Ғалымдар арасында тарихи сана түсінігін шартты түрде үш деңгейде қарастыру кеңінен таралған: мифологиялық, идеологиялық және ғылыми-философиялық. Уақыт мифологиялық санада туындайды және көрініс табады. Ұлы даланың мифологиялық материалдары бұл мақсатты толық қамтитындығы белгілі. Идеология тарихи сананың мағыналық өзегі саналады. Бұл қоғам тұтастығының уақыт өлшеміндегі өткенін, бүгінгісі мен келешегін қамтамасыз етеді. Ал ғылыми-философиялық деңгей болса, тарихи сананың ұтымды дәйектемелерін құрып, тарихи тәжірибені жинақтайды.
Мемлекет басшысы атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия, «Аң стилі» өнері, Алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны құбылыстарына жаңа қырынан қарады. Бұл түсініктердің өзара байланыстарының ерекшелігіне тоқталып, ортақ тарихи үдеріс ретінде баға берді. Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарап, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау қажеттілігі туындап отырғаны баяндалады. Қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғырту үшін бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі белгілі болды.
«Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған ғалымдар отандық және шетелдік ірі архивтерде өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беру керектігі айтылды. Бұл жұмыстардың барлығы «академиялық туризмге» айналмау қажеттілігіне ерекше мән берілді.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасау, «Ұлы дала тұлғалары» ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру секілді бастамалар көтерілді. Бұл жобалардың нәтижелері отандастарымыздың ғана емес, ұлы есімдерді шетелдіктердің білуіне септігін тигізеді.
«Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы да ауқымды жұмыстарды жүзеге асырады. Олардың қатарында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру бар. Википедия үлгісінде онлайн кітапхана ашу да қолға алынатын болды.
«Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру тарихи үдерістердегі халқымыздың даму көрсеткішін танытады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын қалпына келтіретін шаралар еліміздегі туризмнің дамуына серпін береді.
«Дала фольклорының антологиясын» жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару жұмыстарының цифрлы форматта жүзеге асуы қолжетімділікті арттыратындығы анық. Бұл жұмыстарды Интернет кеңістігінде таратсақ, өз тарихымызды кеңінен танытуға көп көмегін береді.
Әлемдік кинематография өнерінде әдеби шығармалар арқылы көркем фильмдер, ғылыми дәйектемелер мен тарихи құжаттарды пайдаланып деректі фильмдер түсіру тәжірибесі мол екендігі мәлім. Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу әлемдік деңгейдегі отандық тәжірибе болады.
Біздің ойымызша, мақаланың басты мақсаты – жаңа құндылықтар жүйесіндегі тарихи және дүниетанымдық түп-тамырды жалғастыру. Ұлттық тарихымыздың жаңа құндылықтары ХХІ ғасырдағы жаһандық шынайылыққа сәйкес келуі керек. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз жеткен жетістіктерді бағалай отырып, қазіргі саяси және экономикалық тарихымызды жасауымыз керек. Бұл өз кезегінде Ұлы дала өркениетінің табыстары мен сол кезеңдердегі технологиялық жаңалықтардың еліміздің үшінші жаңғыру жолындағы міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізері анық.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор
ҚЫЗЫЛОРДА