Ауданда авто жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары бойынша ағымдағы, орташа жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына барлығы 2018 жылға 52 млн 795,0 мың теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде: күтіп ұстау жұмыстарына участок №1-ге 31 млн 700 мың теңге, ал участок №2-ге 5 млн 400 мың теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Жетібай ауылішілік жолына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 15 млн 695 мың теңге жұмсалды. Жетібай ауылындағы жаңа шағын аудандарының ауылішілік автокөлік жолдарының құрылысына 150,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар «Құрық-Құрық порты» автомобиль жолын реконструкциялау» құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны 8 млрд 570 млн 530 мың теңге. Қазіргі таңда аталған жолдың 22 шақырым жолына асфальт төселді және темір жол өтпесі салынды.
Сондай-ақ «Ата жолы» автомобиль жолын реконструкциялау» құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2018 жылға 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Жалпы құны 5 млрд 18 млн теңге. Тапсырыс беруші Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы, бас мердігер мекеме «Ақжолқұрылыс» ЖШС-і. Қазіргі таңда аталған жолдың 21% жолы аяқталды. Нысанның аяқталу мерзімі 2019 жылдың қараша айы.
- «Құрық-Жетібай» автожолын жаңарту жұмысы күн тәртібінде тұр. Ұзындығы 64 шақырым болатын жолды қайта жөндеуге 11 млрд теңге қажет. Жобалық сметалық құжаттамасы жасақталды. Үкімет мақұлдап, республика тарапынан қаржыландыру шешілсе, биыл жол құрылысын бастап кетеміз деді аудан әкімі Қ.Беков.
Сондай-ақ, биыл Құрық ауылындағы әбден тозығы жеткен 7 шақырым жол жөнделетін болды. Ал, Аппақ, Мұнайшы, Бостан ауылдарындағы жолдарды жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлінді. Аталған жұмыстар алдағы жазда аяқталады. Аудан әкімінің айтуынша, бұл ауылдар ішіндегі барлық жолды жөндеу мүмкін емес, ол мол қаражатты талап етеді. Сондықтан қатты тозған, жүруге жарамсыз бөліктер алдымен жаңартылмақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы