаухар Алдамбергенова

Мыңжылдықтар өтіп, қоғам­дық құндылықтар мен қағидаттар алмасса да өзгермейтін, уақыт шеңберімен өлшенбейтін нәрсе бар. Ол – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мұра, тасқа басылған төл тарих. Өзіндік дара тарихын ұлықтау – түбегейлі жаңғыруға бет алған қоғам үшін үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын ай­шықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысының қо­ғам­да үлкен пікірталас тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы іспеттес болған бұл мақала – ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуімізге сер­пін береді. Бұл мақала – кеше­гі әлем өркениетінде өзін­дік ор­нықты орны бар көшпен­ді­лердің салт-дәстүрін, дара мәде­ниетін бүгінгі күн  тұрғысынан қайта жаңғыртуға негіз болады. 

Мақалада түркі әлемінің гене­зисі туралы жазылды. Осы­ған байланысты, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заман­ға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігін атап өтті Елба­сы. Аталған жоба аясында Түр­ко­­логтардың дүниежүзі­лік кон­гресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтары­ның мәдени күндерін ұйымдас­тыру қарастырылмақ. Соны­мен қатар түркі халықтарына ор­тақ туын­дыларының бірыңғай он­лайн кітапханасын ашу да көзделіп отыр. Мұның барлығы да жайдан-жай қолға алынып отырған шаралар емес. Тарихтың тереңіне үңілер болсақ, асқақ Алтай мен Анадолының ара­сын­дағы кең-байтақ аймақ – түбі бір түркі баласының қас­терлі қонысы, қасиетті мекені болғанын аңғарамыз. Қазақ­стан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұр­ты ретінде қабылдауға негіз­деу, тамыры терең ұлттық мә­де­ниеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақ­­стан туысқан халықтар ын­­тымақтастығының нығаюына негізгі ұйытқы болып келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген. Құрлықтар мен құндылықтар тоғысқан Ұлы дала елі – түркі әлемінің алтын бесігі, қастерлі қонысы. 

Түркі халқының мәңгі мақ­сат-мұраттарын көздейтін Күл­тегіннің «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Бұған жоғары білікті педагог кадрларды даярлайтын іргелі жоғары оқу орны, білім мен ғылымның қарашаңыра­ғы – Қазақ ұлттық қыз­дар педагогикалық университеті де өзіндік сүбелі үлесін қосуда. Білім ордасының бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастыры­лып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпо­зиумы –  түркі әлемінің әде­бие­ті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келеді. Түркі дүниесі әлі сыры ашылмаған асыл мұраға бай. Осыған орай туыстас елдер ғалымдары мен зерттеушілері түркі халқының бай рухани мұрасын, әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен тілін зерттеп-зерделеуге, бабалар дәстүрін жалғастыруға симпозиум аясында өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ Қыздар университетінің оқу бағдарламасына биылғы оқу жылынан бастап «Ұлы дала тарихы» атты таңдау пәні енгізілді. Мақсат – киіз туырлықты қазақ халқының аса бай рухани қазы­насын өскелең жас ұрпақ­тың сана­сына сіңіру, жастар­ды отан­шыл­дық сезімде тәрбиелеу, олар­дың тарихи санасын жаңғырту. 

Тарихты тану – тағылымды іс. Тарихты тану – ұлттың рухын көтереді, мерейін тасытады. Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар. Оны ұлықтау ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ.

Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор

АЛМАТЫ